Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ХХІ ғасыр – бәсекелестік ғасыры.

ХХІ ғасыр – бәсекелестік ғасыры.

Бүгін адамзат баласының ұстазға деген құрмет-қошеметін көрсететін күн. Олардың қадір-қасиетін ұлықтап, адал еңбегіне шынайы ризашылық сезімін білдіретін сәт.
Қазақ ақыны Ғафу Қайырбеков «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп айтқандай ұстаздық ету инемен құдық қазғандай. Қиын да, қызығы мол мамандық иелері тынымсыз еңбек пен ізденімпаздықтың арқасында құрметке бөленеді.
Шәкірт жүрегіне мейірім мен ізгілік нұрын ұяла­тып, білім мен тәрбие беретін мұғалімге қандай құр­мет көрсетсе де жарасады. Себебі, ұстаз алдынан қарапайым адамнан бастап, кемеңгер дана да шығады. Адам болып қалыптасып, еліне пайдасы тиер азамат болуы тәлім берген ұстаздың арқасы.
Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қазанның бірінші жексенбісінде мұғалімдер күні атап өтіледі. Міне сол жылдан бастап еліміздегі мыңдаған мұғалім осы күні құрметке бөленіп, марапат төрінен көрінеді. Шәкіртін жетістікке жеткізген ұстаз еңбегі жанып, лайықты бағасын алады.
Иә, қазіргі жылдам өзгеріп жатқан қоғамда бала тәрбиесіндегі мұғалімнің орны ерекше. Себебі мұғалім білім берумен қатар, ғылымға үйретеді. Сондай-ақ рухани игіліктер мен адамгершілік ізгі ниетті оқушылар бойына сіңіреді. Ұстаздар айрықша азаматтық парыз – жас ұрпақты тәрбиелеу міндетін атқарады. Олардың білімі мен тәжірибесі, дәстүрлер сабақтастығы мен жаңашылдығы әрбір мектептің негізі боп қаланады.
Аудандағы білім саласы соңғы жылдары көптеген жетістіктерге жетіп, облыста үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда облыстық байқаулардың жеңімпазы №37 мектеп-лицей мұғалімі Роза Сейтасқарова, №36 мектеп-лицей мұғалімі Жанар Тұрлыбекова мен Ақмарал Серікбаеваның еңбектері ұшан-теңіз. Сондай-ақ «BILIM-ORKENIETY» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік директор-2018» байқауында №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің директоры Жанболат Назаров жеңімпаз атанды. Өткен жылдың қорытындысында «Жыл таңдауы-2018», «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациясымен Ж.Назаров басқа­ратын мектеп облыстық білім басқармасы және облыстық кәсіподақ комитетінің алғыс хатымен марапатталды. Мектеп лицей статусын иеленді.
Білімнің негізгі көрсеткіші – пән олимпиадасы екені белгілі. Аудан республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда – 2019» дипломымен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Биылғы оқу жылы да толағай табыстармен бас­талды. Атап айтқанда «Жеті өнер» III Халықаралық ба­ла­лар мен жастар шығармашылық фестиваль кон­курсында Дулат Пазылханұлы бас жүлде алып, «Қазақстан үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Осы фестиваль аясында Ә. Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің 3 сынып оқушысы Әлсина Әділ­бекқызы бас жүлде алса, 4 сынып оқушылары Жанбибі Төлеген, Мәрия Әбенова, Нұртөре Рахымжан, Берік Кенжебай жүлдегер қатарынан көрінді. Талантты балалардың жетекшісі – Әділбек Бәйменов. №126 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Нұрайым Аралбай да осы конкурстың бірінші орын иегері.
Ауданда сурет салу өнеріне бейім дарынды балалар өсіп келеді. Оларды баптап, талантын ұштайтын ұстаз еңбегі ерен. Сондай өнерлі балалардың арасында І Республикалық «Ұлы дала жастарының жеті сыйы» атты байқауы өткен болатын. Байқауға қатысқан Зейнеп Жәкебай өз шығармашылығын ұсынып, «Алтын адам» тақырыбына сурет салды. Зейнептің жұмысы жоғары бағаланып, бірінші орын тұғырынан көрінді. Бұл жас суретшінің жетекшісі – Қ.Білісбаеваның еңбегі.
Өнерпаз балалардың қатары жылдан жылға толығып келеді. Алды халықаралық байқауға қатысып, барлық өнерпаздың үздігі атанды. Ол аудандағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Жомарт Наршаев. Жомартты бәйгеге қосқан жетекшісі Үміт Ерназардың жетістігі.
Жалпы оқушыларды біліммен қатар спортқа үйретіп жүрген ұстаздар бар. Аудандағы №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицей жас шахматшыларды додаға қосумен ерекшеленеді. Мектеп-лицей оқушылары Байдәулет Рашид, Айнел Жұмаділдәқызы, Қуандық Кеңесов, Нұржігіт Кеңесов, Шұғыла Нұржанқызы халықаралық турнирлерде бақ сынап, бірінші орынды бермей жүрген ой иелері.
Жоғарыда аталған білім саласындағы жетістіктер мұнымен шектелмейді. Биік белестерді бағындырып, болашақтың негізін қалағандар ұстаз мерейін асыруда.
ХХІ ғасыр – бәсекелестік ғасыры. Өйткені еліміздің ертеңі, ұлтымыздың әлемдегі орны, бүгінгі мұғалім оқытқан шәкіртке байланысты. Ал оқушылардың білім сапасы – мұғалімдердің шығармашылық еңбе­гінің нәтижесі.
Білімнің көкжиегінде толағай табыстарды еңсе­ріп жүрген шәкірттердің жетістігі шын мәнінде мұғалімдердің арқасы дейміз. Биылғы басталған жаңа оқу жылында да жаңа бағыт алып, білімнің нәрімен сусындап жатқан оқушылардың бапкері – ұстаздардың есімі алтын әріптермен жазыла берсін. Ұстаз ең биік мәртебеге әбден лайық.
Төл мерекелеріңіз құтты, мерейлеріңіз үстем болсын!

Бибісара ЖАНӘЛІ

05 қазан 2019 ж. 845 0