Мақсат-міндеттер белгіленді
Айдарлы ауылынан басталған халыққа есеп беру жиындары А.Тоқмағамбетов елді мекенінде қорытындыланды. осылайша, аудан әкімі Р.Рүстемов соңғы екі аптада барлық ауылдық округте болып, тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндады. С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылындағы есепті кездесуге облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері, мекеме, бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
С.Сейфуллин ауылында ең алдымен ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторы баяндама жасады. Ауыл әкімі елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, салықтық базаны ұлғайту бағытында атқарылған жұмыстар, кәсіпкерлікке ынталы азаматтарға көрсетілген қолдаулар жөнінде кеңінен айтса, ауылдық учаскелік полиция инспекторы қоғамдық тәртіп, қылмыспен күрес және 2020 жылдан бастап заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме берді. Мұнан кейін аудан басшысы баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін ауыл тұрғындары тарапынан ауылішілік жолдардың сапасы, орта мектепті күрделі жөндеу және санитарлық тазалық жұмыстары жөнінде пікірлер айтылды. Айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын жеткізген аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.
Қалжан ахун ауылдық округінде өткен есепті жиында ауыл әкімі мен учаскелік полиция инпекторына сұрақ болған жоқ. Аудан әкімінің баяндамасынан кейін бірқатар еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, жол жөндеу, денсаулық сақтау саласын дамыту, мектепті кеңейту секілді бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, қолға алынған бастамалардың жемісті болуына тілектестік білдірді.
А.Тоқмағамбетов ауылындағы жиында ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторы баяндама жасап, жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін берді. Өз кезегінде аудан басшысы жылдың жемісті қорытындыланғанын, барлық маңызды салада өсім бар екенін айтып, макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. Жиында мал жайылымдық жерлердің мәселесі, ауыл көшелерін жарықтандыру және мемлекеттікжекеменшік әріптестік аясында салынады деп жоспарланған дәрігерлік амбулатория құрылысының қашан басталатыны жөнінде сұрақтар қойылып, жауап берілді. Ауыл ақсақалдары атқарушы билік өкілдеріне ақ батасын беріп, жауапты жұмыста абырой мен сәттілік тіледі.
2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлыққа сәйкес аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Р.Рүстемов, Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев, аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы А.Мұстафаев кент тұрғындары алдында есеп берді. Есеп беру жиынына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов, облыстық мәслихат депутаты Р. Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, Қоғамдық кеңес мүшелері, кент тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында аудан әкімі ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына кеңінен тоқталып, барлық маңызды салалар бойынша оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Өз кезегінде кент әкімі Н.Бисембаев аудан орталығында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндаса, аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы А.Мұстафаев құқық бұзушылықпен күрес, алдын алу және болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Халық жиынында Т.Қозыбаев көшесін жөндеу, жарықтандыру, Айтбай арық каналына темір бетон орнату, кент аумағынан қоқыс тастайтын арнайы орын салу, О.Әбілпаттаев көшесін жарықтандыру мен аяқ су мәселесін шешу, кентішілік жолдарға тас төсеу, құрама жем зауытын салу секілді мәселелер көтерілді. Сонымен бірге аудандық ветеринария бөлімі мен ветеринариялық станса профилактикалық шаралардың ұйымдастырылатын уақытын аудандық басылымға жарияласа және иесіз иттерді жою жұмыстары бақылауда болса деген ұсыныстар айтылды. Кент тұрғындарының ұсыныс-пікірі назарға алынатынын айтқан аудан басшысы тиісті мекеме, бөлім басшыларына тапсырма беріп, тапсырмалардың орындалуы жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Айта кету керек, аудан әкімі Р.Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында былтырғы жылы атқарған және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстары жөнінде есеп берді. Кеңес мүшелері ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуындағы жасампаз жұмыстарды жоғары бағалап, межелі міндеттерді бірлесіп атқаруға ынталы екендіктерін айтты.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ