Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады

Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады

«Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дейді халық дана­лығы. Ұлтымызға тән қасиет – аналарымыз дүниеге келетін баланың санын шектемеген. Әрқайсысының өз несібесі болатынына сенген. Ал перзентінің аман-есен жарық дүниеге келуін алдымен Тәңірден тілесе, екіншіден, перзентхананың ақ халатты абзал жандардың арқасы деп біледі.
Сырдариялықтардың отбасында өткен жылы 800 сәби дүниеге келген. Жаңа туған сәбидің 125-і аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде өмірге келген. Яғни жүкті аналардың басым бөлігі облыс орталығындағы перинаталдық орталықта босанған. Мұндай жағдай аудан орталығындағы денсаулық сақтау саласына сын болғаны да белгілі. Себебі, аудан орталығында жүкті әйелдің босануына жағдайдың жоқтығы мен білікті акушер-гинекологтардың болмауы салдарынан облысқа жүгінуге тура келеді. Бұл мәселеде қала мен ауданның ара қашықтығының қатынасы қиындық тудыратыны анық.
Өткен жылы аудандағы ауруханадағы перзентхана бөлімшесі жүкті, босанушы және босанған әйелдерге перинаталды көмек көрсету бойынша өңірлендірудің 2-ші деңгейіне өтті. Осындай жағымды жаңалықтан хабардар аудан халқы жаңа қызметті қуанышпен қабылдады. Содан бері перзентхананың бүгінгі жай-күйі мүлде өзгерген. Себебі осыған дейін аналардың ауданда босануы азайып кетсе, қазір керісінше барлық аяғы ауыр, ай-күні жеткен аналарды ауданда босандыруға барлық жағдай жасалды деуге негіз бар. Бүгінде перзентхана жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталуымен қатар, білікті акушер-гинеколог дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Олардың көмегімен күн сайын іңгәлаған сәбидің дауысы естіліп, жаңа өмір жүрегі соға бастайды.
Жаңадан жұмыс құрылымына көшкен бөлім­шенің жұмысы жайлы аудандық аурухана бас дәрі­герінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Әлия Іскендіроваға жолығып, сұраға­нымызда:
– Бөлімше гинекология бөлімшесінен бөлек ашылып, өткен жылдың қазан айынан бастап жұмысын бастады. Мұнда жүктіліктің 34 аптасынан бастап жалған толғақ, 34-36 аптасынан бастап босанулар, егіз ұрықпен босанушылар, гестациялық гипертензиясымен босанушылар, ауыр дәрежелі анемия, қант диабеті науқасы бар босанушылар, ұрықтың іште антенаталды шетінеуі болған босануларды, бір немесе екі кесарь тілігі ота­сымен босанушыларды, туылғаннан кейін бірден хирургиялық емді қажет етпейтін туа біткен даму ақауы бар жүктілерді жә­не босану күні өтіп кеткен жүктілерді қабыл­дауға мүмкіндік бар. Бөлімшеге об­лыстық пери­наталдық орталықтан білікті, жо­ғары санатты 5 акушер-гинеколог және 2 неонатолог тартылды. Ауданнан екі бірдей акушер-гинеколог әйелдердің денсаулығы үшін тынымсыз жұмыс жасауда, – деді.
Арнайы құрал-жабдықтармен жабдық­тал­ған перзентханаға құны 132 млн. тең­ге­ге «Sipap» аппаратын, жаңа туылған нәрес­телерге арналған инкубатор, пульсоксиметр, монитор, дозатор алынған. Бұл медициналық құралдардың көмегімен ана мен баланың денсаулығын қалыпқа келтіруге жағ­дай жасалуда. Сонымен қатар ақ халатты абзал жан­дардың үнемі біліктілігін көтеру үшін оқу курстары өтуде. Бөлімшедегі барлық акушерка Алматы қаласындағы Ұлттық Акушерия, Гинекология және Перинатология институтында және облыстық перинаталды орталықтан «Тиімді технологиялар орта­лығында» біліктіліктерін арттырып, қызмет етуде.
Бүгінде перзентхана жұмысы жаңа жолға қойылуының нәтижесінде жыл басынан бері 255 жүкті әйел босанған. Оның 30-ы кесарь тілігі арқылы босанса, 4 мәрте егіздер дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен. Жалпы жыл соңына дейін жоспарланған 121 жүкті әйелдің 76-н аудандық перзентханада босануы жоспарланған. Осылайша ауданда босануды 70 процентке дейін жеткізуді мақсат еткен денсаулық сақшылары әлі талай бөбектің анасының бауырына салуды мақсат етуде.
Тоғыз ай көтеріп, перзентін дүниеге әкелетін аналарға бақыт сыйлайтын бөлімшенің ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегі тәулік бойы жалғасуда.

Б.ЖАНӘЛІ
28 қыркүйек 2019 ж. 1 053 0