Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Менің Атам – майдангер

Менің Атам – майдангер

Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс,
Қирады талай арман көңілге алған.
                                         (М.Темірұлы)

Ұлы Жеңіс! Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің, бесіктен белі шықпаған 17-18 жас аралығындағы майданға қару асынып кеткен жас­тардың батылдығының арқасында келді. 1941 жылы Кеңес Советтік Социалистік Республикалар Одағы тізеден қан кешті. Тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап-ақ, еліміз жұдырықтай жұмылып, сүбелі жетіс­­т­ік­­терге қол жеткізді. Ота­ны­мызды қорғау үшін ер-азаматтар әскерге шақыртылды. Әскерге шақыр­­тылғандар ішінде менің атам Сәрсенбаев Қожаберген де бар еді. Атам елі үшін, ұрпағының ғұмыры үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі.

Менің атам – Қожаберген Сәрсенбаев 1923 жылдың 1 маусымында бұрынғы Бидайкөл колхозы, қазіргі А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. Тереңөзек қыстағында ұлағатты ұстаз Оспан Әбілпаттаевтан 7 жылдық білім алған. Комсомол қатарына қабылданып, 1941 жылы соғыстың басталғанын естіген атам жергілікті әскери комиссиариатқа тіркеліп, 1942 жылдың 29 мамырында 19 жасында әскер қатарына алынады. Ақтөбеде әскери комиссиядан соңғы рет өтіп, жарамды болған соң бір ай жүріп Башқұртстанның Тайбаза стансасына жетіп, 15 шілдеде 2-ші Украин майданының құрамында Сталинград шайқасына кіреді. Кавалеристер ротасының құрамында Сталинград түбіндегі Хафез өзенін жаудан қорғайды. Ұлы Отан соғысы жылдары Москва, Курск доғасы, Украина, Сталинград, Ленинград қалаларын азат етуге қатысқан. Атам жеңісті Германияның Кронштейн қаласында қарсы алады. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі үшін 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, 1999 жылы Жеңістің 55 жыл­дығы орай «1941-1945 жылдары соғыс ардагері» төсбелгісімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен, «За победу над Германией», «Ұлы Жеңістің 30,40,50,55,60,65жыл», «Ұлы Отан со­ғы­сы жылдарында Украинаны азат ету­ге қатысқаны үшін» 2004 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», Тәуелсіздік жылдары «Астананың 10 жылдығы», Ұлы Отан соғысының ардагері «Ж.Маханбетовтың 100 жылдық» медальдарымен, «Сталинград шайқасына 70 жыл» толуына орай Волгоград облысының губернаторы С.А.Боженовтың құттықтау хатымен марапатталған.

Соғысқа толық қатысып, 1947 жылдың 15 наурызында елге оралған. Бейбіт еңбекке араласады. Атам атадан қалған жалғыз тұяқ болғанымен бұтағын жайған алып бәйтеректей ұрпағын өрбіткен абзал әке атанды. 1949 жылы отау құрып, Азия әжеміз екеуінен өрбіген 3 ұл, 5 қыздан бүгінде 29 немере, 41 шөбере сүйді. Атамыз 2013 жылы 90 жасында дүние салды.

Бүгінде Ұлы Жеңіске 80 жыл толды. Өмірі өнегеге толы атамызды біз мақтан тұтамыз. Әрі жеңіс жеңімпазының ұрпағы екенімізбен мақтанамыз. Мен – Отан үшін отқа түскен майдангердің немересімін. Ал майдангер аталарымыз туған жердің де, халықтың да қорғаушысы болды. «Менің атам ел қорғаған батыр» деген сөзді айтқанда кеудемді қуаныш билейді. Ерліктерін аңыз қылып айтар ел барда, аталар рухынан тәлім алған біз барда ешкім де, ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды!


Ақмарал КӘДІРХАНОВА,
немересі
10 мамыр 2025 ж. 151 0