Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырбойылық ақын республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

Сырбойылық ақын республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

Әдеби ортадағы жаңалықты бізден бұрын біліп, бізден бұрын қуанышты хабарды сүйіншілейтін екі кісі болса, соның бірі Руслан Рүстемұлы. Кеше аудан басшысы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлының республикалық байқаудың жеңімпазы атанғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Айтуынша, сырбойылық ақын «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық байқаудан жүлделі ІІ орынды жеңіп алыпты.
Ақын ағамызға біз де телефон шалып, құттықтадық. Көңілі көтеріңкі екен. «Бұл Сыр өңіріндегі қалам ұстаған азаматтардың ортақ жеңісі», – дейді ол.

– Аға, жеңісіңіз құтты болсын!
– Айналайын, рахмет!
– Сүйінші хабарды аудан әкімі Руслан Рүстемұлынан естідім.
– Е, біздің Русланжан әдебиетке құштар азамат қой. Ақын-жазушыларға ғана емес барлық өнер адамдарына құрметі шексіз. Күні кеше өзі де құттықтап, тілектестігін білдіріп, хабарласты. "Сізді сырдариялық ақын деп санаймыз, біздің мақтанышымызсыз" дегенде мерейім өсіп, қуанып қалдым. Тілектес, ниеттес азаматтардың жұмысына жеміс тілеймін.
– Республикалық байқауға қандай шығарма ұсындыңыз?
– Байқаудың тақырыбы «Тәуелсіздік толғауы» болған соң «Арқамды тәуелсіздік сүйегенім!» атты термемді жібердім. Терменің толық мәтіні облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланды.
– Байқау жөнінде айтсаңыз.
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі отандық жаңа өнер туындыларын жарыққа әкелу, театр, музей және концерттік ұйымдардың репертуарын толықтыру мақсатында жыл сайын «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» атты республикалық байқауды жүзеге асырып келеді. Байқаудың ережелеріне сәйкес жеңімпаз атанған шығармалар еліміздің мәдени ұйымдарының репертуарына енгізіліп, көпшілік назарына ұсынылуы тиіс.
– Жеңісіңіз тағы да құтты болсын! Қазіргі таңда қандай тақырыптарда жазып жүрсіз?
– Қазіргі таңда жыр-термелер жазып, тарихи тақырыптарда қалам тербеп жүрмін. Сонымен бірге, мерзімдік басылымдарға мақалалар жазып тұрамын. Ардагерлерге арналған басылымның жұмысымен де айналысамын.

Ақын Махмұтбай Әміреұлының шығармашылығы ойлы оқырманға жақсы таныс. Сыр өңірінде туып өскен ақын еңбек жолын білім саласында бастап, 1967 жылдан бастап журналистика саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Ақынның «Жүзім бағы», «Қызыл жыңғыл», «Ақф сәуле», «Сыр әндері», «Сыр жырлары» және «Жылдар, жылдар» атты жыр жинақтары жарық көрген. Ол «Қызылорда вальсі», «Қимаймын», «Шалқиды ән» секілді 100-ге жуық әнге сөз жазған.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
14 қаңтар 2020 ж. 434 0