Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫҚЫ БАТЫР КЕСЕНЕСІ

ТЫҚЫ БАТЫР КЕСЕНЕСІ


Тықы батыр кесенесі Қармақшы ауданы, Кекірелі елді-мекенінен оңтүстік-батысқа қарай 12,3 шақырым жерде орналасқан. Бұл ескерткіш ХІХ ғасырда тұрғызылған.
2011 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС барлау жасағымен зерттеді. Ескерткіш Ақмамбет тақырының шығысында және құрғаған өзеннің батыс жағындағы жағада орналасқан. Кесене екі камералы, Т-тәріздес есігі бар кесенелер түріне жатады. Ескерткіш күйдірілмеген кірпіштен және есікті көмкерген кезде және күмбезді тіреуге және нығайтуға қолданылған қалың сексеуіл бұталарынан қаланған. Кесененің жалпы биіктігі 5 м, бұрыштарымен жарық жақтарға бағытталған және төрт бұрышты кірме және жерлеу камераларынан құралған. Кірме камерасының өлшемі 3х3 м, жерлеу бөлмесінің оңтүстік-батыс жағында орналасқан, қазіргі уақытқа дейін сақталынбаған. Есігінің ені 0,5 м, тереңдігі 0,5 м, оңтүстік-батыс жағында орналасқан. Жерлеу камерасының есігі сексеуіл бұталарымен көмкерілген. Жерлеу камерасының сыртқы өлшемдері 5х5 м, ішкісі 4х4 м, қабырғаларының биіктігі 2 м. Камера бұрыштары жоғарғы жағынан сексеуіл бұталарымен нығайтылған.
Бұл ескерткішті көргенде ішкі мазмұн байлығы терең танымымызды айқындап тұрғандай әсер қалдырады. Ескерткішті бір көрген кісі: «Бұл қазақты қой, жауын да құрметпен жерлеп, осыншама биік белгі орнатып...» деп теріс айналуы ғажап емес.
Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда күндердің бір күні Жақайымның Жылқыайдар батыры үлкейген шағында балаларынан бөлек Аяққұм, Жаршағылда (жер атаулары өзгеріске ұшырауы мүмкін) отырған жерінде Қарақалпақ Тықы батыр үш жүз қолымен ауыл ішіне ұрланып кіріп, қамсыз отырған қазақ ауылын түн ішінде тонап, малын айдап, осы шайқаста үйден алаңсыз шыққан Жылқайдар батырды қапыда өлтіріп ақ сауытын алып кетеді. Жылқайдардың өлімін батырдың әруағы ақ түйелі адам болып үш жүзге бір түнде хабарлап шығыпты-мыс.
Жиналған халық Жылқайдарды жерлегеннен кейін қарақалпаққа қарай аттанып, бұған дейін Сыр бойын жайлаған қарақалпақтарды Есет, Толыбай, Ақтан, Жанқожа батырлар қазақ жерінен көшіріп, Хиуаға апарып тыққан екен. Тықы батырды он жеті жастағы (кейбір деректерде он сегіз жаста деп айтылады) Жанқожа батыр жекпе-жекте шауып өлтіреді. Бытырай қашқан жау қолы қазақ даласында қалған Тықы батырын жерлеуге мұршалары келмеген соң, көмусіз қалған батыр денесін қазақ елі осылайша жерлеген екен.
Жорықтас серігінің кегі қайтқанына риза болған Сартай батыр Жанқожа батырға орыс керуенін тонағанда қолға түсірген қаруларының біреуін беріп, келешек ел қамқоры, шекті қолының бас батыры осы болар деп ақыл-кеңесін айтып бата берген. Онда: «Мен болсам қартайдым, артымнан алдым жақын, ендігі жерде Аллаға мінәжәт етіп, иман тілеу ғана қалды. Балам, жастық шақ – батырлық жасайтын шақ. Жасымда қол бастап жауға шаптым ел үшін, жер үшін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Батырға бітер қасиет: қылышың шапқанда шалыс кетпесін, найзаң діттеген жеріне тисін. Атқан жебең мен айтқан сөзің тигенде мерт қылатындай оқ болсын. Аңғалдық та батырға тән қасиет. Аңғалдық бар жерде аярлық бар. Аярдың арбауына түсіп, қандасқа қас болма. Күштімін деп, момынға күш көрсетпе. Әдептен озба, жүзіңнен имандылығың көрініп тұрсын. Туыста болса азғынның азғырғанына ерме. Батырлығыңды ата жауыңа көрсет. Елдікті, ауызбіршілікті, туған еліңді сақтауға жаныңды пида ет деп, сөзін бітіріп сөз аяғын тақпақтай жөнелтіп:
Ойдан өзбекті өргізсең,
Балағыңа кіріп, басыңа шығар,
Қырдан кәпірді кіргізсең,
Қыл мойныңа тұзақ түсер.
Елді бірлігінен айырсаң –
Қайта бітпес жүк түсер...» деп бата берген екен.
Десек те ата-бабаларымыздың танымында Тықының бір халықтың даңқты батыры екенін ескеру, ер елі үшін туып, елі үшін өлетінін әспеттеп, батырлық, ерлік рухты аяқ асты етпеуден туған биік парасаттылықты артына аманат үшін қалдырғандай.
Айдынбек Айтбайұлы,
өлкетанушы.
27 маусым 2018 ж. 1 347 0