Әскери ұшқыш

Беркінбай қажыдан Әбілтай және Міржақып атты ұлдар тараған. Жақаш – осы Міржақыптың ұлы. Ол 1924 жылы Құндызды ауылдық кеңесінің аумағында дүниеге келген. Жақаш он үш жасқа толғанда әкесі Міржақып «Болашақ жастардыкі, терең білім алсын, орысша оқыса бір жерден шығады» деген мақсатпен Ленинград қаласына оқуға жібереді. Білім алуға ынтасы зор бозбала бастапқыда бөтен орта, бөтен қалада қиналғанымен жүре келе интернат тәртібіне төселіп, сабағын жақсы оқиды. Осы әсем қалада орта мектепті бітіріп шығады. Өкінішке орай осы кезеңде екінші жаһан соғысы басталады. Орысшаға жетік Жақаш біржылдық әскери ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға жіберіледі. Бұл оқу орнын аяқтағанда өзі де он сегіз жасқа толады. Әскери ұшқыш Жақаш Беркінбаев бомбалаушы ұшақтың ұшқышы болып 1942 жылы майданға кіреді. Басын қатерге тіге жүріп, фашистерге көктен зауал туғызып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Украина, Белоруссия мемлекеттерін азат ету ұрыстарына қатысады. Талай мәрте ерлік көрсетіп, «Ерлік үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз», «Үшінші дәрежелі Даңқ» тағы басқа ордендермен марапатталады.
Екінші жаһан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін де Жақаш Міржақыпұлының әскери миссиясы жалғасады. Қиыр Шығысқа аттанып, жапон милитаристерін тізе бүктіруге қатысады.
Әскери ұшқыш Жақаш Беркінбаев 1947 жылы ғана елге оралады. Оның әкесі Міржақып Беркінбайұлы да екінші жаһан соғысының жауынгері. Ол 1941 жылдың аяғында майданға аттанады. Бір жарым жылдай хат хабар келіп тұрады. Содан кейін хабар үзіледі. Беріде анықталғандай Міржақып Беркінбаев 1943 жылы Белоруссияның Гомель қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады. Ержүрек жауынгердің мүрдесі сол қаладағы бауырластар зиратында жерленген.
Жақаш елге келгеннен кейін соғыста жүргенде арман еткен бейбіт өмірдегі қастерлі мамандық мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеуді көздейді. Сөйтіп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң өзі туып өскен, балалығының ізі қалған Тереңөзек ауданының Шаған, Ильич (қазіргі Ақжарма) ауылдарында көп жыл мұғалімдік қызмет атқарады. Шағанда оқу ісінің меңгерушісі, ал Ақжармада мектеп директоры болып қызмет етеді.
– Менің анам Шәрбан 39 жасында қайтыс болып, әкемнің немере інісі Жақаш ағамның тәрбиесінде өстім. Сүйікті жары Рабиға апам да керемет жан еді. Осы кісілердің қолында оқыдым. Жақаш әкем өнегелі азамат болатын. Мектепке басшылық етті. Ал Рабиға анам кітапхана меңгерушісі болды. Отбасының берекесін келтірген асыл ана, он саусағынан өнер тамған, кілем тоқу, киіз басу ісінің нағыз шебері еді. Әкеміз бен бауырларының, балаларының есімдері жазылған, өз қолынан шыққан жәдігер дүниелер күні бүгінге дейін сақтаулы, ұрпағына мирас болып келеді. Ағайын-туысқа қамқорлығы, жасаған еңбегі таусылмас қазына еді. Жақсы жандардың жаны жәннатта болсын, – дейді Нәписа Әбілтайқызы.
2023 жылы қызы Әсима Санкт-Петербург қаласына барып, әкесінің оқыған мектебін іздеп табады. Сол кварталда тұрған Жамбыл Жабаевтың, Әлия Молдағұлованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, әкесінің оқыған мектебін аралап, бақыт құшағына енеді. Жақаш көкесі айтқан естеліктегідей Санкт-Петербургтың әлемдегі сұлу қалалардың бірі екендігіне көз жеткізеді.
Әкелі-балалы жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Ұрпақтан-ұрпаққа танылып, олардың мәртебесі биіктей бермек.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
журналистика саласының ардагері