"Жас Отанның" жаңа жетекшісі
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға Астана қаласынан арнайы келген «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Данияр Сүндетбаев, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев пен облыстық жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Конференция барысында атқарылған ауқымды жұмыстар сараланды. Жастарды қолдау бағытында жасалған бастамалар талқыланып, жасотандықтардың жаңа басшысы сайланды. Бұған дейін қалалық филиалға жетекшілік еткен Талғат Тілесті көпшілік қолдап, облыстық филиалды тізгіндеуді сеніп тапсырды. Данияр Сүндетбаев та өз кезегінде оған үлкен үміт артылып отырғанын жеткізіп, жаңа қызметте сәттілік тіледі.
– «Жас Отан» – жалынды жастар ордасы. Ол жастардың мүддесін қорғап, әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстайды. Бізде жылдан-жылға күрделі өзгерістер орын алуда. Бүгінде құрылым қалыптасқан басқару жүйесінен бас тартып, жастар ұйымына сай еркін негізге көшірілді. Шығармашылықты шыңдап, ой тынықтырып, жаңа жобалардың жай-күйін талқылайтын алаңға айналдық. Бұдан былай «Жас Отан» мүшесі атанғысы келген әрбір жас еліміздің кез келген жерінде отырып, онлайн тіркелуге мүмкіндік алды. Өңірлік жерлердегі жұмыс көңіл қуантарлық. Осы кезеңге дейін облыстық филиалды басқарған Абылайхан Сабанбаевтың да жастар саясатын дамытудағы, аймақта «Жас Отан» құрылымының жүйелі жолын қалыптастырудағы еңбегі зор. Алдағы уақытта да осы қалпынан таймай, жаңа қызметте жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдіреміз, – деді Д.Сүндетбаев.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев та жастық шақ адамның өзін қайрап, жан-жақты дамытатын уақыты екенін алға тартып, қатысушыларды жарқын идеялардан рух алып, толағай істерге ұмтылуға шақырды. Жасотандықтар да бұл мақсатты жүзеге асыруда аянып қалмайтындықтарын жеткізді.
Айта кету керек, биыл Елбасы бастамасымен «Нұр Отан» партиясында үлкен модернизация жүріп жатыр. «Жас Отан» ЖҚ да қалыс қалмады. Жуырда құрылым ішінде Орталық кеңес мүшелерінің ашық сайлауы өткізілді. Оның мақсаты – өз пікірін еркін айта алатын жастар қоғамын құру болатын. Бұл тұрғыда «Жас Отан» сайланған кеңес мүшелері арқылы қоғаммен ашық байланыста болуға дайын екенін көрсетпек.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».