Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атамды мақтан тұтамын

Атамды мақтан тұтамын

Еңселі елдіктің рухын өрлетіп, Жеңіс жалауын желбіреткен майдангер ұрпақтары аталарының ерлігін ұдайы мақтан тұтады. Жерімізді жау тылынан азат етіп, Жеңісті жақындатқан батырлардың есімін түгел ұрпақ қастерлеуге міндетті. Осы ретте Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жасұлан Марат есімді оқырманымыз атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайранбай Сманов туралы толғанып, редакцияға хат жолдаған еді. Оқырманның пайымды ойын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Ұлы Жеңіс! Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің, бесіктен белі шықпаған, 17-18 жасында майданға қару асынып кеткен жастардың батылдығының арқасында келді. 1941 жылы Кеңестік Соцалистік Республикалар Одағы тізеден қан кешті. Тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап-ақ еліміз жұдырықтай жұмылып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізді. Отанымызды қорғау үшін ер-азаматтар әскерге шақыртылды.

Әскерге шақыртылғандардың ішінде менің атам – Қайранбай Сманов та бар еді. Ол 1921 жылы Тереңөзек ауданы, Ақтүйе колхозында дүниеге келген. Бұл – қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылы. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1955 жылы ауылшаруашылығы техникумына түсіп, агроном мамандығын алып шыққан.

Атам – елі үшін, ұрпағының ғұмыры үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі. 1942 жылдың 22 қыркүйегінде атам әскерге шақыртылған. Алдымен теңіз жағасындағы Владивос­ток қаласында Ворошиловск атқыштар полкінде әскерге дайындайтын мектепте бірнеше ай бойы соғыстың қыр-сырын меңгереді. Кейін 963-атқыштар полкі құрамына алынып, сұрапыл соғыс даласына кіреді. Қан сасыған сұрапыл арасында жүріп сол аяғынан қатты жарақат алып, алты ай госпитальда емделеді. Ауыр соққы алса да жаудан ығып, жігері қайтпаған атамның ерлігін ұрпақтары мақтан тұтады. Жауынгерлік жолын осындай азапты күндермен өткерген атам 1943 жылы елге қайта оралған екен.

Соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Қайранбай атам І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен, «Ұлы Отан соғысына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Ұлы Отан соғысына 40 жыл» мерекелік медалімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

Отан үшін от кешкен,
Өліммен де беттескен.
Омырауын оқ тескен,
Менің атам майдангер!

Менің атам соғыстан келген соң мүгедек екенмін деп қол қусырып қарап отырмай, бейбіт еңбекке бел шеше кірісіп кетеді. «Ақтүйе» колхозында есепші болып жұмыс істейді. «Техника жетіспейтін сол жылдарда негізгі көлік ат пен өгіз еді. Колхоз орталығынан учаскелерге жол жүру дегеннің қандай ауыр болғанын басынан өткерген адам ғана біледі» дейді анам үнемі атам туралы естелігінде.

Мен атамның шөбере ұрпағымын. Үш жасымда атам дүниеден озды. Үйдегі ескі альбомды ақтарып, атамның суреттеріне қарап жүремін. Атамның суреттері мен үшін алтыннан да қымбат қазына. Әжем оларды сандығында көзінің қарашығындай сақтаған. Атамның медальдары мен ордендеріне қарап, төбем көкке жетердей ерекше бір мақтаныш сезіміне бөленемін. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!


Жасұлан МАРАТ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
2-курс студенті

20 желтоқсан 2023 ж. 124 0