Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр: жеткілікті қаржы бөлінген

Министр: жеткілікті қаржы бөлінген

Жаңа механизм бойынша атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай қаламын деп қорқудың қажеті жоқ. АӘК алу тәртібі жайлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакетке азық-түлік жиынтығы, тұрмыстық химия жиынтығы, оқушылар үшін ыстық тамақ пен мектеп формасы, басқа да қажеттіліктер, қоғамдық көліктегі жол ақысы кіреді. Жалпы бұл реформа азаматтарды еңбекке жігерлендіруді көздейді. Егер отбасы жұмысқа қабілетті болып, бірақ ұсынылған жұмысты істеуден бас тартса, онда ол жанұяға атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы туралы айтар болсақ, ол отбасының табысына қарамай беріледі. Табысын жасыру үшін көп адам құйтырқылыққа барғанын да білесіздер. Қазір кез келген көпбалалы отбасы жәрдемақы алатын болады», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарында әлеуметтік көмекті ала алмай қаламын-ау деген сипатта дүрлігу барынан хабардар екенін атап өтті.

«Адамдар АӘК-ті рәсімдеп алып қалуға асығуда. Болмаса көмекті толыққанды ала алмай қалам ба деп те үрейленеді. Сол себепті, ондай қорқынышқа ешқандай негіз жоқ. Кезекке ұмтылудың қажеті жоқ. Ол үшін қазынадан жеткілікті қаражат бөлінген. Қаңтарда құжаты ресімдеп үлгермегендер келесі айда ала алады», - деді ол.
11 қаңтар 2020 ж. 569 0