Жаңа жинақ жарыққа шықты
Жасы 12-ге келген Елдар Нұраддин – ата-анасының тұңғышы. Ол мүмкіндігі шектеулі жан. Дүние есігін ашқалы жүріп кетуге талпынғанымен, өз бетінше қадам жасай алмайды. Оның өмірге деген құштарлығы соншалық бар асыл армандарын қағаз бетіне түсіріп отырады.
Елдардың жақында «Менің де жүргім келеді» деген кітапшасы жарыққа шықты. Кітапшаны оқыған адамды бей-жай қалдырмайтын шағын новеллада бала жүрек өз өмірін баяндайды. Жарық дүние сыйлаған ата-анасының қадірін сезінетіні соншалық, Алладан ата-анасына ұзақ өмір беруін тілейді. Олардың шыр-пыр болып, перзентінің денсаулығын түзету үшін апармаған жері қалмағанын, сонда да болса үміт оты үзілмегені баяндалады.
Қоғамға өзінің де пайдасын тигізіп, білім алуды қалайтын баланың өмірден көрген-түйгендері өз алдына бөлек әңгіме дейді шығармасында жас талапкер. Елдар ол туралы алдағы уақытта жазуды армандайды. Әттең, өмірдің сынағына шыдас беріп, ата-анасының қаражаты бұған мүмкіндік берсе, ол міндетті түрде өз мақсатына жеткенін қалайды. Себебі кішкентай қаламгердің талабы таудай.
Өзі тектес науқас балалардың да жағдайына алаңдаулы Елдардың өмірі бүгінде бір сарынмен өтіп жатқанын емдеу мекемелеріне ем-шара алуға барған кезде көзі анық жеткен. Олардың жыл бойы алатын емі денсаулықтарын түзетуге аздық етеді. Бала көңілі мөп-мөлдір, таза. Ол дертінің емі бар екендігіне, ол міндетті түрде оған қол жеткізетіндігіне сенеді. Елдар өмірінің түрлі-түсті реңкке айналып, бір ғажайыптың болатынын біледі. Арманы шексіз, ойы жүйрік перзенттің тілегі қабыл болып, Алланың қалауымен дертіне шипа табылуына тілекшіміз.
Б.ЖАНӘЛІ