Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірқатар мәселе талқыланды

Бірқатар мәселе талқыланды

Аудан әкімі Р.Рүстемовтың төраға­лығымен аппарат мәжілісі болып, онда бес мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің үстіміздегі жылдың 8 айында атқарған жұмыстары туралы сала басшысы Ж.Төрәлиев хабарлама жасады.
Хабарлама барысында мәдениет үйлерінің қысқа дайындығынан бастап, олардың сахналық киіммен, музыкалық аспаптармен жабдықталуы, ақылы қызмет көрсету, саланың жұмысын жандандыру секілді жұмыс сараланды. Дегенмен аудан басшысы өзінің сала жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
– Мәдениет – халықтың рухани құндылығы. «Арқаға барып – әншімін деме, батысқа барып – күйшімін деме, Сырға келіп – жыршымын» деме – деген. Жақында қала орталығында айтыс өтті. Ал соған Сырдария ауданынан қатысқан ақын жоқ. Ізденіс жоқ, талап қоя білу керек. Әр ауылда қобыз, домбыра үйірмелерін ашу керек. Дәстүрлі өнер мектебі неге қалыптаспаған? Республикаға белгілі ақын Замаддин Ибадуллаевтың өнерін неге насихаттамасқа? – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы мұнан басқа аудандық мәдениет үйінің қысқа дайындығына қатысты да бірнеше сын-ескертпе жасап, сала басшысына жұмысты жандандыру жайлы нақты тапсырма берді.
Аудан бюджетінің 2019 жылдың 9 айында болжамды атқарылуы туралы аудандық қаржы бөлімінің басшысы Ж.Сыздықов хабарлама жасады. Аудан бюджетінің кіріс-шығыс трансферттері өз деңгейінде десек те қаржыны игермейтін екі саланың аты аталды осы жиында. Олар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы. Мәселенің объективті, субъективті тұстарын атаған сала басшысы 9 айдың қорытындысымен қаржыны игеруге толық мүмкіндік бар екендігін жеткізді. Аудан басшысы бюджет қаржысын игермеу – қылмыспен пара-пар екенін атап өтті. Сондықтан берілген қаржының толық және нысаналы, мақсатты атқарылуын тапсырды.
Салық базасын ұлғайту туралы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Нұрсейітов айтты. Үкімет жергілікті билік өкілдеріне салық базасын ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, елдегі тұрақтылықты сақтау жайлы нақты тапсырма берді. Демек, аталған мәселе өте маңызды. Осы орайда салықшыларға жүктелген міндет те жеңіл емес. Әсіресе, кәсіпкерлігін тіркемей, салықтан жалтаратындармен түсіндіру жұмыстары тоқтау­сыз жүргізіле бермек. Аудан әкімі салық базасын ұлғайту тұрғысында өз ойын жеткізіп, сала басшысына тапсырма берді.
Аманкелді ауылдық округі әкімінің 8 ай­да­ғы атқарған жұмысы туралы ауыл әкімі Қ.Құлымбетов хабарлама жасады. Ауылдың бү­гін­гі тыныс-тіршілігі биліктің жіті назарында еке­нін жеткізді.
Аудан басшысы үкімет белгілеп берген үш басымдық әр ауылдық округ әкімдерінің негізгі жұмысы болу керектігін атап өтті. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырма беріп, орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ

24 қыркүйек 2019 ж. 716 0