Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алады?

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алады?

Биылдан бастап әр отбасы мүшесіне күнкөріс минимумының 70 процентінен аз келетін (күнкөріс минимумы – 28 276 теңге, оның 70%-і – 19 793 теңге) отбасылар ғана атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Бірақ еңбекке жарамды отбасы мүшесі жұмыс істеуі міндетті, –деп хабарлайды syrboyi.kz.
– Еңбекке жарамды халықтың барлығы жұмыспен қамтылып, олардың өзін-өзі және отбасын қамтамасыз ете алатындай болуына барынша күш салудамыз. Ал, белгілі бір себеппен еңбекке жарамсыз және мұқтаж азаматтар үшін, әрине, мемлекет кепілдендірілген көмек көрсетеді, - деді бүгін халық алдында есеп берген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Биыл кем дегенде 10 400 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бос орындарға, мемлекеттен жеңілдік берілетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, жеңілдетілген шағын несиелер, қайтарымсыз гранттар беру, жаңа мамандықтарға оқыту ұсынылады. Еңбекке жарамды отбасы мүшесі ұсыныстан бас тартқан жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті оған ғана емес, тұтас отбасына да төлеу тоқтатылады.
- Біз жәрдемақы алу үшін адамдардың өз табысын жасыру, салықтан жалтару, әдейі ажырасу, мүлкін туысқандарының атына жазу сияқты фактілерге тап болдық. Жұмыс берушіге қарағанда мемлекет төлейтін атаулы әлеуметтік көмек көбірек болғандықтан кейбіреулер тіпті әдейі жұмыстан шығып жатты. Оларға жұмыс істемей-ақ, үйде отырып, мемлекеттен жәрдемақы алу тиімді болды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет адамдардың масылдық көңіл-күйіне тап болды. Ең сорақысы, атаулы әлеуметтік көмек алуға ниет білдіргендердің ішінде екіқабатты коттеджде тұратындар да кездесті, – деді облыс әкімі. 
19 ақпан 2020 ж. 376 0