Дәрігер де, дәрі де жеткілікті
Бүгінде аудан тұрғындарының арасында тұмау өршіп тұр. Бұл дерттің жұқпалы екені көпшілікке белгілі. Сондықтан Алла Тағала «Сақтансаң, сақтармын» дегендей, жылы жүріп, сақтық шараларына мән берген жөн.
Тұмаудың өршуі құбылмалы ауа-райынан да болуы мүмкін. Тұрғындар ыстық күндері мұздатқышта тұрған салқын сусындарды тұтынуда. Бұл өз кезегінде тұмауды асқындырып жіберуде.
– Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмаумен ауырған адамның микробы жөтелгенде, түшкіргенде ауаға тарайды. Сондай-ақ тұмау вирусы ауру адамның жеке тұтынатын заттарынан да жұғады. Сондықтан сақтық шараларын жасап, ауру білінгенде дәрігерге көрінудің маңызы зор, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева.
Жанар Әшімқызынан бүгінгі таңда аудандық ауруханада тұмауға қарсы және оны емдеуге байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардан да хабардар болдық.
– Ауруханада тұмауды емдейтін 20 орындық провизорлық стационар жұмыс істейді. Мұнда түскен науқастардан шұғыл түрде «Covid – 19» инфекциясына талдама алынады. Қазіргі таңда тұмаудың өршіп тұрғаны рас. Бірақ абыржушылыққа жол беруге болмайды. Аурухананың қабылдау бөлімінде арнайы дәрігер отыр. Ол «Жедел-жәрдем» мамандары алып келген науқастарды қарап, ем белгілейді. Науқастың ауыр-жеңілдігіне қарай ауруханаға жатқызатынын жатқызады, ауыр болмаса, үйде ем алуға кеңес береді. Бүгінгі таңда ауруханада дәрігер де, дәрі де жеткілікті, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Қызылорда облысы бойынша Сырдария аудандық жедел-жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Сәдірқожаев та тұмауға байланысты мәлімет берді. Оның айтуынша, күніне тұмауға байланысты 15-20 шақыртулар болады екен. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жедел-жәрдем шақырту екі есеге өсіп кеткенін көрсетеді.
Жасыратыны жоқ, тұмау көп тарайтын жұқпалы ауру түріне жатады. Жылдар бойы ол эпидепия көзі болып, 5-10 процент ересектер мен 20-30 процент балаларды зақымдауда.
«Тұман түбі – жұт, тұмау түбі – құрт» дейді халық даналығы. Тұмау көптеген ауру түрлерін қоздырушысы болып табылады. Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша өлімнің ең көбі тұмаудан болады екен.
Қазіргі заманның адамдарына да оңай емес. Коронавирус деген індеттен арыла алмай отырғанда тұмау келіп жағадан алды. Оларды жеңіп шығу үшін бірінші – сабыр керек. Екінші – сақтық шараларын мұқият ұстаған жөн. Үшінші – иммунитетті көтеру үшін күнделікті құнарлы тағамдарды тұтынған абзал. Спортпен шұғылданып, түрлі жаттығу жасаудың да маңызы зор.
Сайып келгенде, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» тиімді болмақ.