Дара тұлға, дарынды реформатор
Нәубетті жылдарды артқа тастап, тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ елі демократия жолын таңдап, 1991 жылдың 1 желтоқсан күні тұңғыш рет сайлау өткізді. Сол жалпыхалықтық сайлауда бодандықтың құрсауынан шыққан дүйім ел құрыш қолды, болаттай мықты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ел Президенті етіп сайлап, зор сенім артты. Сенім жүгін арқалап, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті атанған Елбасы жас мемлекетті аз ғана уақыт ішінде әлем картасында ойып алар орны бар елге айналдырды.
Егемендікке қол жеткен тұста халықтың жағдайы мүшкіл болғаны рас. Барлық сала төрттағандап, оларды ілгерілетуге ілкімді істер қажет болды. Ең алдымен, ел экономикасын өркендетпесе, еңсесін енді тіктеген халықтың құты қашпақ. Осыны білген Ұлт Көшбасшысы көрегендігімен, салиқалы саясатымен дамудың даңғыл жолын салды. Барлық салаға тың серпін беріп, тұралап қалған жұмыстың өн бойына қан жүгіртті. Болашақты бағамдай білетін саясаткер стратегиялық бағдарламаларды іске асырып, осы жолда барша қазақстандықтарды жұмылдырды. Берекелі іске ұйыса білген халықтың тұрмыстық жағдайы түзеліп, ел экономикасы дами түсті.
Ішкі тұрақтылықты сақтаумен қатар ҚР Тұңғыш Президенті сыртқы саясатқа да айрықша мән берді. Сындарлы сәттерден сүрінбей өткен елдің көреген Көшбасшысы мемлекет дамуына сыртқы саясаттың да ықпалы зор екенін біліп, шет елдермен байланысты нығайтты. Әрине ол үшін де сарабдал саясат қажет. Әр мемлекет өз мүддесін ойлайтыны анық. Осы тұрғыда дарынды реформатор Қазақстан мүддесін қорғай отырып, сырт мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсартты. Тіпті, әлем елдері Қазақстанның қарқынды дамуына таңғалыспен қарап, кемеңгер Елбасының ерен еңбегіне жоғары баға берді. Сындарлы сәттерде Елбасы пікірімен бөлісетін болды. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын сәт те туды. Сол шақта Ұлт Лидері көптеген этнос өкілдері бір шаңырақ астына топтасқан Қазақстанды үлгі ете отырып, әлемдегі татулықтың сақталуына үлес қоса білді. Бұл тұрғыда өзінің төл туындысы саналатын Нұр-Сұлтанды тұрақтылық пен татулықтың орталығына айналдырып, бас қалада түрлі келелі кеңестер өткізу дәстүрге айналды. Оның төрінде кемел келешекке көз тастайтын, салиқалы саясатпен байыпты қадам жасайтын Елбасы отырады. Әлем жұрты жиналғанда шартарапқа ұнамды ұсыныстар айтып, елдердің ынтымақтастығын көздейді. Міне, осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын ел сенген Елбасы бүгінде қазақ елінің көптен армандаған азаттығын тұғырлы етіп, жаһандағы орнын айқындап берді. Осындай ерен еңбегінің нәтижесінде қазіргі таңда әлем жұртшылығы Ұлт Көшбасшысының елді басқару шеберлігіне, көрегендігіне, тұғырлы тұлғалығына тәнті болуда.
Мемлекетте өндіріс ошақтары көбейіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы дараланып, өркендеуі өрістегенде Елбасы тарихи сананы жаңғыртуға аса мән берді. Бұл арада Тұңғыш Президент өткенге үңіле отырып, өшкенді жандырып, қазақ халқының құндылықтарын түгендеуді көздеді. Болашақтың бағдары рухани жаңғыру екенін ұқтырып, ұлт болып қалудың ұлы мұраты түпкі негізде екенін жеткізді. Өткенге көз тастап, бүгінге байыппен қарап, болашаққа бағдарлы бағыт жасау – Ұлт Көшбасшысының басты мақсаты, негізгі ойы. Осы үшін де елін сүйетін Елбасыны халық шын құрметтейді, қайраткерлігін жоғары бағалайды.
Азаттықтың алғашқы жылдары Тұңғыш Президент басты құндылықтарды белгілеп, оны Заңмен бекіткен еді. Мемлекеттік тіл, Мемлекеттік рәміздер, басқа да құндылықтарға халықтың құрметпен қарауын міндеттеді. Шекаралас мемлекеттермен де шекараны заңды түрде бекітіп алуда қарқынды жұмыс жүргізді. Осы тұста Елбасының ерен ерлігі туралы ел аузында жүрген мына әңгіме мәртебелі құрметке лайық екенін тағы аңғартты.
Өзі Қазақстан 5 мемлекетпен шекаралас. Оның барлығымен де қазақ жұрты шекараны шегендеп тұрып, бекітіп алған. Оның ішінде Қытаймен шекара бекіту деген нағыз ерлікпен пара-пар. Бұл нағыз саясаткер Елбасының арқасында ғана жүзеге асқан жұмыс.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР-дың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминьнің өзара достығы және Мемлекет басшыларының бір-біріне деген шынайы сенімділігі шекараны бекітуге септігін тигізді. Сол жылдары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанда «екі елдің шекара мәселесі жөнінде келісімге келуі мүмкін емес» деген пікірлер де айтылған болатын. Ал ғасырлар бойы мойындалмай келген біздің аумақтық тұтастығымызды алып Қытайдың мойындап, «Шекара» туралы шартқа қол қойғаны әлемдік қоғамдастықты қайран қалдырды. Өйткені Қазақстан Республикасы – бұрыннан Қытаймен шекаралас жатқан 15 мемлекеттің ішінде Қытай үкіметінің келісімімен шекара аумағының 100 процентін тиянақтап, ара-жігін ашып алған бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ Қытайдың тарихта өзімен шекаралас жатқан елдердің ешқайсысымен шекараға байланысты келісім жасауға ешқашан мүдделі болмағаны тағы бар. Осындай ерлігі үшін де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты заманның кемеңгері, ұлттың көшбасшысы, дарынды саясаткер дейміз.
Елбасы тарихты саралап, қазақ елінің мемлекеттік мұраты – «Мәңгілік ел» екенін айтты. Елдік береке-бірлікті, өңірлік достық пен экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздейтінін жеткізіп, осы жолда көрегенділік танытты. Бұл ретте Елбасының «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық іске жарасқанға бұйырады» деген сөзі бүгін де, келешекте де елді ынтымаққа ұйыстырады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – өз Отанына деген сүйіспеншілігі зор, дүниежүзілік ауқымда танылған Көшбасшы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері. Көп жағдайда Елбасының реформаторлық қызметінің және халықаралық бастамаларының арқасында бүкіл әлем Қазақстанды құрметтейді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ