Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауқымды жобалар жүзеге асады

Ауқымды жобалар жүзеге асады

Елімізде жарияланған төтенше жағдай бірқатар салалардың қалыпты жұмысына кедергі келтіруде. Дегенмен осындай сындарлы сәтте ел эконо­микасының әлсіреуіне жол бермеу мақсатында нақты жұмыстар іс­теліп жатыр. Осы ретте ауданда әрбір сала мамандары табандылық танытып, ау­дан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуде қажырлы еңбек етуде.
Ерекше экономикалық жағдайда барлық жұмыс «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізіне бағытталмақ. Сол бойынша елді мекендерде түрлі жобалар жүзеге асырылады. Ал кент тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – тұрғын үй кварталындағы 18 пәтерлі №1 және №2 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Бұл жаңалықты аудан әкімі Руслан Рүстемов «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қуанышпен жеткізген болатын. Мұндай жағым­ды жаңа­лықты әлеуметтік желіден көргендер өздерінің жылы лебіз­дерін білдіруде. Көпшілік осындай қиын ке­зеңде ерекше қуанышты хабар екенін айтуда.
Расында, қазіргі таңда мұны көпшілік күтіп отыр. Өйткені кент бойынша тұрғын үй кезегінде 475 адам тұр. Аталған жоба жүзеге асырылып, көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген жағдайда 42 отбасы баспанамен қамтамасыз еті­леді. Бұл өз кезегінде тереңөзектіктер үшін ерекше қуаныш болары сөзсіз.
Бұдан бөлек елді мекендерде де бірқатар жобалар жүзеге асатын болады. Олар да республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қолдау тапқан. Атап айтқанда, Қалжан ахун ауылындағы мектептің су құбыры мен кәріз жү­йесінің ішкі және сыртқы желілерін жөндеу, Бесарық ауылындағы мектепті күрделі жөндеу және А.Тоқмағамбетов ауылындағы мектептің өжіре қабатын жаттығу залына арнап қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ау­дандық орталық аурухананың ішкі жылу және су құбыры жүйелері және сыртқы сумен жабдықтау желілері күрделі жөндеуден, сонымен қатар асханасы ағымдағы жөндеуден өтеді. Оған қоса Тереңөзек кенті және А.Тоқ­мағамбетов ауылдық клубына, №11 мамандандырылған балалар мен жас­өс­пірімдер мектебіне ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізіледі.
Биыл атқарылатын жобалардың ішін­де Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлер­ді сумен жаб­дықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жұ­мыстары да бар. Бұл жоба іске асқанда аудан бойынша ауыз су мәселесі толық шешілетін болады.
Айта кетейік, осыған дейін аудан халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жетікөлден басқа барлық елді мекенде тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесі жүйелі жүзеге асырылды.
Жол мәселесі де көпшілік көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Биылғы жылы Тереңөзек кентінде 5 көше, Шіркейлі ауы­лында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 5 көше және Шаған мен Айдарлы елді мекенінде бір-бір көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жо­лының 10-25 шақырымы да орташа жөндеуден өтеді. Сонымен бірге Шаған ауылында 2 көшені абаттандыру (ойын алаңын салу) жүзеге асады.
Жалпы, осы аталған жобалар жос­парға сәйкес іске асырылғанда аудан әлеуеті артатыны анық. Сайып келгенде, мұның барлығы ел-халықтың жағдайын жақсарту мақсатындағы айтулы жобалар. Тек осындай сындарлы сәтте ауызбірлік танытып, пандемияға қарсы тұрсақ, аталған жұмыстар рет-ретімен іске асатын болады.
Бүгін біз бірқатар жобаларға ғана тоқталдық. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды басылым бетінде ақпараттандыратын боламыз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
18 сәуір 2020 ж. 619 0