Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Той тойлайтын уақыт емес

Той тойлайтын уақыт емес

Жаһанды шарпыған індет көбімізді сабамызға түсірді. Дегенмен өршіп тұрған кеселді елемей, той-томалақ жасап жатқанды көргенде іш жиясың. Біз ешкімнің қуанышын қызғанып отырғанымыз жоқ. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегендей өмір болса, той бір жасалар. Бастың амандығы керек.

Елдің, халықтың амандығын ойлаған азаматтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап той тойлау­ды тоқтата тұру керек екенін айтуда. ҚР Президенті жақында республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Қазір тойың тойға ұлассын деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес» екенін кесіп айтты.

Иә қазіргі кезең елдің есін алған қиындау уақыт боп тұр. «Бір жаман­шылықтың бір жақсылығы болады» деуші еді ғой мұндайда дана хал­қымыз. Індет біржолата кетіп, алда жақсы күндер туатынына сенімдіміз. Сондай кезде қуанышымызды тойла­сақ, ешкім қолымыздан қақпайды. Біздің кезімізде яғни өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың аяғы, сексе­нінші жылдардың бас кезінде тойлар, әсіресе, жастардың үйлену тойы мал семірген, көкөніс толық піскен күз айларында өтуші еді. Ол кезде бүгінгідей бар адам шашылып, жоқ адам несие алып мейрамханаларда той жасамайтын. Қандай қуанышы болсын өз шаңырағында өтетін.

Жасыратын несі бар аты жаман індетке дейін Қызылорда, Жалағаш, Тереңөзектің мейрамханалары жыл бойы жерлестеріміздің той тойлауынан босамайтын еді. Той иелері ай бұрын кезекке жазылатын. Той Тереңөзекте өтсе жарасы жеңіл, үйден шығып бара қоясын. Ал Қызылорда мен Жалағашқа шақырса, көлік іздейсің, түнде қайтуы тағы бар, ойын-сауық емес, жұмысқа бар­ған­дай қарадай шаршап келесің.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей қазіргідей карантин кезінде етек жеңімізді жинап, той тойлауды тоқтата тұрғанымыз абзал. Оның орнына сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Осылай етсек қана отбасымызды, жақын-жуықтарымызды сақтай аламыз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

14 шілде 2020 ж. 393 0