Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметтік көліктер мобильді топқа берілді

Қызметтік көліктер мобильді топқа берілді

Пандемияны ауыздықтау үшін бүкіл әлем хәл-қадірінше онымен күресіп жатыр. Алдыңғы шептегі ақ халатты абзал жандардың ерлігі ауыз толтырып айтарлықтай. Күн-түн демей науқастың жанынан табылып, дертіне дауа іздеген дәрігерлер барын салуда.

Ауданда жұқпалы індетпен күресуде денсаулық сақшылары аянып қалып жатқан жоқ. Олардың бүгінгі таңда білек сыбана жұмыла кіріскен еңбегі дертті қайткен күнде ауыздақтауға бағытталуда. Мұны көпшілік біліп те, көріп те жүр. Жергілікті атқарушы билік ақ халатты абзал жандарға бар қиындықты артып қоймай, олардың жұмысын үйлестіруге көмектесуде.

– Аудан бойынша тұмау белгісі байқалған науқастарды учаскелік дәрігерлер күнделікті өз бақылауына алып, дәрігерлік нұсқаулық тағайындауда. Жағдайы орташа науқастар үй жағдайында бақыланса, денсаулығы күрт нашарлағандар ауруханаға жатқызылып, тиісті ем-шара жүргізілуде, – дейді аудандық аурахана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева.

Сонымен қатар білікті дәрігерлерден құралған арнайы мобильді топ жасақталды. Кент бойынша үш мобильді топ, әр топ құрамында дәрігер мен медбикесі бар күнделікті таңертеңгі 8.30-дан бастап кешкі 18.00-ге дейін тұрғындардың шақыртулары бойынша жұмыс істейді. Сонан соң түн мезгілінде жедел-жәрдем қызметі жұмысты жалғастырып, қызмет тәулік бойына жалғасуда. Мобильді топ шақыртуларға қарамастан, күнделікті көше аралап, әрбір тұрғынның жағдайын бақылауға алуда. Түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстарды үйлестіруге аудан әкімдігі тарапынан қызметтік автокөліктер берілді. Сондай-ақ ауруханаға оттегілік балондарын жеткізіп беруге, яғни үнемі оттегімен қамтасыз етуге атқарушы билік арнайы газель автокөлігін бөлгенін де айта кеткен жөн.

– Жалпы аудандағы ахуалды тұрақтандыруға аудан әкімдігімен бірлесіп бар күш-жігерімізді салудамыз. Адамдардың сақтық шараларын ұстанып, күшейтуінің арқасында індетті ауыздақтауға болады. Ауруханада қосымша төсек орын саны арттырылып, науқастарды қабылдауға мүмкіндік жасалды. Дәрігер ретінде айтарым, адамдар сыртқа шықпай, үйді болғаны абзал. Адамдар көп шоғырланатын жерге бармау керек. Санитарлық талаптарды сақтау өзің үшін, жақындарыңыздың денсаулығы үшін қажет екенін естен шығармаған дұрыс, – дейді дәрігер Ж.Әшімқызы.


Бибісара ЖАНӘЛІ

14 шілде 2020 ж. 428 0