Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаралы жауынгер, рухты майдангер сұрапыл соғыстан бір аяқпен оралған Әубәкір Сәрсенбаев туралы естелік

Жаралы жауынгер, рухты майдангер сұрапыл соғыстан бір аяқпен оралған Әубәкір Сәрсенбаев туралы естелік

Сұрапыл соғыстың қиямет-қайымы ешқашан ұмытылмайды. Отан үшін от кешкен ерен ерлердің де ерлік даңқы, боздақтардың рухы, біздің бейбіт күніміз үшін жан беріп, жан алысқан қиын сәттері, Жеңіс туын желбіретуге қосқан өлшеусіз үлесі уақыт өткен сайын аспандап, жаңғыра беретіні де анық. Соғыстың өрті мен отын көзбен көрген батыр бабаларымыздың бірі – Әубәкір Сәрсенбаев еді. Жаралы жауынгер, рухты майдангер сұрапыл соғыстан бір аяқпен оралып, өмірден өткенше елге адал қызмет етті. Ерліктің де, еңбектің де, елдіктің де ерен үлгісі болды.

Батыр бабамыз жеті әулие жерленген қазіргі Айдарлы ауылының киелі топырағында туып-өскен. Ол кезде ауылдың аты Құмшығанақ деп аталған. 1922 жылғы Әубәкір Сәрсенбаев 8 жасында Досмахан молда мешіті деп аталатын жерде екі жылдық мектепте, 1935-1939 жылдары Тартоғай станциясындағы 7 жылдық мектепте білім алған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1938 жылы Шиелі ауданында комсомол қатарына өтіп, бір жылдан кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық жұмыс­шылар факультетінің 1-курсына оқуға қабылданғанын аңғарамыз. Бірақ сұрапыл соғыс өртінің тұтануы «оқысам, ел қатарлы еңбек етсем» деген жалынды жастың асқақ арман-мақсатын күрт өзгертеді. Нақтырақ айтсақ, 1942 жылы Ысқақ, Смайыл, Әлайдар есімді ағаларымен бірге бір үйдің төрт баласы Отанды қорғау мақсатында майданға аттанады. Бұл айтуға оңай болғанымен бір отбасы үшін зор ауыртпашылық еді.

Кейіпкеріміз Әубәкір Сәрсенбаев Башкир АССР-і аумағындағы Алкино станциясындағы сержанттар дайындайтын №17 атқыштар бригадасында дайындықтан өтіп, сержант шенін алған соң Орынбор қаласының Тоцкая лагерінде 1943 жылдың тамыз айына дейін әскерге қабылданған жастарды соғысқа дайындайды. 1943 жылы Украинаның Запорожье қаласы түбінде шайқасқа қатысып, ерлігімен көзге түседі. Онда пулеметшілер бөлімшесін басқарып, Курск, Запорожье қалаларын басқыншылардан азат етеді. Ұрыс барысында екі рет жараланып, үшінші рет артиллерия снаряды жарылысынан ауыр жарақат алып, гос­питальда ем қабылдайды. 1944 жылы сол аяқты жуан саннан кестіріп, жаралы жауынгер ретінде елге қайтады. Ал өзімен бірге майданға аттанған үш ағасы да соғыста мерт болып, майдан даласында қалады.

Соғыстың өрті мен отын көзбен көрген рухты жауынгер елге келген соң «жаралымын» деп жатуды ар санайды. Қанша қиналса да бар күш-жігерін, қажыр-қайратын елдің, қоғамның дамуына арнауды мақсат етеді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Әубәкір Сәрсенбаевтің 1944 жылы қарт ата-анасын қолға алып, колхозға есепші болып орналасқанын, 1948 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясының қатарына қабылданғанын айтсақ болады. Өмірге деген құлшынысы жоғары, адал еңбекті ту еткен ардақты азаматтың Қызылорда қаласындағы бухгалтерлік курс­ты оқып, 1948-1963 жылдары аудандық партия комитетінің жолдамасымен Ақарық, Құмшығанақ, ірілендірілген Аманкелді, Ленин колхоздарының бас есепшісі қызметін атқаруын ерлікпен тең ерен іс ретінде бағамдасақ та болады.

– 1960 жылы Амангелді колхозына Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің І хатшысы И.Юсупов, Қызылорда облыстық партия ко­ми­тетінің І хатшысы С.Тоқтамысов, Сырдария аудандық партия комитетінің І хатшысы К.Қаракөзов келіп, елде үлкен құрылымды өзгерістер жасау үшін майдангер, тәжірбиелі қаржыгер ретінде әкеміз Әубәкір Сәрсенбаевты арнайы қабылдап, маңызды ұсыныстарын тыңдайды. Сол жылдары партия мен үкіметтің ауыл шаруашылығын дамытудың «отызмыңдықтар» деп аталатын қаулы­сына сәйкес, шар­уашылықты көтеру­ге жіберілген елге белгілі тұлғалар Қасымбек Ибраев, Бабөш Жөкенов, Нұрхан Дайырхановтармен бірге тізе қосып, еңбек етіп, колхоздық, аудандық, облыстық социалистік жарыстардың жеңімпазы бол­ғаны да тағылымы мол тарих. Әкеміз 1974-1985 жылдары Айдарлы кеңшарында есепші болып, зейнетке шыққан. Зейнетке шыққаннан кейін Қызылорда қаласына көшіп келіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін елмен араласып, ғибратты ғұмырын үлкен-кішімен, елмен сыйластықта өткізген. Анамызбен бірге 7 баланы өмірге әкеліп, бәрімізді адалдыққа, еңбекке тәрбиеледі. 40 жылдай табанды еңбек еткен, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан жаралы жауынгерді ел-жұрт қадірменді қарт ретінде құрмет тұтты. 1996 жылы 74 жасында өмірден озған әкеміз артына өшпес із қалдырды, – дейді майдангердің ұлы, облысымыздың бірнеше ауданын абыроймен басқарған ардақты азамат Қайратбек Сәрсенбаев.

Осы ретте берекелі отбасынан 5 ұл, 2 қыз түлеп ұшқанын, олардың бәрі ел дамуы­на лайықты үлес қосқанын айтып өткеніміз орынды. Үйдің үлкені Әбусақып көкеміз Айдарлы, Тартоғай совхоздарында бас зоотехник, бас экономист, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі қызметін атқарып, зейнет демалысына шықса, Сапура апамыз облыстық тұрмыстық қажеттілікті өтеу басқармасында, астық өнімдері комбинатында, күріш зауытында есепші болып еңбек еткен. Ал Қайратбек Әубәкірұлы Шиелі, Жалағаш ауданының әкімі, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары, басқарма мен инспекция басшысы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қо­ғам­дық-саяси дамуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Патыма – облыстық жүйке аурулары ауруханасының білікті дәрігері, жол инженері Мұрат «УАД» мекемесінде директордың орынбасары қызметін атқарып келеді. Үйдің кенжесі Жандос – ветеринария саласының білікті маманы, бүгінде Шиелі аудандық ветинспекция басшысы. Қазақ ұлттық университетін экология мамандығы бойынша бітірген Нұрлыбек өкінішке қарай былтыр өмірден өткен. Ұлағатты ұл-қыздардан тараған кейінгі толқын ұрпақтар да өмірден өз орнын тауып, әулеттің абыройлы жолын жалғастырып келеді. Мәселен, Айдос Қаржы министрлігінде департаментте басшылық қызмет атқарса, Айбек облыстық мамандандырылған әкім­шілік соттың судьясы. Ал Айнұр, Айгүл, Қарлығаш білікті дәрігер, Көркем, Гүлназ ұлағатты ұстаз ретінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Өзге де немере-шөберелер түрлі салада еңбек етіп, оқу оқып, әулеттің беделін биіктетіп, ел дамуына үлес қосуда. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар...

Ұлы Отан соғысының ардагері Әбубәкір Сәрсенбаев соғыста және соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Отанға, қоғамға жасаған адал қызметі мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысына 30, 40 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» медальдарын иеленген. Майдангерге Сырдария аудандық партия комитетінің, совхоз дирекциясының Құрмет грамоталары мен түрлі естелік сыйлықтары да берілген. Өз қолымен жазылған естеліктері негізінде «Әкемнен қалған әпсана», «Көкейде қалған бір бейне» кітаптары жарық көрген.

– Біз Әубәкір ағалармен он шақты жыл көрші тұрдық. «Көрші – Құдайдың бір аты» деген. Ағаның сыпайы, кең пейіл, көпшіл, қонақжай екенін алғашқы күннен-ақ танып үлгердік. Әбекеңнің үйінен қонақ арылмайтын, сол келген қонақтардың да кеңпейілділігі көрініп тұратын. Күнімхан апай да еңбекқор, ақылды отанасы болды. Біз сол кісілерден тәрбие алдық. Кейде бала сияқты біздің кішкентайларымызды да төбесіне көтеріп, айналып-толғанып отыратын. Өздерінің мінезі қандай болса балаларын да бауырмалдыққа тәрбиеледі, еңбеккерлікке үйретті. Соның арқасында ұлдары да, қыздары да өз еңбектерімен білім алып, ата-ана жолын жалғастырды, – дейді әулеттің жанашыры, ел ағасы Тынымқұл Құлымбетов естелік сөзін түйіндеп.

Ал немере інісі Еркін Шажанбаевтың айтуынша, Әубәкір Сәрсенбаев елдің, әулеттің тарихын тереңнен таразылайтын шежірелі қарт болыпты.

– Ол кісі оқуы да, тоқуы да ұштасқан керемет жан еді. Аға менің оқуымды тексеріп, оның үстіне шыққан тегіміз туралы шежірелерді айтушы еді. Әулетіміздегі арғы-бергі азаматтарды дәл қасымызда отырғандай атына затын қосып, саусақпен санап таныстыратын. Кезек соғыстан қайт­пай қалған ағайындарға келгенде төмен қарап мұңаятын, сол мұңды ұзақ үнсіздікпен сездіретін. Бұл – ағаның бауырмалдығын көрсететін бір ғана оқиға. 1962 жылы институтқа оқуға түсіп, әрі сонымды айтайын деп, әрі Әбекең ағама сәлем берейін деп келгенімде жүзі жадырап қуанып, туған әкемдей батасын берді. «Сен локомотивсің» деді. Тағы бір келгенімде: «Сен біріншісің» деді. Мен тағы да түсінбедім. Амал жоқ, «Аға, сіздің айтқаныңызды түсіне алмадым» деп күмілжіп көзіне қарадым. Сонда аға маған: «Сен біздің әулеттен бірінші болып жоғары оқуға түстің, екінші Әбдуәли, үшінші Бақыт ағаң» деді. Ағаның айтқан осы сөзінде үлкен салмақ бар еді. Ол маған әулеттің абыро­йын арқала деген сөзі сияқты болды. Бірінші болдым ба, болмадым ба, оны білмеймін, бірақ ағаның әлгі сөзі маған аманат сияқты сезіліп, әлі күнге дейін әулеттің барлық ыстық-суығына араласып келе жатырмын. Әрине, ағадай бола алмаспыз. Бүгінде ардақты тұлғаны балалары еске алып, дұға бағыштап, атын жоқтатпай ел абыройын арқалап жүр. Мен осыған қуанамын, – дейді абырой биігіндегі азамат Еркін Шажанбаев.

Тағы бір естелікке кезек берсек. Еңбек ардагері Оразкүл Қожанбайкеліні Cәрсенбаевтар әулетінің бекем бірлігін, тату тірлігін көпке үлгі етеді.

– Мен осы әулетке 1955 жылы келін болып түстім. Ағаның үйімен қатар-қоңсы болдық. Аға мен абысынның үлгі-өнегесін келін болып түскеннен бастап-ақ көре бас­тадым. Аға туралы әңгіме айта бастасаң, ол бір күннің беделіне сиятын сөз емес.
Ол кісі бір әулеттің аясындағы адам емес-ті, ол кісінің ақылына, шешіміне бүкіл ауыл сүйенетін. Сондықтан да ол ел сыйлаған, жұрт қадірлеген кісі болды. Халықтың ортасында жүрді. Көрегенділік, білгірлік, ақылдылық, тіпті ақындық бәрі де ағаның бір бойынан табылатын. Ел іші болған соң ағайынның оны-мұнысы болады, сондайда ол мәселе ағасыз бітпейді, аға араласса бәрінің шешімі оңынан табылып жатады. Ол кісі соғыстан бір аяқпен оралса да, екі аяғын тең басқандардың алдында жүрді. Біздің абысынымыз да жақсы адам еді, – дейді Оразкүл Қожанбайкеліні.

Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Отан үшін от кешкен ерен ерлердің де ерлік даңқы, боздақтардың рухы, біздің бейбіт күніміз үшін жан беріп, жан алысқан қиын сәттері, жеңіс туын желбіретуге қосқан өлшеусіз үлесі уақыт өткен сайын аспандап, жаңғыра береді. Биыл – Ұлы Жеңіске 80 жыл. Айтулы датаға орай соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетіліп, көше аттары берілуде. Бұл құрметке соғыстың өрті мен отын көзбен көрген батыр бабамыз, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Әубәкір Сәрсенбаев та әбден лайықты...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі

19 сәуір 2025 ж. 257 0