Латын графикасын үйренуде
Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соған байланысты жыл сайын латын графикасына көшу жоспары бекітіліп, ел көлемінде ауқымды жұмыс жасалуда.
Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелермен қатар жергілікті сала мамандары латын графикасын меңгеруге машықтануда. Оның ішінде ел жаңалықтарын жеткізуші журналистер, баспа мамандары тиісті деңгейде арнайы оқытудан өтуде. Осы тұста латын қарпін меңгеруді аудандық «Тіршілік тынысы» ұжымы да бастап кетті. Жақында облыстық ішкі саясат басқармасы және Тілдерді дамыту орталығының «Мемлекеттік тіл» оқытушысы Әйгерім Мұхамеджан редакцияда семинар өткізіп, латын графикасының емле ережелерін түсіндірді.
Қазақы сөздің мәйегінде тереңнен сыр шертетін құндылық жатыр. Осы орайда шұрайлы тілдің түпнұсқасын қаз-қалпында сақтаудың түпкі негізін үйрену – ел азаматтарына қойылған міндет. Бұл ретте оқытудың тың тәсілін қолданған оқытушы қазақ тіліне жатық кірме сөздер мен терминдердің латын қарпінде талапқа сай ереже арқылы жазылуын меңгертті. Қазақ халқының лексиконында пайда болып, санаға сіңген сөздердің түпкі мағынасын өзгертпей қолдану жөнінде айтты. Сонымен қатар орфаграфиялық, пунктуация, әдеби тіл нормаларының ережесін түсіндірді.
Жалпы тіл маманы екі күнгі семинарда латын графикасының 32 қарпіне жеке-жеке тоқталып, ережені, тіл заңдылықтарын бұзбай қаз-қалпында қолдану тетігін айтты. Өз кезегінде жазылу мен айтылуда сөз бен сөйлемді дұрыс қолдану қағидатын игерту мақсатында түрлі тапсырма берді.
Әрине екі күнде латын графикасын меңгеріп кету мүмкін емес. Десе де ұжым латын қарпінің қолдану ережелеріне қанықты. Жазылу мен айтылудағы айырмашылықты аңғарды. Алдағы уақытта мұны терең меңгеру керектігін ұқты. Осы орайда «Мемлекеттік тіл» оқытушысы Әйгерім Мұхамеджан ұжыммен тығыз байланыс орнатып, латын графикасын меңгертуді жалғыстыратынын жеткізді. Сондай-ақ ұжымға қазақ тілі ғылымының жинақталған сөздігін табыс етті.
Б.ОРДАБЕКОВ