Мерейі тасыған іргелі ұжым
Аудан халқына ақпарат таратып келе жатқан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Айтулы датаға орай жыл көлемінде айшықты іс-шаралар жоспарланып, кезең-кезеңімен өткізілуде. Бұл ретте басылым ұжымы қасиетті Рамазан айында редакцияда қызмет етіп, бақилыққа аттанған қаламгерлердің рухына Құран бағыштап, ауызашар берді.
Берекелі дастарқан басында жиналған қауым өмірден өткен әріптестерін еске алды. Талай жыл аудандық редакцияда табанды еңбек еткен қарымды қаламгер, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов жасарған, жаңарған ұжымға ақ батасын берді.
– Біздің беделі биік, аудан айнасы аталған ұжымның абыройы асқақ болғанын қалаймыз. Тарихы тереңде жатқан басылымның мерейтойы лайықты түрде аталып өтілетініне дән ризамыз. Себебі елге белгілі азаматтар редакциядан түлеп ұшты. Жас буынмен толыққан Ақтөре баламыз басқаратын ұжымға шығармашылық табыс тілейміз, – деді ардақты ардагер.
Ауызашарға жиналған үлкен буын өкілдері ғибратты әңгімелерін жастарға айтып, газет шығарудың машақатын тізбектеді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», баспахананың байырғы басшысы Сергей Тоқсанбаев баспахана қызметінің жұмысына тоқталды.
– Мұқаңдар өз уақытысында газетті дайындаумен айналысса, біз шығаруға үлес қостық. Ол кезде заманауи технология атымен жоқ. Біздің қыздарымыз нағыз қиындықты сезініп, газеттің сапалы тарауына үлес қосты. Мерейтойдың мезіретін сезінген біз басылымның қызметінде қолтаңбасы қалған әріптестерімізді еске аламыз. Олардың жүріп өткен өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа ғибратымен ерекше, – деді сала ардагері.
Қазіргі уақытта басылым ардагерлерінің құрамында 8 кісі бар. Осылардың әркез жағдайын бағамдап отыратын аудандық газеттің бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі Мүсілім Қалмұратұлы қос қарияның сөзін қуаттай түсті.
– Біздің арамыздан жақсы менен жайсаңдар кетіп қалғаны өкінішті. Газеттің сарғайған беттерін ақтарып отырсаңыздар, олардың ойлы орамдарын кезіктіреміз. Бүгінде ардақты жандардың орны ойсырап тұрғанына қапалымыз. Олардың рухына Құран бағыштап, ел үшін жасаған еңбектерін тізбектеуден басқа амалымыз бар ма?! Сөздері мірдің оғындай дөп тиетін әріптестеріміздің жолын жастар жалғай берсін, – деді Мүсілім Қалмұратұлы.
Шын мәнінде, баспахананың ауыртпалыққа толы қызметін ақ жаулықты аналарымыз атқарған. Таңға дейін газет шығаруға атсалысып, еңбегімен елге танылған. Қаншама жыл баспаханада жүріп, газет шығару ісіне үлес қосқан Қазына Асықбаева жастарға ақжарма тілегін жеткізді.
– Өткен күн біз үшін қайталанбас тарих. Бірер жылда торқалы тоқсан жасын тойлайтын қос қариямен қызмет еткенімізге бақыттымыз. Ардақты ағалардың қамқорлығын көп сезіндік. Баспахана мен редакция ұжымы айнымастай бірге жүретін. Газеттен қате кетпеу үшін, сапалы басылып шығу үшін өзіммен қызметтес болған қыз-келіншектердің көбісі о дүниеге аттанды. Кейде қаулап өсіп келе жатқан жастарды көріп, үлкен буынның ізбасары болғанына қуанамын. Ұжымның барлық қызметкеріне абырой тілеймін, – деді аяулы жан.
Бір жылдары аудандық газетте жауапты хатшы лауазымы бар болатын. Газеттің макетін сызып, мақаланың қай бетке орналасуына тікелей жауапты бола білген Шаһарбек Нұрсейіт бүгінде зейнет демалысына шыққан. Осы күні халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарып келе жатқан азамат та әріптестеріне лебізін жеткізді.
– Журналистік қызметімдегі соңғы 13 жылым аудандық газетте өрбіді. Талай марқасқа жандардың алдынан өттік. Туған жерге табан тіреген тұста аудандық редакция ұжымымен табанды еңбек ете білдік. Қазіргі уақытта ұжымның жұмысына тілеулес болып отырамыз. Жастардың әрбір мақаласын оқып, тиісінше баға беріп жатамыз. Әріптестерімізді мерейтоймен құттықтаймын, – деп қарымды қаламгер сөзін түйіндеді.
Ауызашарда әруақтар рухына Құран бағышталып, 85 жыл бойы еңбек еткен майталман мамандардың есімі жаңғыртылды.
****
«Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы жылдағы дәстүрден жаңылмай Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін де атап өтті. Биыл ерекше форматта ұйымдастырылған ұлық мерекені іргелі ұжым қызметкерлері өзгеше етіп ұйымдастырды.
Басылымның 85 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан мерекелік басқосуды басылымның бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы ашып, әріптестерін мерекемен құттықтады.
– Ең алдымен, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Бәріңізге белгілі – Наурыз мерекесі қазақтың ұлттық мерекесі, біздің Жаңа жылымыз. Сонымен қатар басылымның 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Қыстың суығына, күннің ыстығына қарамай барлық мекемеге, үйлерге газетті үзбей таратып жүрген таратушылардың еңбегі де орасан. Сіздер болмасаңыздар біздің жазған жазбаларымыз халыққа жетпейді. Сондықтан сіздер аман болыңыздар. Баршаңызға шын жүрекпен жақсылық тілеймін, – деді А.Ибрагимұлы.
Жаңару мен жаңғыру мерекесінде дәстүр сабақтастығы жаңғыртылды. Сонымен қатар жыл көлемінде жергілікті халыққа газеттің уақыттында жетуіне атсалысқан бірқатар тасымалдаушы «Сыр медиа» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаевтың мерекелік құттықтауымен марапатталды. Олардың қатарында Қанзира Алексейқызы, Әлия Айжігітқызы, Бибігүл Тыныштықбайқызы, Гүлжан Жаңабайқызы, Айкерім Бақытбекқызы бар.
Ұлттық дәстүр ұлықталған жиында ардақты аналарымызға қазақтың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлері туралы сұрақтар қойылды. Ал Роза Тұрғанбекқызы жастарға шай құю әдебі мен қонаққа ұсыну жолдарын насихаттаса, Орынкүл Жұманазарова орамал тағу үлгісін, Ақтоты Өтепбергенова шаш өрудің түрлерін көрсетті. Және келген қонақтардан қонақ кәде сұралып, қара жорға биі көпшілікке ұсынылды. Бірлігі жарасқан ұжым мүшелері «Ең үздік тілек», «Ең үздік қонақ кәде», «Ең үздік киім үлгісі», «Ең үздік сұраққа жауап беруші» номинациясы бойынша марапатталды.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА