Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамыр айынан бастап қандай жәрдемақы өседі?

Мамыр айынан бастап қандай жәрдемақы өседі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамыр айынан бастап мүгедек жандарға көбейтілген жәрдемақы берілетінін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері күнкөріс минимумы мен республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, мүгедектің себебі мен тобына байланысты беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша 2020 жылы жәрдемақы мөлшері екі рет өскен.
«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляцияның болжамды 5 пайыздық деңгейін ескере отырып, жәрдемақылардың жыл сайынғы кезекті индексациясы жүргізілген болатын. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 наурызда берген тапсырмасын орындау мақсатында мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын 10 пайызға индекстеледі. Мамыр айынан бастап мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жоғарылатылған мөлшерде беріле бастайды», - деп хабарлайды министрліктен.
Мәселен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері жалпы аурудан, еңбек зақымынан, кәсіпке байланысты ауру топтары бойынша: І топқа 62 723 теңгеден, II топқа – 49 983 теңгеден, III топқа – 33 975 теңгеден беріледі. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар 45 736 теңге алады. 16-18 жас аралығындағы мүгедек балалардың І тобына жататындар 62 723 теңге, II тобына жататындар 51 943 теңге, III тобына жататындарға 39 202 теңге беріледі. Мүгедек баланы асырап отырған адамға 45 736 теңге, ал І топтағы мүгедекті күтіп-бағып отырған адамға да 45 736 теңгеден тапсырылады.
«Төтенше жағдай кезінде мүгедектерге тамақ пен тұрмыстық пакет немесе 2 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақы берілді. 132 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылплға «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 1, 2, 3 топтағы мүгедектердің карантин және төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтер бойынша төлем мөлшерін азайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу бөлігіндегі тапсырмасын орындау аясында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға, басқа санаттағы азаматтарға 15000 теңге көлемінде ақшалай өтемақы қарастырылған», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар елде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу механизмдері қайта қарастырылды. «Электронды үкімет» веб-порталындағы «Электронды қызмет» сервисі арқылы берілген электронды өтінім негізінде сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жұмысы регламенттелді. 1 сәуірден бастап №109 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту құқығы берілді.
«Төтенше жағдай аяқталғаннан кейінгі кезең үшін коронавирус инфекциясының алдын алу шарасы ретінде мүгедектік мерзімін қайта тексеруден өткен күннен бастап үш айға автоматты түрде ұзарту туралы бұйрық қабылданды. Бұл шаралар мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін карантиндік шараларды сақтау мақсатында жүргізілді. Мүгедектікті автоматты түрде ұзарту медициналық-әлеуметтік сараптамаға құжаттарды рәсімдеу кезінде азаматтардың вирус жұқтыру қаупін азайтады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар мүгедектерді оңалту бағдарламасын жүзеге асыру мерзімі де 3 айға шегерілді. Бұрыннан бар барлық оңалту шарасы мен көмекті техникалық құралмен қамтамасыз ету тетіктері де сақталады.
«Барлық жеңілдік пен әлеуметтік қолдау шаралары да үш айға ұзартылды. Жәрдемақы бұрын бекітілген топтар мен еңбек қабілеттігін жоғалту дәрежесі бойынша беріледі. Денсаулық күйінің өзгеруіне байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар бұрын бекітілген мүгедектік мерзімін қайта куәләндыра алады. Қазіргі таңда автоматты түрде 18,3 мың мүмкіндігі шектеулі адамның мүгедектік мерзімі 3 айға ұзартылған», - деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінен.
14 мамыр 2020 ж. 414 0