Абай мұрасы – музейде

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында ұлы ақынның екі араб, бір латын әрпімен жазылған өлеңдер жинағы бар. Ақынның қай шығармасы да құнды еңбектер қатарында екеніне дау жоқ, музейдегі бұл жәдігерлердің құндылығы екінің бірі оқи алмайтынын ескі араб әрпімен жазылғанында.
Қорда сақталған Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған. Онда ақынның он жеті бөлімнен тұратын жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылған, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармалары түгел қамтылған.
Ұлы ақын өлеңдері Абайдың көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралып, ауыз әдебиетінің жауһарына айналып үлгерді. М.Әуезовтің «Қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен қыздарды білеміз» деген сөздері ақын шығармаларының қолжазба түрінде де көшіріліп таралғанын айғақтайды.
Абай шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін 1909 жылы ғана жарыққа шықты.
Ел ішінен жиған ұлы ақын мұрасын реттеп, қағаз бетіне түсіруді Кәкітай Ысқақұлы Мүрсейіт моллаға тапсырады. Мүрсейіт – Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен өлеңдерін жазып алып отырған адам. Жинақталған өлеңдер саны 5 дәптерге жеткен. Жоғарыда атап кеткендей, Абай өлеңдеріне сұрау салған адамдарға да көшіріп беріп отырған. Жалпы Мүрсейіт қолжазбалары – халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа.
Абай өлеңдерін баспадан жариялау жұмыстары қалай жүргізілгені жайында Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағына ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйе әкетті. Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез екі жүз сом ақша перевот ет», – деген. Айтқанындай екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітай өзі жазды» деп баяндайды.
Кәкітайдың осы алғашқы жинақты шығарудағы еңбегін «Абайдың баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбек етуші – Кәкітай дейміз», – деп заңғар жазушы М.Әуезов өз бағасын береді.
Музей қорындағы екінші кітап – Абай Құнанбайұлының араб әрпімен жазылған өлеңдер жинағы. Кітапты 1982 жылы музей қорына Мыната Қалдыбаев өткізген екен. «Масғұт» поэмасымен басталған кітаптың алғашқы 38 беті жоқ. Поэманың алғашқы 14 қатар жолы жазылмағанын ескерсек, кітапта «Ескендір» поэмасы, тағы басқа шығармалары болған-ау деген ойға келеміз. Поэма екі-ақ (39-40) бетте ғана жазылып, соңғы 116 қатар өлең жолдары түсіп қалған.
Кітаптағы 41-беттен басталатын «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңінің алғашқы 44 қатары жазылмай түсіп қалған. Бұл – кемі екі бет өлең. Өлең «Өлең ағып тұрса бейне су» деген өлең жолдарымен басталып, «Елдің жайы солай-ды» деп аяқталған. Кітаптағы өлеңдер ретіне қарай санмен белгіленіп жазылған, 256 бет кітаптың беті болып белгіленіпті. Шығарма 13 бөлімнен тұрады. Соңғы бөлімі Лермонтов, Пушкин, Крылов өлеңдерінің аудармалары.
Аталмыш кітапта Абайдың қара сөздері жоқ. Ал Мүрсейітте (1905,1907,1910 ж) қара сөздері бар. Абай қара сөзі алғаш рет 1933 жылы жинақталғанын ескерсек, бұл кітап одан бұрын басылған болуы мүмкін.
Кітаптың Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу Әліпбиінен бұрынғы ескі араб әрпімен жазылғаны оқуды сәл қиындатады. Әйтсе де екі жинақты да кирилл әрпімен, қазіргі заман оқырмандарының оқуына оңтайлы етіп ұсынып отырмыз.
Әлі де зерделеуді қажет ететін бұл кітап жайлы соңғы сөз ғалымдарда болуы керек. Түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов: «Бұл кітап 1922 жылы «Қазан» баспасынан қазақтың жас ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен жарияланған нұсқа болуы мүмкін» деген қорытынды берген екен.
Туғанына 180 жыл толған ұлы ақынның шығармаларын Сыр жұртшылығына насихаттау жұмысының Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде басталуы – жақсы бастама болмақ. Абай әлемі – бізді жеті қараңғы түнде адастырмас Темірқазығымыз. Еліміздің жаңа заманға қалыптасу кезінде рухани бедерінің айқындала түсуіне хакім Абайдың орны ерекше. Өйткені Абай дара, Абай дана мәңгілік!
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
өлкетанушы