«Абзал и К» – халықпен бірге
Қайырымды істердің басы-қасынан табылып, әлеуметтік қолдаудың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан «Абзал и К» толық серіктестігі төтенше жағдай кезеңінде халықпен бірге екенін дәлелдеді. Тұрғындар дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналып, дертіне дауа іздеген тұста іргелі ұжым Н.Ілиясов ауылындағы ауылдық емханаға қажетті дәрі-дәрмектер алып берді.
Қайырымдылық көмектің нәтижесінде ауылдық емхана қоры қажетті дәрі-дәрмекпен толықты. Дәрігерлердің айтуынша, аталған көмек «Абзал и К» толық серіктестігінің қолдауымен дер кезінде көрсетілді және дәрілер науқас жандардың тезірек сауығып кетуі үшін қолданылатын болады.
– Қалыптасқан күрделі жағдайда халық дәрі-дәрмекті көп тұтынатыны белгілі. Осыған орай дәрі-дәрмекке қажеттілік көбейді. Осы ретте іргелі ұжым сұранысымызға сәйкес ауыл халқы үшін 20 түрлі дәрі-дәрмек алып берді. Дәрілерді санитарлық талаптарға сәйкес қабылдап алдық. Ендігі кезекте дәрі-дәрмектер ауылдық емхана көмегіне жүгінген науқастарға қолданылады. Маман ретінде тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ауыл халқын жиын, той, құдайы ас, туған күн секілді көпшілік қауым жиналатын іс-шараларды өткізбеуге, уақытын кейінге шегеруге шақырамыз. Себебі оқшаулану – қауіпті ауруды жеңудің төте жолы, – дейді ауылдық емхананың жетекші дәрігері Айнұр Рамазанова.
«Абзал и К» толық серіктестігі бұған дейін де облыс орталығында және Н.Ілиясов ауылында халыққа тегін бетперде таратты. Сонымен бірге республикалық «Biz birgemiz» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік үлестірген болатын. Бұл халықтың осал топтарына үлкен көмек болды. Ауыл ардагерлері мен тұрғындар серіктестіктің аталған қолдауына шынайы ризашылықтарын білдіруде.
Осы ретте «Абзал и К» толық серіктестігінің өкілдері ауданға қарасты Н.Ілиясов елді мекеніне алдағы уақытта да әлеуметтік қолдаулар көрсететінін мәлімдеуде. Оның ішінде ауылдық емхананы қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық құралдармен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ