Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Алаш және Тәуелсіздік

Алаш және Тәуелсіздік

Қазақ мемлекеттілінің құрылу кезеңі, пайда болу, өмір сүру дәуірі бір сәттік оқиғалардан құралған тарих емес. Ол ғасырлар бойы жалғасқан саяси ойдың, қоғамды ұйымдастыру тәжірибесінің және ұлттың өзін-өзі тану жолының біртұтас жүйесі. Осы жолды қарастырғанда, Қазақ хандығының қалыптасуынан бастап Алаш қозғалысына, содан кейін Республика институтына, ақырында Тәуелсіздікке дейін баратын тарихи желі ап-айқын байқалады,–деп жазады Қазақстан тарихы.
 

1465-1466 жылдары, кей деректерде 1458 жылдары бастап тарихын алған Қазақ хандығы – қазақ халқының саяси тұтастығын бекіткен маңызды белеске айналды. Жердің шекарасын, елдің ішкі тәртібін, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттеген хандық құрылым мемлекеттіліктің алғашқы тұрақты формасын қалыптастырды. Хан, би, батыр институттары, ауызша құқық жүйесі, кеңес арқылы шешім қабылдау дәстүрі – кейінгі ғасырлардағы саяси ойдың тірек нүктесі болды. Дегенмен, ішкі-сыртқы қақтығыстар, тәуелсіздікті сақтап тұру қағидаттарын қиындатты. 

Алаш арманы

ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы бұрынғыдан мүлде бөлек талаптармен бетпе-бет келді. Патшалық Ресейдің отарлық қысымы күшейіп, дәстүрлі басқару құрылымдары әлсіреген шақта қоғам алдында жаңа тарихи міндет – саяси жүйені жаңарту, ұлттық болмысты сақтай отырып, оны модернизациялық арнаға бұру қажеттілігі тұрды. Осындай күрделі кезеңде тарих сахнасына Алаш қайраткерлері шықты.
Алаш зиялылары мемлекеттілікті тек көне формаларда емес, жаңа мазмұнмен қайта елестетті. Олар елдің болашағын құқық үстемдігіне негізделген, азаматтық еркіндіктері қорғалған, білім мен ғылымы дамыған, өркениеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын заманауи мемлекет ретінде көрді. Алаш идеясының тарихи құндылығы – қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен әлеуметтік институттарын жоққа шығармай, керісінше соларды жаңаша жүйеге енгізуінде, тарихи сабақтастық пен модернизацияны ұштастыруында еді. 
1917 жылы Патша үкіметі құлаған соң бастау алған жалпықазақ сиездері қайта тәуелсіздікті негіздеу мәселелерін алдыға шығарды. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Міржақып Дулатұлы желтоқсанда өткен жалпы қазақ-қырғыз сиезі жайлы: «Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі Орынборда 5-13 декабрде болып өтті. Қазіргі заманның күйіне қарай бұл сиезде қаралған мәселелер зор болдыМұнда қазақ, қырғыз өз тізгіні өзінде айбынды халық болуы үшін автономия алу мәселесі қаралды. Сиезде мұнан соңғы қаралған зор мәселе бүліншіліктен халықты қорғау үшін милитсия құру жайы болды. Бүкіл Алаштан сиезге 81 уәкіл келді, сиезде қаралатын мәселелер зор болғандықтан, уәкіл емес кісілер де көп келді, барлығы 200 ден аса адам жиналды. Алаш баласының тілегі, мұңы тоғыз күндей кеңес болып, ерсілі-қарсылы армансыз тексерілді. Ардақты ақсақалдар, ұлтшыл жастар, діндар моллалар, қазылар, атақты зиялылардан пәленше келмей қалды дерлік болған жоқ»,деп жазады.  Бұл сиезде Алаш әскерін даярлау, Автонмия жариялау, үкімет құру мәселесін негіздеді. Міржақып Дулатұлы аталған мақалада «Қазір Русия жүгенсіз кетіп, хакімшілік жығылғандықтан бұл 15 кісі біздің уақытша хүкіметіміз есебінде болсын, «Алаш ордасы» аталсын деді. Алаш ордасына сайланған кісілер, Уәлидхан Танашов, Халил Досмухаммедов, Айдархан Тұрлыбаев, Ахмет Брмжанов, Халил Аббасов, Садық Аманжолов, Мұстафа Шоқаев, Әлихан Бөкейханов, Жәһәнша Досмухаммедов, Яқуб Ақбаев, Алимхан Ермеков, Мухамеджан Тынышбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Алжанов, һәм Бахыткерей Құлманов. Алаш ордасына председателдікке Алихан сайланды. Алаш ордасы уақытша Семейде тұратын болды. Алаш ордасы бір айдың ішінде Түркістан автономиясына қосылған қазақтармен сөйлесіп, оларды Алашқа қосып алмақ болды. Егер Түркістан қазағы Түркістаннан шықпаймыз десе, Алаш ордасы қалған қазақ-қырғызға өз алдына автономия иғлән етуге міндетті болды. Қазақ облыстары хазірден 15 мың милитсия құрмақ болды. Мұның шығыны 70 милион сом шамасында болмақ. Милитсия құруға, оған керекті пұлды жинауға тоқтаусыз кірісуге қаулы қылынды. Жұрттың жұрттығы, қара қазан сары баланың қамы үшін милитсия құрып, бас қорғау керектігіне қарсы келген жан болмады»деп жазады. Қайраткер айтқандай-ақ, қазақ-қырғыз автономиясын жариялау өзекті мәселе екендігін «Сарыарқа» газетінде «Жас Алаш» бүркеншік есімімен жарияланған мақала авторлары да дәйектей түседі. «Жас Алаштың» «Күш бірлікте» мақаласында «Автономия зор іс, күш керек, пұл керек. Бұл екеуі де көп біріксе табылатын нәрсе. Не ғұрлы бірлік көбейсе, сол ғұрлы, автономия берік қорғауға жеңіл болмақ. Сондықтан автономияны қазір өзіміз жасауға бел байласақ, (бел байламай амал да жоқ), бар қазақ, қырғыз қосылып, жария қылуымыз керек. Басымызды қоса алмай, жартымыз онда, жартымыз мұнда айырылып һәр кіммен кетсек, тозармыз. Неде болса, автономияны ылғи қазақ-қырғыз бірігіп айтқанымыз жөн»деп жазады. Автономия ұғымын Алаш қайраткерлері АҚШ сықылды Ресей ішіндегі жеке штат ретінде түсіндіреді. Халыққа ұғынықты болу үшін «Сарыарқа» газетінде автономия құрылымын «Швейцарияға 22 автономиялы кантуннан (ауылдан), Америка 48 автономиялы штаттан құралып мемлекет болып отыр (штат деп бірнеше облыстың басын қосқан ұйымды айтады). Һәр бір кантонның яштаттың өз билікі өзінде. Өз ішінде сайлап қойған министрлері парламентдері соттары бар. Өзара билікі өздерінде болғанымен бұл кантундар, штаттар одақтасып сырт мемлекеттер көзіне бір ғана маңызды мемлекет болып бірі Швейцар бір Америка аталып отыр. Одақтасқандағы ара қатынас шарттарды бекіткен заң «канституция» бойынша штаттар, кантондар үлкен келелі біріне емес бәріне бірдей ортақ жұмыстар кезгелсе, мәсәлән, сырттан келген жау сияқты, бір кісідей қимылдап бір тудың астына жиылмақ. Міні осындай жалпыға бірдей жұмыста атқарып отыру үшін ортақ істер туралы заң шығару үшін араландағы дау-шарды бітіріп билік айту үшін штаттардың кантондардың ортақтасып сайлап қойған кіндік хукуметі кіндік заң шығаратын орны парламенті), кіндік соты бар. Осы себебпен олар сырт көзге бір ғана мемлекет болып, көрініб отыр. Русия мемлекеті, Америкамен швейцария сияқты автономиялы штаттардан құралып, біздің Алаш автономиясы сол штаттардың бірі болады деп сенеміз» деп, жалпы автономия ісіне белсенді кіріседі.  
Дегенмен, кейінгі он жылдықта қазақ зиялыларының сол кезеңдегі ұстанымдары әр салада айырықша көрініс табады: 

– жердің тұтастығын сақтау – ұлттық экономикалық дербестік пен саяси қауіпсіздіктің басты шарты ретінде;
– қазақ тілі қызметі, қазақ тілінде оқу-құрал, мәдениет, тарих – рухани кеңістікті жаңғыртудың және ұлттық мәдениетті сақтаудың өзегі ретінде;
– өзін-өзі басқару құқығы – қауымдық-дәстүрлі тәжірибеге сүйеніп, демократизм элементтерін енгізуге бағытталған қадам ретінде;
– ұлттық мектеп пен ғылымды қалыптастыру – ұлтты өркениеттік даму жолына түсіретін негізгі фактор ретінде қарастырылды.
Сондықтан Алаш кезеңі – тек саяси қозғалыс немесе белгілі бір тарихи құбылыс емес. Бұлөткеннің тағылымын сақтай отырып, болашаққа бағытталған интеллектуалдық серпіліс, ұлттың жаңа өзіндік моделін қалыптастыруға ұмтылған өрелі ойлар дәуірі.
Кеңес дәуірінде құрылған Қазақ автономиясы мен кейінгі республика – толық еркіндік әкелмегенімен, мемлекеттілік формаларын сақтап қалды. Осы жылдары:
–территориялық шекара айқындалды,
–әкімшілік басқару жүйесі қалыптасты,
–білім беру, мәдениет, ғылым саласы институттық деңгейге көтерілді.

Тәуелсіздік тағылымы

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған сәт – жай ғана жаңа мемлекеттің құрылуы емес, тарихи реттіліктің қалпына келуі, үзілген мемлекеттік ой-сана желісінің қайта жалғануы еді. Бұл оқиға бірнеше ғасырлық тарихи тәжірибе негізінде Қазақ хандығының мемлекеттік дәстүрлерініңАлаш қозғалысының модернизациялық ойларының жаңа дәуірге синтезделген түрі ретінде көрінді.

Тәуелсіздік кезеңінде ел мемлекеттіліктің құқықтық негізін жасады 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялар егемендіктің мәнін, билік тармақтарының тепе-теңдігін және азаматтардың құқықтық кепілдіктерін нақтылады. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, тарихи жады қайта зерделене бастады; ұлттық мәдени мұра жаңа көзқараспен жаңғыртылды. Жердің тұтастығы конституциялық деңгейде бекітіліп, 1990-жылдардың соңында көршілес елдермен шекара толық делимитацияланды. Бұл  мемлекеттіліктің негізін бекіткен стратегиялық маңызды қадам еді. Сонымен бірге, ұлттық мәдениет сандық емес, сапалық тұрғыдан жаңарып, тарихи-антропологиялық зерттеулер, әдебиеттану, өнертану, архивтік мұраларды қалпына келтіру бағытында кең көлемді жұмыстар жүргізілді.

Тәуелсіз Қазақстанның саяси бағыты көпвекторлы дипломатия арқылы қалыптасты. Ел халықаралық ұйымдарда белсенді рөл атқарып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, Астана бітімгерлік алаңы ретінде танылды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы Қазақстанның халықаралық беделін күшейтіп, әлемдік қауіпсіздік архитектурасында сенімді әріптеске айналдырды.

Тәуелсіздік идеясы қоғам санасында саяси-әлеуметтік құбылыс ретінде ғана емес, рухани мағынасы терең түсінік ретінде орнықты. Ол – өз болашағын өзі айқындай алатын халықтың тарихи мүмкіндігі, ұлттық мүддені мемлекет дамуының өзегіне қою, мәдени әрі тілдік жаңғыруға толыққанды жол ашу. Бүгінгі Қазақстан – Қазақ хандығы дәстүрі, Алаш кезеңінің модернизациялық ойы және кеңестік институттық тәжірибе тоғысқан, тарихи сабақтастыққа сүйенген заманауи мемлекет. Тәуелсіздік осы сабақтастықты жаңа мазмұнда қайта бекітіп, елдің саяси тұрақтылығы мен экономикалық әлеуетін нығайтып, халықаралық аренада ықпалды орнын қалыптастырды.




14 желтоқсан 2025 ж. 853 0