"Үздік аула" жеңімпазы анықталды

Байқауды аудандық ішкі саясат бөлімінің «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру қызметі» әлеуметтік тапсырыс аясында «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Оған аудан көлеміндегі тұрғындардар көптеген өтініш келіп түскен. Соның ішінде байқау талаптарына сай Тереңөзек кентіндегі 1 Мамыр көшесі №40 үй тұрғыны Абдулла Арғынбаевтың ауласы үздік деп танылды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында байқау жеңімпазына арнайы диплом мен бағалы сыйлықты аудан әкімі Р.Рүстемов табыс етті.
Алтын қолды дәрігер А.Арғынбаев есік алдының санитарлық тазалығына өте ұқыпты. Ол ауланың жасыл желекке айналуына ерекше көңіл бөледі. Жаздың жайма шуақ кезеңінде есік алдын гүлдендіріп, жеміс ағаштарының бап-күтімін жасайды. Балаларға арналған ойын алаңын да арнайы жасақтап, қора жайын да күнделікті тазартып отырады. Жалпы тазалыққа тиянақты кент тұрғыны:
– Әркім тазалық сақтауды өзінен, өзінің ауласынан бастаса, қоғамға пайдасын тигізеді. Көше мәдениеті де дұрыс қалыптасып, өлкеміздің өркениеті дами түседі. Негізі «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, есік алдына қарап адамның қандай екенін білуге болады, – дейді.
Бағамдап қарасақ, соңғы жылдары кент пен ауылдарда абаттандырылған аулалардың қатары көбейген. Бұл, әрине жыл сайын өткізіліп келе жатқан осындай игі шаралардың нәтижесі. Мұндай байқаулар ауданның тыныс-тіршілігін нығайтуға, санитарлық тазалығын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені әрбір тұрғын тұрғылықты жерін, көшесін таза ұстаса, аудан гүлденіп, көркейе түспек.
Ердос БЕРКІНБАЕВ