Ең бастысы – деннің саулығы
Өздеріңізге белгілі, елімізде орын алған төтенше жағдай күн сайын күрделене түсуде. Облыстағы ахуал да қиындап кетті. Өңірдегі жеті ауданның бесеуінде науқас адамдар тіркелді. Бұл ойланарлық жағдай.
Жасыратыны жоқ, ресми органдар тарапынан қатаң ескертулер жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан тұрғындар әлі де болса бейқамдық танытуда. Кеселден келетін қауіпті түсінгендер де аз. Бірі «ауру бізді айналып өтеді» деген жаңсақ пікірді ұстанса, енді бірі «тәуекел» деп талаптарды орындамайды. Сондай-ақ «Сақтансаң, сақтармын» деген сөзге мән бермейтіндер де бар.
Өкінішке қарай, коронавирус індеті Сырдария ауданында да тіркелді. Бұл аудан халқына енді қатаң сақтанатын кез келді деген сөз. Мен мамандармен бірге індет тіркелген елді мекенде болдым. Күшейтілген режимде дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Науқас адаммен байланыста болғандар анықталып жатыр. Барлығы біздің жіті бақылауымызда болады. Соңы жақсы болсын, науқас тезірек сауығып кетсін деп тілейміз.
Жергілікті атқарушы билік тұрғындар алдындағы өз міндеттерін орындауда. Оның ішінде дәрігерлер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері тәулік бойы тынбай жұмыс істеуде. Сондай-ақ жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі де барлық тетікті қарастырып, мұқтаж отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша жұмыс жасауда. Үкіметтен бөлінген әрбір тиын өз иесіне төленеді. Сондықтан қиын сәтте мекеме жағалағанша, үйде болып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер. Аштан өліп, көштен қалатындай жағдай жоқ. Ең бастысы – деннің саулығы.
Төтенше жағдайға қарамастан бүгінде ауданның барлық коммуналдық қызметі үздіксіз жұмыс жасауда. Межеленген жұмыстарды рет-ретімен атқару барысында сала басшылары табандылық танытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге еңбек етуде.
Жыл басында аудан тұрғындарымен өткен есепті кездесулерде көтерілген мәселелер жұмыс жоспарымызға енгізіліп, министрліктермен, облыстық басқармалармен жұмыстар жүргізілді. Осы ретте Тереңөзек кентінің тұрғын кварталындағы 18 пәтерлі №1 және №2 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін қуанышпен жеткізгім келеді. Аталған жоба жүзеге асырылып, көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген жағдайда, кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 475 отбасының 42-і баспаналы болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың баспана мәселесін шешуге, әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі шаралардың нәтижесі деп білеміз.
Әрине өз үйіңе қол жеткізу – жаңа, жақсы өмірдің бастамасы. Олай болса сындарлы сәтте сыр бермей, еселі еңбектің төрінде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын!
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі