Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚ ҚҰРМЕТ

ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚ ҚҰРМЕТ

Жақында «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауданға келіп, еңбек ардагерлерімен кездесті. «Жалын» тынығу лагерінде өткен кездесуге облыс әкімі Қ.Көшербаев, аудан әкімі Ғ.Қазантаев, облыс әкімінің орынбасары Е.Ким, мұнай саласының қызметкерлері, аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйым төрағалары қатысты.
Алғысөзде аймақ басшысы Қ.Көшербаев Алик Айдарбаевтың еліміздің дамуына, оның ішінде облыстың өркендеуіне қосып келе жатқан еңбегіне тоқталды.
– Қазақтың маңдайына біткен басты байлықтарының бірі – мұнай мен газ. Кезінде тәуелсіздік жарияланғанда өндірістер тұралап қалды. Сол шақта ең басты ауыртпашылық осы мұнай-газ саласының қызметкерлеріне түсті. Содан түскен пайданың аясында мемлекет аяғынан тұрды. Әрине, қазір еліміз экономикасы әртараптанған, барлық саласы дамыған алпауыт мемлекетке айналды. Мұның артында мемлекеттің негізін қалаған Елбасының ерен еңбегі бар. Ал енді туған жердегі мәселелердің бәрін шешетін ол қабырғалы азаматтар. Қазақта ықылым заманнан келе жатқан жақсы дәстүр бар. Ол «Еліңде кімің бар?» деп сұрайды. Жердің байлығы, қасиеті мен құндылығы айтыла жатар, бірақ сол елдің келбетін келтіретін қабырғалы азаматтар. Жау бетке білектісін, дау бетке біліктісін, жарастыққа жақсысын қойған. Сондықтан әркез елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ардақты азаматқа елдің құрметі мол, – деді өңір басшысы.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы сөз алып, ардақты азаматтың елге жасаған жақсылықтарын жеткізді. Кезінде облыстық мәслихаттың екі шақырылымында депутат болған А.Айдарбаевтың ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге, мүмкіндігі шектеулі жандарға тигізген ігі істерін, ардагерлердің тынығуына жағдай жасағанын атап айтты. Осындай еңбегі үшін сол кезде аудан ардагерлерінің құптауымен басқарма төрағасына «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алик Серікұлына ауданның 90 жылдық мерейтойына демеушілік көрсеткені үшін зор алғысын айтып, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті.
Өз кезегінде еңбек ардагері, мәдениет саласының үздігі А.Бақтиярова А.Айдарбаев 1999-2007 жылдары облыстық мәслихат депутаттығына сайланғанда сенімді өкіл болғанын, сайлау жұмыстарына атсалысып, етене араласқанын айтты. Осыдан 10-15 жыл бұрын өткен сайлау барысындағы аудан тұрғындарының сенімі мен құрметі әлі күнге көз алдында екеніне тоқталды. Сондай-ақ, «Жалын» тынығу лагерінің күрделі жөндеуден өтіп, балаларға қамқорлық жасағанына, мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, олардың үлкен қалаларда ем алуына демеушілік көрсеткеніне ризалығын білдірді. Сондай-ақ, аудан дамуына ерекше қолдау білдірген азаматқа еңбек ардагері З.Сыздықова алғысын жеткізсе, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі М.Сақтапов өлең оқып, жыр жинағын табыс етті. Сонымен бірге, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі К.Қалымбетова бастаған өнерпаздар ән шырқап, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кездесуде «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев аудан ардагерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп, әркез қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Сәті түсіп Сыр топырағына табаным тиді. Жиырма жыл осында жұмыс істедім. Ағайынға айналдық. Қызылорда маған ыстық. Қайда жүрсем де, аймақ дамуына зер салып, бағамдап отырамын. Айшықты істерге үлес қосуға әлі де дайынмын, – деген Алик Серікұлы ауданның дамуына тілектестік білдірді. Кездесу соңында соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров ақ батасын берді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 наурыз 2019 ж. 745 0