Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық рухымызды ұлықтайтын мереке

Ұлттық рухымызды ұлықтайтын мереке

Бүгінгі күнге дейін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, егемен­дігімізді алған күн ретінде тойланып келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік алған күн мен Респуб­лика күнінің ара-жігін ажыратып, 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекітті.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз Тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды. Қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Одан бөлек, мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді.

Декларация бойынша Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғар­ғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаны бәрімізге белгілі.

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде еліміздің барлық өңіріндегі мемлекеттік органдарда арнайы ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуы­на елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.

Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер тура­лы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25 қазан – Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды. Осылайша әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді.

Республика күнін ауданымыз және аудан­дық сот зор жетістіктермен қарсы алуда. Ұлттық рухымызды, құндылығымызды және тарихымызды ұлықтайтын айтулы мереке құтты болсын!


Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
Сырдария аудандық
соты әкімшісінің басшысы
Фото: ашық дереккөзден
24 қазан 2023 ж. 118 0