Аудан әкімі қуанышты хабармен бөлісті
Аудан әкімі Руслан Рүстемов тұрғын үй кезегінде тұрған сырдариялықтар үшін қуанышты хабармен бөлісіп, Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады.
"Елімізге жеткен қауіпті індет баршамыздан жауапкершілікті арттырып, қоғамның басты жемісі – адам өмірі мен денсаулығын сақтауда санитарлық талаптарды орындап, тәртіпке бағынуды қажет етеді. Төтенше жағдайға қарамастан бүгінде ауданның барлық коммуналдық қызметі үздіксіз жұмыс жасауда. Межеленген жұмыстарды рет-ретімен атқару барысында сала басшылары табандылық танытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуде еңбек етуде.
Жыл басында аудан тұрғындарымен өткен есепті кездесулерде көтерілген мәселелер жұмыс жоспарымызға енгізіліп, министрліктермен, облыстық басқармалармен жұмыстар жүргізілді. Осы ретте, ең алдымен Тереңөзек кентінің тұрғын кварталындағы 18 пәтерлі №1 және №2 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін қуанышпен жеткізгім келеді.
Аталған жоба жүзеге асырылып, көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген жағдайда, кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 475 отбасының 42-і баспаналы болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың баспана мәселесін шешуге, әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі шаралардың нәтижесі деп білеміз.
Әрине, өз үйіңе қол жеткізу – жаңа, жақсы өмірдің бастамасы. Олай болса, сындарлы сәтте сыр бермей, еселі еңбектің төрінде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын ағайын!"делінген жазбада.
Айта кету керек, бұл тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін жағымды жаңалық.