Кент тазалығы – аудан көркі
Жаңа жұмыс аптасы кент тұрғындары үшін әдеттегідей қауырт басталады. Таң ертемен көше бойынан жұмысқа асыққан адамдар мен жүйткіген көлік жиі ұшырасады. Қарбаласқа толы күннен күтері көп тұрғындармен бірге көше аралауға мен де шыққан болатынмын. Мұндағы мақсат – жаз айларында көше тазалығын көзімізбен көру еді. Темір жол бекетінен басталған бағытымыз орталық көшелердің аумағын қамтыды.
Қай кезде де орынсыз қоқыс төгіп, айналасын ластауға бейім келетін тұрғындардың әрекетінен жауапсыздық байқалады. А.Әлиакбаров көшесінің бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің маңайында қоқыс төгілген бірнеше жерді аңғарасыз. Кейбір көп қабатты тұрғын үйдің ауласында қыс бойы жиналған күлдің қалдығы әлі күнге шығарылмаған. Негізінен қоқыс төгетін темір жәшік қойылып, арнайы орын белгіленгенімен қоқыстың шектен тыс көптігі көрініп тұр. А.Иманов, Ж.Жабаев, Қазақ көшесі, Н.Ілиясов көшесінің тұрғындары қоқыс төгуге бейім. Жекелеген көшелерде құрылыс заттары мен қалдықтары жол жиегінде жиналып тұр.
Көктем айларында көше бойындағы тазалықты сақтау барысын бақылау мақсатында рейд жұмысы жүргізілген болатын. Әлемдік пандемияға байланысты рейд жұмыстары тоқтатылғанымен, сала мамандары көше тазалығын назарда ұстады. Төтенше жағдай мерзімінде эколог мамандар ауа сапасы тазарып, үлкен қалаларда біршама өндіріс қалдықтары азайғандығын алға тартады. Дегенмен түн мезгілінде жиі серуен құратын кент тұрғындары Ғ.Мұратбаев, А.Құнанбаев, Д.Қонаев, 1 мамыр, Жеңістің 50 жылдығы, Қ.Қазантаев, И.Тоқтыбаев, М.Мәметова, Д.Керейтбаев көшелерінде қоқыс мен полиэтилен қалдықтарын, бос құтыларды лақтыруды әдетке айналдырғанын көзіміз көріп жүр. Бұдан бөлек жергілікті тұрғындар үйінен шыққан қоқыс қалдықтарын беймезгіл уақытта жасырынып, көшелерге лақтыруды тоқтатар емес. Тосын ауа-райының салдарынан дауыл тұрып, қоқыс қалдықтары көкте қалықтап ұшатыны белгілі. Осындай жағымсыз факторлармен күресіп келе жатқан тазалық сақшылары орталық көшелердегі қоқысты апта сайын теріп, арнайы орынға апарып тастайды. Олардың қоршаған ортаны таза ұстау керектігі туралы ескертпесін көпшілік ескере бермейді. Мұндай жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту керек.
Айта кету керек, барлық көшенің бойында жантақ шөбінің көптігі тұрғындар арасындағы салғырттықты байқатады. Жантақпен қатар, арам шөп те баршылық. Сонымен бірге аяқ су жүретін қарықтардың, кенттің күретамары саналатын «Майжарма» арнасының бойына қоқыс тастау жиі кездеседі. Бұл ретте тіршілік нәрін ластау арқылы денсаулыққа зиян келтіретінімізді ұмытпайық.
Дәл қазіргі уақытта санитарлық талапты қатаң сақтау барысын назарда ұстап, қоқыстан арылу күн тәртібінен түспейді. Көзге көрінбейтін вирустың қоздырушы факторы мен тасымалдаушысы саналатын қоқыстан айналамызды тазарту міндет. Сондықтан әрбір адам санитарлық тазалыққа ерекше мән беріп, жауапкершілікпен қарағаны жөн. Түптеп келгенде, кенттің тазалығы – жергілікті тұрғындардың өмір сүру мәдениетінің көрінісі.
Балтабай ҚАРАМАНТЕГІ