Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамды алаңдатқан дерт

Қоғамды алаңдатқан дерт

Аудандық емхананың мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушевтің төра­ғалығымен «Сырдария ауданы бойынша туберкулез ауруының алдын алу және аурушаңдықты төмендету» жөніндегі үй­лес­тіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары, емхана дәрігерлері мен аймақтық медбикелер қатысты.
Әлеуметтік дерт қатарындағы бұл жұқпалы аурудың түрі дүниежүзі бойынша ең көп таралған инфекциялардың бірі болып саналады. Микроб – таяқша тәріздес болғандықтан, оны туберкулез таяқшасы деп те атайды. Адамдар арасында жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі. Сонымен қатар туберкулез барлық ағзаларда – сүйек, бүйрек, ми, тері, көз т.б. кездесетіні анықталған. Ауруды жұқтырудың негізгі көзі – туберкулезбен ашық түрде ауыратын науқас. Ол сыртқы ортаға микобактерия бөлу арқылы адамнан адамға ауамен тарайды. Дәрігерлердің айтуынша, туберкулез қоздырғышы ұзақ уақыт сақталуға қабілетті. Науқас жөтелгенде, сөйлегенде немесе түшкіргенде айналасына миллиондаған микробактерия бөледі. Ал ол өз кезегінде ауа арқылы сау адамның ағзасын зақымдайды. Мұны әрбір адам білгені жөн.
Үйлестіру кеңесінде алдымен сөз алған облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің мониторинг және бағалау тобының жетекшісі Бақыт Әбішева аудандағы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің туберкулезге қарсы қырағылығын сараптау барысындағы мониторингтеу жұмысы туралы айтты.
– Туберкулез ауруының азаймау себептерін саралаған мамандар ең алдымен оны болдырмаудың, жолын жоюды қарастыруда. Бұрын соңды қолданылған дәрілерден бөлек қазіргі кезде жаңа дәрі түрі қолданысқа енді. Дегенмен дертке шалдыққан науқас арнайы дәріні уақытылы әрі қадағалау арқылы ішу қажеттігі дәлелденуде. Яғни науқас дәріні стационарда, емдеу пунктінде, мобильді топ көмегімен, бейнебақылау арқылы және үйде стационарлық жағдай жасау арқылы қабылдауы қажет. Соңғы бес жылдағы көрсеткішке қарағанда 2014-2015 жылдары аурушаңдық жоғары болса, 2016 жылдан бастап аурушаң­дық төмендеген, – деді Б.Әбішева.
Мұнан соң аудандық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев аудан бойынша туберкулез ауруының алдын алу және аурушаңдықты төмендету туралы хабарлама жасады. Басқарма басшысы өз хабарламасында биылғы жылдың 10 айында туберкулез дертіне шалдыққан 14 жаңа жағдай тіркелгендігін және барлығы да өкпе туберкулезі екендігін айтты. Бұл 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 36 процентті құрайды. Жалпы аталған дерттен қайтыс болғандар 2,6 процентке төмендеген.
Мұнан соң аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Майра Халыбаеваның хабарламасы тыңдалды. Емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен учаскелік медбикелері күн сайын кестеге сәйкес көше аралау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың мезгілінде флюро байқауынан өтуі туралы хабарлаудың нәтижесінде ауданда аурушаңдық төмендеген.
Сонымен қатар үйлестіру кеңесінде туберкулезбен бір ғана денсаулық сақтау қызметкерлері ғана күресу нәтиже бермейтіндігі ескертілді. Қоғам болып қолға алған жағдайда, әрбір тұрғын денсаулығын қадағалап, жауапкершілікті сезініп, уақытылы тексерілуден өткенде кеселдің алдын алуға және сауығуға мүмкіндік мол. Қоғамның туберкулезді тоқтатуға үлес қосуы жарқын болашаққа деген сенімді нығайтады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
21 желтоқсан 2019 ж. 568 0