Шынтас Тенелов, дәрігер: «Соңғы науқас сауыққанда үйге қайтамын»
Дәрігер Шынтас Теленовпен жұмыс барысында таныстық. Жас маман екен. Бірақ тәжірибесінің көптігі сөз саптауынан анық аңғарылады. Бізге науқастардың жай-күйі, ем-дом шараларының жүргізілуі, індетпен күрестің басым бағыттары мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Айтуынша, коронавирустық инфекция басталғалы ауруханадан үйіне қайтпапты. Жұмысына адал маман «соңғы науқас сауыққаннан кейін үйге қайтамын» дейді.
Шынтас Тенелов Ақжарма ауылының тумасы. Жоғары білімді маман дәрігер болуды бала күнінен армандапты. Адамның дертіне дауа, еміне шипа тапсам деген бала күнгі мақсат-мұраты оның ақ халатты абзал жан болуына негіз болған. Бүгінде алған білімі мен жинаған тәжірибесін аудандық аурухананың көмегіне жүгінген науқастардың тезірек сауығып кетуіне арнауда.
Дәрігер корновирустық инфекцияға шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынаста болып, карантинге жатқызылған пациенттерді емдеуде. Бұл аса қауіпті жұмыс әрі зор жауапкершілікті қажет етеді. Ол дем жетпей өмір мен өлімнің арасындағы науқастардың жанының қиналғанын терең сезінеді. Оттегілік балондарды қосып, хаттамаға сәйкес қатаң ем-дом жүргізудің де өзіндік қиындығы бар. Ыстық күні медициналық қорғаныш киіммен сағаттап жүру де оңай емес. Мұндай қызметке антына адал жандар ғана төзеді.
– Біз үшін әр адамның амандығы аса маңызды. Қазір өте сынақты кезеңде тұрмыз. Әр сәт қымбат. Науқастардың тезірек сауығуы үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Сауыққан науқастардың саны артып келеді. Өзім соңғы науқас сауыққаннан кейін үйге қайтамын деп шешім қабылдадым, – дейді дәрігер.
Жас маманның ем-домынан шипа дарып, сауыққан азаматтар көп. Олардың бәрі дәрігерге ризашылығын білдіреді. Сондай азаматтардың бірі кенттің тұрғыны Б.Сайымов. Ол бүгінде өз емін үйінде жалғастыруда.
– Ауруханаға дертім асқынып, қиналып түстім. Дәрігер Шынтас Тенелов бастаған мамандар жылы қабылдап, ем шараларын жүргізді. Бір-екі күнде бетім бері қарады. Шынымды айтсам, санама жаман ойлар да келді. Бірақ ісімен де, сөзімен де үлгі көрсеткен ақ халатты абзал жандардың көмегімен дертті жеңіп шықтым. Тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырамын, – дейді қауіпті індетті сабырмен, төзіммен еңсерген азамат.
Бүгінде ауданымызда ғана емес елімізде тымау асқынып тұр. Үй жағдайында ем алып жатқандардың да саны көп. Ауруханалар науқастарға толы. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласының қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Дәрігерлер, мейірбикелер, эпидемиолог мамандар мен санитар-тазалықшылар отбасы, бала-шағасынан уақытша жырақта жүріп, күндіз-түні дамыл таппай, яғни уақытпен санаспай еңбек етуде.
– Алғашқы науқас тіркелгеннен күннен бері үйге барған жоқпын. Себебі біз өзіміз үшін ғана емес науқастар мен отбасымыз үшін де жауаптымыз. Үйді сағынғанымыз рас. Бірақ шыдауға тура келеді. Уақытша індетті жеңіп шығатынымызға сенемін, – дейді дәрігер Шынтас Тенелов.
Иә, тек білімді, адал маман ғана сынаққа төзіп, жауапкершілікті сезінеді. Шынтас секілді антына адал мамандар ауданда көп. Бүгінгі батыры деген атқа олардың барлығы лайықты. Қорыта айтар болсақ, ақ халатты абзал жандардың адал еңбегіне тұрғындар алғысы шексіз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ