"Дипломмен – ауылға!" жастар игілігіне арналған бағдарлама
"Дипломмен – ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы елімізде 2009 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оның игілігін қоғамымыздың қозғаушы күші – жастар көруде. Бұл мемлекеттің жас мамандарға жасап отырған айрықша қамқорлығы.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру.
Бұл өзінің тиімділігін көрсеткен жоба. Мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қамқорлық ауданның жас мамандарын да қамтиды. "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасына 2019 жылы 27396,3 мың теңгеден қаржы бөлініп, 176750 теңгеден 155 маман көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге 200737,4 мың теңге қаржы бөлініп, 59 маман тұрғын үй несиесін алған. Осының нәтижесінде қаншама жас маман тұрмысын түзеп, үйлі-жайлы болды десеңші. Бұл ынталандыру шарасы олардың өз мамандықтары бойынша серпінді еңбек етуіне мүмкіндік жасап, халыққа белсенді қызмет жасауына қолдау болғаны анық. Жас мамандарды ынталандыру шарасы биыл да заңды жалғасын таппақ. Тағы да бір ерекше айта кететін жәйт, жас маманға берілетін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін бөлінетін бюджеттік несие мөлшері жылма жыл көтеріліп отыр.
– Елбасының "Жастар жылына" орай берген тапсырмасына сәйкес 2020 жылға көтерме жәрдемақының мөлшері 100 АЕК (70 АЕК жергілікті бюджеттен, 30 АЕК республикалық бюджеттен) мөлшерімен есептеліп, бір маманға 265100 теңгеге көтерілді. Яғни, ағымдағы жылы 39 маманға 10339,0 мың теңге көтерме жәрдемақы төленеді. Қаржыландыру наурыз айынан басталады. Ал тұрғын үй сатып алу үшін берілетін несие бойынша 51 маманға 202801,0 мың теңге қаржы бөлініп, қаржыландыру сәуір айынан басталады. Тұрғын сатып алу үшін берілетін бюджеттік несие көлемі әр маманға 3 млн 976 мың 500 теңгені құрайды, – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Роза Бәкуова.
Жас мамандарға құжаттарды қабылдау және оларға мемлекеттік қызмет көрсету "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғам арқылы тегін, кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Сайып келгенде "Жастары мықты елдің асары да, жасары да мол" дегендей еліміздің жастары мен жас мамандарына осындай әкелік қамқорлық жасалып отыр.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ