Аймақтың әлеуеті айқын
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, биылғы жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Халық алдында бірінші рет есеп берген аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында айқындалған дамудың негізгі стратегиялық мақсаттарын аймақта іске асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылған. Соның негізінде өңірдің барлық саласында даму көрсеткіші айтарлықтай өсіп отыр. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысымен жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша облыс үздік 8 облыстың қатарына кірді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының қатысуымен 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин мәлімдеген болатын.
Облыс қазынасы әлеуметтік бағыттылықты сақтап, әлеуметтік міндеттерді шешуге бюджеттік қаражаттың 60%-ке жуығы жұмсалған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыстар бойынша республикада көш бастап тұр. Сондай-ақ инвестиция тартуда айтарлықтай өсім қалыптасқан.
– 2019 жылы облыс экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынды – бұл 2018 жылға қарағанда 17,4 процентке артық. Инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша Қызылорда облысы бүгін жоғары өсу қарқыны бар үздік 4 өңірдің қатарында. Бұл біз бен сіздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Өсім мемлекеттік бюджет қаражатының құйылуы есебінен емес, кәсіпорындардың өз қаражатының негізгі капиталына салымдардың өсуі есебінен қамтамасыз етілетіні қуантады, бүгінде барлық инвестицияның 80% солардың үлесінде, – деді аймақ басшысы.
Өткен жылы өңірге инвестиция тарту мақсатында Қызылордада «Қызылорда: тұрақты өсу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер» тақырыбында ХІ Халықаралық «BaikonyrInvest» инвестициялық форумы өткені мәлім. Оған алыс-жақын шетелдерден 11 мемлекеттің (Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланды Корольдігі, Корея, Канада, АҚШ, ҚХР, Ресей Федерациясы, БАӘ) өкілдері қатысып, жалпы сомасы 100 млрд теңге құрайтын 24 меморандумға және 1 келісімге қол қойылған.
Сыр диқандары өткен жылы да өнімді еңбек етіп, жыл сайынғы жетістікті қайталады. Соның нәтижесінде аймақта ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,3%-ға артқан. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,3%, бөлшек тауар айналымының көлемі 1,5% өскен. Осындай қарқынды жұмыс бүгінде жиырма шақты елге экспортталатын агроөнеркәсіптік кешен өнімдері тізбесінің 3-тен 19 түрге дейін артуына жол ашқан. Нәтижесінде 2019 жылы экспорт көлемі 7%-ке өскен, оның 90% қайта өңделген өнім.
– Тауарлардың әлеуметтік маңызы бар түрлеріне бағаны тұрақты ұстап тұруға тұрақтандыру қорының серіктес сауда желілері арқылы қол жеткізіп отырмыз. Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі республика бойынша біздің облыста ең төменгі өсімді (9,1%) көрсетті, – деді өңір басшысы.
Халық тұрмысының жақсаруына кәсіпкерлік саласының үлесі зор. Облыс әлеуетін арттырып, жұмыссыздықты азайту мақсатында 2018-2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Соның аясында қолынан іс келетіндер осындай мүмкіндікті пайдаланып, кәсіптерін бастаған. Нәтижесінде аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылы 9,3%-ке өссе, олардан түскен салық түсімдерінің көлемі 11%-ке артып отыр. Жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие берудің арқасында кәсіпкерлік саласының дамуы ілгерілеген. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін шегінде ұстап тұруға мүмкіндік жасады. Қазіргі таңда облыста жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Республика көлемінде де осы көрсеткіш сақталған.
Есепті кездесуде облыс әкімі Қ.Ысқақов өңірді газдандыру мәселесіне де тоқталды. Биыл 3 аудан орталығында – Жосалы, Тереңөзек және Жалағаш кентішілік газ желілерінің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы осы аудан орталықтары мен Арал ауданы Жақсықылыш кентінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді деп жоспарлануда. Атап өтерлігі, бүгінде облыс халқының 63% табиғи газды тұтынып отыр. Осы жылдың соңына қарай елді мекендерді газдандыру деңгейі 70%-ке дейін жетеді деп күтілуде.
Өткен жылдың айтулы жаңалықтарының бірі Қызылорда облысы бірінші болып «Бірыңғай кезекшілік диспетчер қызметі» жобасын іске қосты. Осының негізінде барлық жедел қызмет (101, 102, 103, 112) бірыңғай «112» нөмірімен жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ шұғыл емес сипаттағы қаланың тіршілік ету тұстары бойынша тұрғындардың өтінімдерін өңдейтін «109 – бірыңғай контакт-орталығы» іске қосылған. Бұл қызмет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру мәселелерін қамтиды.
Бұдан бөлек аймақ басшысы денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және басқа салалар бойынша ауқымды жұмыстар істелгенін атап өтті. Жетістіктерге тоқталып, өңірдегі өзекті мәселелерді саралады, олардың шешілу барысын жеткізді. Оған қоса алдағы міндеттерді айтып, өңірді өркендету барысында жарқын жобалар іске асатынын тілге тиек етті.
Есепті баяндамадан соң жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Барлық сауалға облыс әкімі жауап берді. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға ақсақалдар оң бағасын берді.
Айта кету керек, есепті кездесу «Qyzylorda» облыстық телеарнасының эфирінде, «Қызылорда облысы әкімдігінің» ресми «Facebook» парақшасында, «Youtube» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді және ақпараттық агенттіктер мен жергілікті газет сайттарында ақпараттандырылды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ