Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайдың тұңғыш жинағы Сыр бойына қалай жетті?

Абайдың тұңғыш жинағы Сыр бойына қалай жетті?

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 1909 жылы Петерборда басылған жинағы Сыр өңіріне қалай жетті?

Абайдың әдеби мұрасын (өлеңдері мен қара сөздерін) жинақтап, бастыру ісімен ұлы ақын дүниеден озған соң інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысады. Ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кітап түрінде жинақтамағаны мәлім. Өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазбалары толық сақталмаған. Сондықтан да ақын мұрасын жинақтау ісінде көптеген қиындық туындаған.

Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтарға ұлы ақынның қол­жазбасын жинақтап, баспаға да­йындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов болатын. Әлихан­ның ақылымен ақын ұрпақтары – Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы жазға салым өлеңдер мен қарасөздерді түгендей бас­тайды. Олар Абай мұрасын ел ішінен тірнектеп жинап, тапқандарын қағаз бетіне түсіруді Мүрсейіт молдаға тапсырады. Мүрсейіт – Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен кейінгі жылдары өлеңдерін жазып алып отырған адам. Ол бұған дейін де өлеңдерге сұрау салған адамдарға көшіріп беріп отырған. Абайтанушы ғалымдардың айтуынша, Мүрсейіт қолжазбалары – халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа. Бұл маңызды шаруа 1904 жылдан бас­талып, 4 жылға созылады. Ақыры, асыл қазына 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский бас­паханасынан басылып шығады.Бұл қазақ даласы үшін маңызы үлкен оқиға болды. Ұлы ақынның асыл ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қым­батты нәтижесіндей бол­ған кітап тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өз мақа­ласында: «Абай сөздері дүниада қалғаны – қазаққа зор бақ» деген болатын.Енді Петербор баспаханасынан Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтар шығарған ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы Сыр бо­йына қашан келді, оны кім алдырды дегенге келейік. Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Қалжан Қоңыратбаев 1909 жылы Тұрағұл мен Кәкітайға хат жазып, Петерборда басылған Абай жинағының 200 данасын Сыр еліне алдыртады. Өзі де Абай поэзиясының әсерімен өлеңдер жазып, жариялайды» – деп жазады «Керуен» атты естелік кітабында.

Абай мұрасының адамзат өркениеті тарихындағы телегей теңіз, теңдесі жоқ қадір-қасиетіне Әлихан Бөкейханов «Абай кітабына» атты өлеңінде зор баға бергені белгілі. Алаштың асылы Әлиханнан кейін де Абайдың кітабын оқыған сайын даланың әр қиырындағы қазақ ақындары көптеген жыр арнап жатты. Олардың қатарында Сыр сүлейлері атанған Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары мен ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы да болды. Ағартушы Қалжан Қоңыратбаевтың бұл еңбегін біз естен шығармауымыз керек. Жалпы, ағайынды Қоңыратбаевтар – Қалжан, Әуелбек, Әлібектердің қазақтың әдебиеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Ағайындылардың үлкені Қалжан Қоңыратбаев (1877-1941) – есімі елге аян қоғам қайраткері, ағартушы, фольк­лортанушы, пуб­лицист, заңгер, өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеушілердің бірі.Ағартушылық саласында көрінген Қалжан Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов еңбектерімен 1905 жылдары-ақ танысқан. Жасында ескіше хат танып, Түркістан маңындағы Қарнақ медресесін, түзем орыс мектебін бітірген. 1914-1915 жылдары Кердері жерінен мектеп ашып, оқулық бастырып, ауыл балаларын оқытқан. 1920 жылы Ә.Диваевпен бірге Сырдария, Жетісу өлкелеріне фольклорлық экспедициялар ұйымдастырған. Шиелі болыстық кеңесінің екі дүркін депутаты, халық ағарту комиссариаты мектеп бөлімінің меңгерушісі болған. 1923-1924 жылдары Ақмешіт уездік XI-XII съездерінің делегаты, ағарту комитетінің төралқа мүшесі, 1924 жылы Түркістан ОАК-нің XII съезіне Сырдария губерниясынан делегат, 1925 жылы Кеңестердің V съезінде ҚазОАК мүшесі болып сайланған. Бұған қоса, ол «Қазақ», «Айқап» басылымдарының Сырдария губерниясындағы арнаулы тілшісі болған. Тіпті, Мәскеуде шығатын «Иль», «Уақыт», «Тәржіман» газеттерін Сыр еліне алдырып тұрған. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, С.Қожановтармен тығыз араласып, қазақ зиялыларымен хат жазысыс тұрған.

Сөз соңында М.Әуезовтің басшылығымен жарыққа шыққан ақынның тұңғыш толық жинағының Қызылордада шыққанын атап өткіміз келеді. Иә, қазақ жұртында жаппай ашаршылық болып жатқан қиын-қыстау кезеңде М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің құрастыруымен Абайдың тұңғыш толық жинағы Қызылорда қаласындағы «Қазақ­стан» баспасынан шыққан. Абай шығармаларының бұған дейінгі үш басылымы (1909 жылғы Петербор, 1922 жылғы Ташкент және Қазан басылымдары) тыс жердегі баспаханаларда жарық көрген еді. Демек, Абай шығармаларының 1933 жылғы Қызылордада басылуы қазақтың өз жеріндегі өз баспаханасынан алғаш шыққан кітабы ретінде тарихтан алар орны бар.

Д.АРЫСТАНБАЙ,
20 қыркүйек 2020 ж. 336 0