Дәрі-дәрмекке сұраныс көлемі артты
Күн өткен сайын елімізде эпидемиялық жағдай күрделеніп, қауіпті індетті жұқтыру жағдайы артып келеді. Әлеуметтік желіде халықтың басым көпшілігі дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алып жатқандығын жарыса жазып жатқаны белгілі. Вирусқа қарсы пайдаланатын дәрі-дәрмек қоры жетіспеушілігінен көпшілік арасында аурушаңдық деңгейі жоғарылауда. Сонымен бірге тұрғындар тұмау инфекциясы күрт өсуіне қарамастан сақтық шарасына немқұрайлық танытуда. Аудан тұрғындарының «дәрі-дәрмектің бағасына бақылау жасалып жатыр ма? Дәрі-дәрмектің тапшылығы реттеле ме?» деген сауалдарына жауап іздеу мақсатында кенттегі дәріханалардың қазіргі жай-күйіне сараптама жүргізген болатынбыз.
Кент орталығында орналасқан «Жанар и К» дәріханасында соңғы бір аптада тұмау, пневмония аруларына қарсы дәрі-дәрмекке сұраныс артқан. Аталған дәріханада баға тұрақтылығын барынша қадағалай отырып, тұрғындар сұранасына қарай жұмыс жасау жоспарланған. Десек те, біз барған мезетте тұмауға қарсы антибиотик және вирусқа қарсы дәрілердің тізбегін сұраған онға жуық адамның кері қайтуына тура келді. Қажеттілікке қарай тұтынатын аспирин дәрісі бір апта бұрын дәріханаға түскен бойда сатылып кеткен. Сонымен бірге екі-үш күнде жеткізіліп тұратын дәрі-дәрмек тізбегі заматында өтіп кетуде.
Қазіргі таңда «Жанар и К» дәріханасында цефтриаксонның бір ампуласы 150 теңгеден, көпшіліктің сұранысына ие дексаметазонның бір қорабы 2125 теңгеден, натрий хлорид 0.9% 200 грамм 180 теңге, 100 грамм 150 теңгеден, эуфуллин 400 теңгеден, глюкоза 200 грамм 180 теңгеден, 400 грамм 200 теңгеден, метрид 100,0 грамм 290 теңге, анальгин 420 теңгеден, демидрол 300,0 теңгеден сатылуда. Бүгінде аталған дәріханада цефтриаксон секілді бірнеше дәрінің қоры жеткіліксіз. Оған себеп жергілікті халық дәрінің бірнеше түрін шамадан тыс мөлшерде алуына байланысты. Тұмауға қарсы және дене қызуын түсіретін шөп дәрілер мен антибиотиктердің жетіспеуі келісімшартқа отырған арнайы фирманың қызметіне тікелей қатысты.
Ал тәулік бойы жұмыс істейтін «Ansar» дәріханасында аудан тұрғындары компьютерлік бағдарламамен бекітілген бағада дәрі-дәрмекті сатып алады. Облыс көлемінде он беске жуық дәріхана қызметін үйлестіретін орталық қызметкерлері өздігінен дәрі бағасын көтере алмайды. Себебі белгіленген бағадан тыс жоғарғы көрсеткіш байқалған тұста қызыл түске боялып, дереу бақылауға алынады. Бүгінде дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі «Ansar» дәріханасында да байқалады. Осыдан бірнеше күн бұрын 500-ге жуық адам дәріхана қызметін тұтынса, бұл көрсеткіш күніне 1500 адамға жеткен. Олардың 70 пайызы тұмау, пневмония, коронавирус инфекциясына байланысты дәрі-дәрмек сатып алуға ниетті.
Негізінен аскорбиновая кислота ампула, цефтриаксон ампула, азитромицин 500 мг түйір дәрі, дексаметазон ампула, аспирин, парацетамол, дисоль, ацесоль левофлоксацин-система, цеф ІІІ ампула, ротацеф ампула, эуфулин ампула, преднизолон ампула, АЦЦ 600 мг арбидол, гроприсон, анаферон секілді дәрілер «Ansar» дәріханасында сұранысқа ие. Сонымен бірге метрогил, амбро, макрофен, беродуал, зитмак, витамин В12, цефазолин, тамифлю секілді дәрі-дәрмектерді қазіргі таңда вирустың алдын алу үшін халық көптеп сұрауда. Дәріхана меңгерушісі Ардақ Тәжібаевтың айтуынша дәрі-дәрмек жетіспеушілігі шындығында халық сұранысының күрт көбеюінен көпшілік іздеген дәрісін таба алмауда. Бұған себеп, жоғарыда көрсетілген кейбір дәрілердің бастапқыдағы мөлшерде тасымалданбауында болып отыр. Кейбір тұрғындар әрбір дәрі-дәрмекті көп мөлшерде бірнеше данасын сатып алуды әдетке айналдырған. Мұндай шамадан тыс дәрі-дәрмекті алу келесі бір адамға қолайсыздық тудыруда.
Өз кезегінде «Жусан» дәріханасында да вирусқа қарсы дәрі-дәрмек сұраушылар қатары жетерлік. Бірнеше күн бойы дәрі-дәрмек қоры жаңартылып, бағаны ұстап тұруға жұмыс жасалуда. Дегенмен кейбір дәрі нарық бағасынан жоғары бағада сатылуда. Дәрінің бағасы «Агри-Б» ЖШС арқылы бекітіліп келеді. Аз ғана уақыт ішінде тұмауға қарсы қажетті дәрі-дәрмекті мүмкіндігінше дәріханашы Мерует Сисенова тауып беруге барын салуда.
Айта кету керек, көше бойынан жолықтырған екі адамның біреуі цефтриаксон, цеф ІІІ, дексаметазон ампуласы, аспирин, парацетамол секілді дәрілерді іздеп жүргенін байқайсыз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге көмек қолын созып, жақынымызға жанашыр болайық, ағайын!
Балтабай ОРДАБЕКОВ