Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 35 газет

13 мамыр 2025 ж.

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Өліп-тірілген солдат

Өліп-тірілген солдат

Күні кеше ғана осынау ұлы мерекені ел болып атап өттік.
«Это праздник со слезами на глазах» – деп ән жолдарында айтылғандай Жеңіс күні сауық-думан, шадыман шаттық, әдеттегі мерекелік іс-шаралармен ғана аталып өтілетін көп мерекенің бірі емес.

Бұл ел тарихындағы ең бір қасі­рет­ті жылдарды еске алуымызбен, сол қасіретті жылдардың қара нар көтермес ауыртпалығын арқалаған, сол жылда шейіт болған аға ұрпаққа тағзым етуімізбен, бейбіт заман, ашық аспанға шүкірлік етуімізбен аталып өті­летін мұңды да, мәнді күн.
Мың тағзым, сол бір сұрапыл жылдарда от кешкен қайран ерлерге, арманда боздақтарға!

Мың тағзым, жарын, ұлын күтумен ошақ отын өшірмей, үміт ұшқынын сөндірмей ғұмыр кешкен ғашық жар, асыл аналарға!
Мынау жарық тіршілікте асыл мұрат­ты адамзат ұрпағы аманда, әманда, ешкім де, ештеңе де ұмытыл­мақ емес! – деген асқақ сезім кеудені кернер күн, бұл!..

Байтақ елімізде бұл күнді осын­дай тебіреніспен, зор құрмет, ыс­тық ықыласпен атап өтпейтін шаңы­рақ болса да некен-саяқ шығар. Өйт­кені осыдан 80 жыл бұрын Ұлы Жеңіс­пен аяқталған ұлы жорық, қан май­данның ауыртпалығын сезінбеген тірі жан майдан шебінен жырақта жатқан қазақ даласында да жоққа тән болатын. Тереңөзек ауданы, Шаған ауылындағы Серекеевтердің қара­шаңырағында да бұл мереке ерек­ше құрметпен аталып өтіледі. Қара­шаңырақтан түлеп ұшқан ұл-қыздар бас қосып, бұл күнде марқұм Ұлы Отан соғы­сы солдаты болған әкелерін еске алады. Әке әруағына құран бағыштап, пер­зент жүрегіне ғұмырлық жылылық ұялат­қан ардақты әкенің тірліктегі жарқын күндерін еске алып, жас жеткіншек немере-шөберелерге ғиб­рат етеді.

Ғибратты әңгіме желісінде бір айтыл­май қалмайтын хикая Дүйсен солдаттың «өліп қайта тірілгені» туралы.

Осыдан 26 жыл бұрын дүниеден өткен Дүйсен ақсақалдың өзі бұл хикаяны осы тақырыппен баяндайды екен.

1943 жылы Курск түбіндегі қиян-кескі шайқастың бірінде әуе шабуылы кезінде қатардағы жауынгер Дүйсен Серекеев ауыр жараланады. Денесі түгелге жуық топырақ астында қалып, демі бары-жоқты жатқан солдат қаза тапқандар тізіміне ілініп кетеді. Жаралы солдаттың кеудесінде демі бары қаза тапқандарды жерлемек тұста байқалады. «Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» дегендей, бір жылдай госпитальда жатып, елге Жеңістен кейін оралады. Елге келгендегі «хикаясы» тіпті кинодағыдай дерсіз. Нақ ауылға келгенде өзінің жылдық асы­ның үстінен түседі. Туған үйінің айна­ласында абыр-сабыр жұртты көріп, ауылда қалған ата-анасы, ағасы Ошақбай, қарындасы Айтжан мен Айнагүлді ойлап, әлдеқандай жағ­дай болды деген үреймен үйге жақын­дап келе бергенде қарындасы Айнагүлдің өзін жоқтап, арманда кеткен бауырымдаған аһ ұрған дауысын естігенде, жағдайды түсінеді. Жыл бұ­рын ауылға қара қағаз жеткен екен. Одан кейінгі амандық хат ауылға жетпеген. Сөйтіп Алла жарылқап қай­ғының арты қуаныш болып, ас-тойға айналып, дүйім ауыл мәре-сәре болыпты сол күні... Және бір қызы­ғы, қатардағы жауынгер Дүйсен Серекеевтің майдан даласында қаза тапқандығы жөніндегі дерек 1994 жылы жарық көрген «Боздақтар» кітабында да жүр.

Дерек былай дейді:

«Серекеев Дүйсен, қатардағы жауынгер, Далакөл ауылдық кеңесі, бұрынғы «Красная заря» колхозы жерінде 1916 жылы туған. Терең­өзек аудандық әскери комиссариа­ты арқылы 1941 жылы әскерге алы­нып, 375-атқыштар дивизиясы, 1241-атқыштар полкі құрамында соғыс­қа қатысқан. 1943 жылы 4 мау­сымда қаза тауып, Курск облысы, Белгород ауданы, Поляна деревнясында теміржол будкасының оңтүстік жағынан 300 метрдей қа­шық­тықта жерленген». Кім біле­ді, құдайдың құдыреті мен сани­тарлардың сақ­тығының себебі бол­маса Дүйсен Серекеев есімді қатардағы солдат жат жердегі сол бір бауырластар бейітінен мәңгілік мекен табар ма еді?!

«Әкеміздің өмірі бір ертегі секілді. Соғыста болған жағдайды әр кездері ерекше әңгімелеп беруші еді. «Менің арманым жоқ, мен бір өліп, қайта тірілген жанмын. Соғыстан аман келіп, балалы-шағалы болып, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған адаммын. Елде бейбітшілік болсын, соғыс болмасын. Нанымыз көп болсын» деп отырушы еді» деп еске алады әкесін бізбен әңгімесінде қаладағы «Медпроммонтаж» ЖШС-нің бас бухгалтері Үміткүл Дүйсенқызы.

Марқұм Дүйсен ақсақалдың өзі айтқандай «өліп-тірілген солдат» Ұлы Жеңістің 54 жыл бақытты баян­ды ғұмыр кешіп, немере-шөбере сүйіп, ата атанып, 1999 жылы өмірден озады. Өмірлік серігі Рахима екеуі 9 ба­ла өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырды. Соғыстан кейін бүкіл ел болып жұмылған еңбек майданына бел шеше кірісіп, зейнеткерлікке шық­қанша ауыл шаруашылығы саласында тер төгеді. Қарапайым механизатор 9 баласының бәрінің білім алып, қатарынан қалмауына көңіл бөледі. Әке үміті ақталып, балаларының бәрі жоғары білім алады. Бейсенкүлі дүние­ден озған. Алмасы – экономист, Үміткүлі – бухгалтер, Күміскүлі – мұғалім, Дәмегүлі – мәдениет сала­сының, Қалдыгүлі – сауда саласының қызметкері, Серігі – су инженері, Бақыты – жолсерік, Ләззаты – тәрбие­ші болып, әр саланың білікті мама­ны атанып, әкенің жақсы атын асқақтатып жүрген азаматтар.

Осынау бақыт төрінде, бала-шағаға амандық, ел-жұртқа тыныштық, ашық аспан тілеген Рахима әжей 90 жасында дүниеден озды.

Жеңіс АЙМАҒАНБЕТОВА,
журналист

13 мамыр 2025 ж. 192 0