«Жастар» театры алғашқы қойылымын қойды
Ауданда алғаш рет Жастар” театры құрылып, оның алғашқы қойылымы тамашаланды. Қырғыздың жазушы-драматургы Сұлтан Раевтың “О, қыздар” драмасын сахналаған театр актерлері шынайы өмірдің көрінісін қойды.
Драма желісі қыздар жатақханасында өтеді. Бір бөлменің тұрғындары төрт қазақтың қызы. Олардың бірі – жасы отыздан асқан Жарқынай есімді қыз. Екіншісі өрімдей бойжеткен. Жасы небәрі он тоғызда. Зейне құрбылары көрген өмірдің қатаң заңын басынан өткерген емес. Ол үшін өмірдің мәнісі алып-ұшқан махаббатта. Үшіншісі – өзінің артық салмағымен күресіп жүрген Флюра қыз. Жасы 24-і бойжеткен ірі денесінің кесірінен тұрмыс құра алмайтындай күй кешеді. Оның бір ғана мақсаты – артық салмақтан қайткен күнде де арылып, арманындағы жігітке тұрмысқа шығу. Ал төртіншісі – өмірдің кермек дәмін бірнеше рет татып үлгерген, екінші мәрте жүкті болып қалған Пери атты қазақтың қаракөз қызы.
Кейіпкерлердің басындағы тағдыр олардың өзегін өртегенімен, бір-біріне сыр айтуға асықпайды. Әркім өзінше кемшілігімен күресіп әлек. Көңілдерін көтеруге де кет әрі емес қыздар, бос уақыттарында жатақхана бөлмесінде кейде думандатып жібереді. Әзіл айтып, шөлмек те орталарына келеді. Осындай қызықты сәттерінің бірінде жатақхана коменданты бөлмеге кіріп, қыздардың көңілін бұзады. Тәрбиеден жұрдай екендіктерін бетіне басып, “жатақханадан қуып шығамын” деп айқайға басады. Иә, әдеттегі жағдай. Жатақхана тәртібі өмірде осындай болады. Қыздардың өмірінде тағы бір ащы да болса шынайы оқиға орын алады. Араларында осы уақытқа дейін бірге болған құрбыларын сағынып жүргенде, Қарлығаш аяқ астынан келіп, қуантады. Әттең оның тағдыры да көлеңкелі тұстарымен жабырқатқан. Қолындағы дорбаға сәбиін салып әкеліп, бәрі таң тамаша болып жатқанда, Қарлығыш құрбыларына шақалақты аманат етіп, өзі тағы да ғайып болады. Бұл әрекетіне шамданған қыздар өзгенің перзентінен бас тартады. Араларындағы ең жас тұрмыс құрмаған Зейненің ғана жүрегі елжіреп, ешкімге керек болмай қалған бөбекті кеудесіне басады. Спектакль соңы “О, қыздар, біз қайда барамыз?” деген сауалмен аяқталады. Шын мәнінде бойжеткендерге ой салатын қойылым боямасыз өмірді суреттеді. Аяғын шалыс басқан қыздардың көбейіп бара жатқаны өмірдің ащы да болса, шындығы.
Оқиға барысында жатақхана бөлмесіне баса көктеп кіріп келетін жас жігіттің де әрекеті күлкілі болғанымен, оны да осынша қыздың мекеніне айналған жатақхана өмірі таңғалдырады. Ащы суға сылқия тойып алған жас жігіт жатақханадан өмірлік серігі болатын жардан гөрі бір сәттік көңіл көтеру үшін қыз іздегендей. Дегенмен, жігітті бөлмеден қуып шыққан қыздар оның да сазайын бергендей.
Қойылым көрермендерін бірде күлдірсе, бірде көздеріне еріксіз жас үйірді. Қиын тағдыр кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Кейіпкерлердің өміріне алаңдап отырған көрермен оқиғаның бұлай аяқталғанына өкінеді. Өмірдің мәнін әлі де түсінбей жүрген қыздардың болашағы жарқын, армандары орындалатынана сенеді.
Драманыны сахналаған театр актрисалары Толғанай Қашақова, Ақбота Талғатова, Мөлдір Серікбай, Әлия Бақытбекова, Мінәш Ысқақ, актер Думан Көшекбаев, режиссер Әділ Ерғали мен суретші Жәнібек Әбдіреевтің еңбектері көрермен көңілінен шығып, актерлерге қошемет көрсетілді.
Бибісара ЖАНӘЛІ