Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?

Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?

Дүниежүзі бойынша денсаулық сақтау саласында күн санап елеулі өзгеріс орын алуда. Медицинаның сан алуан мүмкіншілігі адамзат баласының бірінші байлығын сақтап қалуға бағытталады. Бүгінде дертіне шипа іздеген қарапайым халықтың қарасы мол. Олардың ішінде кеңінен таралған созылмалы дерттің көбеюі медицина мамандарының жұмысын күрделендіре түседі.
Жалпы ауданда «Д» есепте тұратын 9 мыңнан аса тұрғын жыл сайын медицина мамандарының жіті бақылауында. Олардың ішінде тұрақты түрде тегін дәрідәрмек алатын азаматтар бар.
Негізінен, тегін немесе жеңілдетілген дәрідәрмек мамандандырылған және учаскелік дәрігердің диагноздық анықтамасынан кейін есепте тұрған және мүгедектігі жөнінде арнайы сараптамалық қорытындысы бар науқасқа беріледі. Республика бойынша халыққа тегін дәрі-дәрмекті үйлестіру ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығы аясында жүзеге асады. Сонымен бірге сирек кездесетін диагнозбен ауыратын науқасқа тағайындалады. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің нақты бұйрығының шеңберінде дәрігерлер жұмыс жасайды. Ал биылдан бастап қолданысқа енген МӘМС жүйесі арқылы тегін дәрідәрмек алу мүмкіндігі жоғарылайды.
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік бөлімшесінің меңгерушісі Ж.Жұмабаева жыл басынан бері жоспарлы түрде есепте тұратын науқастарға жүйелі түрде тегін дәрідәрмек беріліп жатқандығын айтты. Жалпы «Д» есепке жатқызалытын 24 диагноздың 15-і бойынша тегін дәрідәрмек алуға мүмкіндік зор. Айта кету керек, 5 мыңнан аса науқас жыл көлемінде арнайы дәрігер анықтаған 15 диагноз бойынша дәрі алады. Тегін дәрі-дәрмек алатын адамның басым бөлігі артериялық қан қысымы жоғары диагнозы бойынша есепте тұрады. Олар осы жылғы көрсеткіш бойынша 3094 адамды құрады.
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының фармацевті А.Кәрібаева қазіргі таңда дәріхана қоры ай сайын жаңартылып отыратындығын жекізді. Қоймада үш айға жететін дәрі қоры жасақталады екен. Әрбір науқасқа электронды «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі» арқылы тегін дәрі-дәрмек босатылады. Кейбір жағдайда науқасқа берілген дәрінің кері әсері байқалса, учаскелік дәрігер тізім бойынша көрсетілген дәріні ауыстыруға құқылы.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп халық даналығында айтылған. Күн сайын дертіне дауа іздеген адам үшін тегін дәрі-дәрмек алу үлкен көмек. Мысалы, дәрігердің нұсқаулығымен жоспарлы түрде күрделі диагнозбен ауыратын кей адамға нарықтағы бағасы едәуір қымбат дәрілер аудандық ауруханада тегін беріледі. Нақтырақ айтқанда, 3 түрлі дәрі 1 миллион теңге тұратынына қарамастан уақытылы науқасқа тағайындалып отыр. Созылмалы дерттің алдын-алу мақсатында МӘМС жүйесі бойынша қосымша дәрі-дәрмек қоры жасақталып, тұрғындардың арушаңдық деңгейін азайту көзделген.
Қай кезде балалар мен ересек адамның өмір сүру ұзақтығын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан нақты бағдарлама қабылданғаны тиімді. Ай сайын немесе тоқсанына жеткілікті түрде тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу қарапайым халықтың қалтасын қақпайтыны рас. Мұндай бастаманың игілігін жұртшылық сезінгенде ұлт саулығы едәуір жақсарады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 наурыз 2020 ж. 706 0