Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Несиесі кешірілгендер кімдер?

Несиесі кешірілгендер кімдер?

Жыл ортасында бүкіл елді дүр сілкіндірген теледидар мен радиода, газет-журнал қала берді әлеуметтік желіні жаулап алған жаңалық болды. «Қазақстандықтардың кредиті кешірілетін болды» деген ақпаратты естіп, халық біршама жақсы көңіл күйде жүрген еді. Қаулыға қол қойылғаннан кейін мәселенің түбі енді көрінгендей болғаны жасырын емес. Бұлай дейтініміз, белгілі бір санатқа жататын тұрғындардың ғана несиесі кешіреледі немесе жеңілденетін болды. Яғни көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алатын жанұялардың ғана несиесі кешіреледі. Бүгінге дейін республика бойынша 507 мың адамның несиесі жеңілдетілген. Бұған мемлекет тарапынан 105 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражат толықтай игерілгені туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеме жасаған еді.
Осынау үлкен қаражаттың 88,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен берілсе, қалған 17 миллиард теңгесі проблемалық несиелер қорынан облигацияларды шығару арқылы өтелген. Қазақстан Президентінің ауыр өмірлік жағдайда қалған отбасылардың несиесін кешіру туралы Жарлығы бойынша алғашқы тапсырма Үкімет пен Ұлттық банкке жүктелген болатын. Ол Үкіметке біржолғы тәртіппен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеуге қатысты шаралар қабылдауды тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қа­зақстан­да 345475 көпбалалы отбасы бар, олар­дың ішінде 282615 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. 98580 отбасында жасы 18-ден асқан мүгедек балалары бар. Несие алушы­лардың бұл төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарызға байланысты айыпақы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынатыны белгілі болды.
Бұл деректер ресми болса, халықтың арасында «акцияға қыркүйектің 18-не дейін ғана құжаттар қабылданады екен» деген қауесет жүргенін естідік. Ақиқатын білу мақсатында облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық филиал басшысы Жұмабек Ембергеновке жолығып, анығын білдік.
– Бұл қауесет жалған. Тек акция аясында қыркүйек айының он сегізіне дейін тізімнің нақтыланатын жеткізгім келеді және ешқандай да өтініш жазудың қажеті жоқ. Тек «111» орталық Coll-центр арқылы білуге болады. Тұрғындарға жеткізгім келеді. Бұл байланыс номерді ала алмадым деп бай-балам салудың керегі жоқ. Себебі, орталықта бар жоғы отыз ғана оператор тұрғындар сауалдарына жауап береді. Халықтың арасында біздің орталыққа келіп өтініш жазып, несиемді өтеймін дегендер көптеп кездесіп жатыр. Тағы да ескертемін, біз шешім қабылдамаймыз. Тек, мемлекет бекіткен санаттағы азамат болуы шарт. Егер сол статустың бірінің қатарына кіріп тұрып, тізімге ілікпей қалсаңыз, жоғарыда атап көрсеткен байланыс орталығына хабарласып, себебін анықтаңыз. Анықтай алмай жатсаңыздар, міне, сол кезеңде біздің Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп өтініш жазасыз, біз сіздердің мәліметтеріңізді базаға еңгіземіз. Ал шешімді министрлік тағайындап, тізімге қосады. Бұл акция әлі де жалғасын табатын болады, – дейді филиал басшысы.
2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қолма-қол несие, зат сатып алуға несие, несие картасы бойынша мерзімі өткізілген төлемдері, сондай-ақ уақытылы төленбеген шоттары бар клиенттердікі кешіріледі. Автонесие бойынша өсімпұл есептен шығарылмайды, өйткені бұл несие – кепілді несие. Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін өтеу туралы жарлықтан бөлек, Президент табысы төмен қазақстандықтарға несие беруге тыйым салу керектігін мәлімдеп, тапсырма берген болатын. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалары бар. Ел Президенті дәл қазіргі уақытта тұтынушылық кредит бойынша жағдай енді қайталанбауы қажеттігін ескертті.
Осы орайда, несиесі кешірілген тұрғындардың пікіріне ойыссақ. Шаған ауылының тұрғыны – Гүлмира Өтетілеуова төрт баласы бар көпбалалы ана. Президент жарлығы шыққаннан кейін ол кісінің «КМФ микроқаржылық ұйымынан» алынған несиесі жабылған. Тұрғынның сөзіне сенсек, соңғы 60 мың теңгесінің жабылғаны туралы ұялы телефонына хабарлама келіп түскен. Кейін қаржылық ұйым қызметкелері несиесін Үкімет көмегімен өтелгенін жеткізіпті. «Айлығы шәйлығынан ауыспайтын біздер, көпбалалы аналар үшін бұл үлкен көмек болды», – дейді Г. Өтетілеуова.
Жансұлу Елубаева,
мүгедек баласы бар көп балалы ана
– Президент қаулысынан кейін менің банк алдындағы берешегім өтелді. Баламның емі үшін екінші деңгейлі банктен несие алған едім. Енді міне толықтай қарыздан құтылдым. Бұған дән ризамын. Үкімет халықтың жағдайын жақсарту үшін осындай маңызды шешімдер қабылдап, нақты істердің жасалып жатқаны көңіл қуантады екен. «Кредитті қалай өтеймін» деп бас қатырмайтын болдым.
Бұл біздер білетін несиесі жабылып, арқасынан ауыр жүгі түскендей сезімде болған тұрғындардың жеке пайымы. Ал әлеуметтік желіде жұлдыздар тіпті әлеуметтік жағдайы өте жақсы адамдардың да несиесі жабылғаны туралы жарыса жазып жатыр. Біздер көрсеткен санатқа кіргенімен өзінің несиесін өтеуге жағдайы келетін, ауқаттылардың қарыздары өтеліпті. Осы орайда «әлеуметтік жағдайына қарамаған ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта бұл тізімге өзгерту енгізіліп, қайта жаңартылмақ.

Майя ҚОЖАБАЙ
14 қыркүйек 2019 ж. 912 0