Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғырған естелік – жаңарған тарих

Жаңғырған естелік – жаңарған тарих

Аудандық газет редакциясы әркез тұрақты оқырмандарымен тығыз байланыс орнатады. Жақында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың «Қалжан ахунды танып-біліп болдық па?» тақырыбындағы кең көлемді зерттеу еңбегін ағайдың ұсынуымен газет бетінде жариялаған едік. Бұл ауқымды зерттеу мақаласы туралы көпшілік оқырман оң пікірін білдіріп, редакцияға да, авторға да тоқтаусыз қоңыраулар түсіп, ризашылығын білдіріп жатты.

Бұл мақалада Қалжан ахун Бөлекбайұлының ұрпақтары, оның ішінде Уамық мақсұм жайлы сөз болады. Мақаланы тұшына оқыған тұрақты оқырманымыз Айгерім Үсенова тағы бір тарихи суретті жолдап, тың ақпараттан сыр шертті. Біз де «Бір сурет тарихы» айдары аясында осы суретті оқырман қауымға һәм тарих қойнауына жолдауды жөн көрдік.

– Менің атам Арғынбаев Үсен Назарұлы 1937 жылы туған. Анасы Ырысқал бала үстінде қайтыс болып, 3 жасында анасынан жетім қалады. Әкесі Назар Тереңөзекте теміржолда жұмыс істеп жүріп, Қалжан ахунның баласы Омық (Уамық) мақсұмның үйін паналайды. Ол кісілер бала Үсенді өз баласынан кем көрмеген екен. Әкесі демалыс күндері теміржолдың моншасына апарып жуындырып, қайтадан Омық мақсұмның үйіне әкелетін болған. Үш жылдан астам уақыт сол үйде тұрған екен. Әкесі жұмысқа кеткенде сол үйдің қарауында болып, балаларымен бірге ойнаған. Соның бірі – өзінен 2 жас үлкен Насыраддин. Сол Насыраддин деген немересі атамды бала кезінде есекке отырғызып үйретіпті. Атам тай-құлындай тебісіп, бірге ойнап өскен Насыраддин деген кісі туралы өте көп естелік айтатын еді. Бірақ аумалы-төкпелі заманда аралары үзіліп, байланыссыз қалған екен. Ал Назар атам кейін шаңырақ көтеріп, солай бұл отбасымен арақатынас толық үзіліп қалыпты. 2018 жылы анам құжаттардан тауып алып, үйге шақырып, үлкен ас бердік. Ол кезде оқушы болсам да барлығы санамда сақталып қалыпты. Суреттегі сақалды кісі – Қалжан ахунның немересі Насыраддин, қасындағы – менің атам Үсен, – деді Айгерім суретті көрсетіп жатып. Бізге ұзақ жыл байланыс үзілген қос қарияның қалай қауышқаны қызық болып, тағы да сұрай түстік.

– Атам сол Насыраддин атаны, естеліктерін жиі айтатын. Бір кездесіп, дидарласуды аңсайды. Содан қара шаңырақта тұратын менің әкем Жеңісбек бұл тапсырманы өзіне парыз етіп, іздене бас­тайды. 2018 жылы сол кісі кадастрге құжат тапсыруға келіпті. Анам Алма сол жерде жетекші маман болып жұмыс істейтін еді. Атамның әңгімесі санасында сақталған қара шаңырақтағы келін, яғни менің анам, таныс есімді көріп, нөмерін тауып, бірден хабарласады. Насыраддин ата да менің атамды ұмытпаған екен. Шақыруымызды қабыл алып, арнайы келді. Екеуі жылап қауышып, арқа-жарқа болды. Ол кісі талай жыл қудалауға түсіп, ел асып жүрген екен. Бірақ барлық ұрпағын оқытып, жетілдіргенін айтты. Солай атамның үлкен бір арманы орындалып, 2018 жылдың сәуірінде құрбан шалып, ас беріп, қос қария қауышқан еді. Өзім оқушы болсам да есімде қалғаны осылар. Насыраддин ата – өте сауатты, білімдар кісі. Сөзі мірдің оғындай әрі бойшаң, ірі денелі кісі екен. Атам алты баласынан тараған ұрпағын Насыраддин атаға таныстырып, сондай бір жылы жүздесуге куә болғанымыз есімде. Қарап тұрсаңыз, бір жағынан қызық. Және атам бұл іске риза болып, батасын беріп кетті. Тағы бір шөбересі Хасанатулла қалада тұрады. Менің атам Үсен 40 жыл көлік тізгіндеген жан. Әжем екеуі елу жыл отасқан, тыл ардагері, 13 немере, 16 шөбересі бар. Бұл күнде Үсен атам да, Насыраддин атам да мәңгілік мекеніне аттанды, – деп қорытындылады сөзін оқырманымыз.

Бұл да анық тарих, тың жаңалық деп тұрақты оқырманымыздың ақпаратын түгел қағазға түртіп алдық. Ел ішіндегі ахун ұрпақтарының да ізгілігі туралы осындай деректерге тұшындық. «Жақсылық терек басында», «Жақсылық ексең – бақыт орасың» деген нақылдың мәні тереңде. Бір ғана мақала талай жылдың қойнауында қалған естеліктің қайта жаңғыруына себеп болды, құнды деректі қайта тірілтіп, көпшілікке беймәлім болған тағылымды оқиғаның жарыққа шығуына жол ашты. Тарих – тек мұрағат құжаттарында емес, ел жадында, көнекөз қариялардың әңгімесінде, сарғайған суреттерде де сақталады. Осындай естеліктер жинақтала келе, өткенімізді толықтырып, кейінгі ұрпаққа аманат болатын рухани қазынаға айналады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 шілде 2026 ж. 93 0