Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕ ТАРИХ КӨМБЕСІ

КӨНЕ ТАРИХ КӨМБЕСІ


Теміржол вокзалына бара қал­саңыз, жанынан тарихи ғимаратты бай­қай­тыныңыз анық. Ішіне енсеңіз, сан ғасырлық сырды бүккен көне жә­дігерлерге куә боласыз. Сыры кетсе де сыны кетпеген бұл ғимараттың музей екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сонау Николай патша заманынан бері келе жатқан  ғимарат 1905 жылы салынған архитектуралық тарихи мұра. 1917 жы­лы әскери казарма болған нысан кейін сан түрлі мақсатта қолданылды. 2004 жылы қайта қалпына келтіріліп, «Ақ­мешіт» музейі болып ашылды. Мұнда Ақмешіт, Перовскіден бастау алатын тарих легі бүгінгі күннің мұраларымен ұштасып жатыр. Тарихи жәдігерге толы мұражайға кіргеннен өзгеше әсерге бөленесіз. Қадым замандағы қыш құмыралар, ағаштан жасалған ыдыстар бірден өзіне үйіріп әкетеді.

Қамысқаладан басталған қадам
Музей төрт залға бөлінген. Бірінші зал – қаланың Қамыс­қала болып негізі қалан­ған тұстан басталып, Ақмешіт, Перовск кезеңдеріне жалғасады. Тарихқа жүгінсек, “Ақмешіт” бекі­нісі шамамен 1817 жылы Сырдария өзенінің сол жаға­лауындағы Ташкенттен, Бұ­қара мен Хиуадан Атбасар арқылы, Батыс Сібірге Торғай ар­қылы Тройцкіге, Орынбор губерниясына баратын керуен жол­дарының қиылысында са­лын­ған. Яғни, жан-жағына қа­мыс пен бұта өскен көлдер мен батпаққа толы үлкен ойпатты аралда орналасқан екен. Бұл ойпат «Бақалы қоға» деп атал­ған. Сондықтан болар, 1817 жылы негізі қаланған Қызыл­ордаға Қамысқала деген атау берілген.
Зал ортасына келгенде “Ақмешіт” бекінісінің макеті ерекше көзге түседі.  Макетті қарап тұрғанымызда экскурсия жетекшісі Райса Алдоңғарова келіп, бекініс жайлы біршама ақпаратпен таныстырды.
– Сырдарияның оң жақ жағалауында 270 метр жерде тұрған “Ақмешіт” бекінісі саз балшыққа майда сабан ара­ластыра салынған қамал болған. Оның қабырғаларының төменгі жағы 10,5 метр, ал жоғарғысы 4 метрден аса қалыңдықта бол­са, оның биіктігі 11,5 метрге бар­ды. Қабырғаларында ұзын тіс­ті қорғаныштар, әр бұрышта зең­біректер орналастырылған мұ­­наралар болды. Бекіністің өзен жағасындағы мұнарасына те­мірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылды. Бекіністің ішін­де тұщы суы бар үш құ­дық, екі мешіт-медресе және бал­шықтан салынған үйлер бол­ды. Орданың айналасы 11 метр­ге дейін ендіктегі орлар­мен қоршалып, ол суға тол­тырыл­ды. Онда әйелдер мен ба­ла­ларды қоспағанда 400-ге жуық қоқандық пен жергілікті қазақтар тұрған. 
1853 жылы Орынбордың генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтар салған қорған “Ақмешітке” қарсы жорық ұйымдастырады. Қоршалып шабуыл жасалғаннан кейін бекініс алынып, ол әскери трек пунктіне айналды. Сыр­дария өзенінің жағалауында орналасқан қорған сол жылдың 31 тамызында патша жарлығымен «Перовск форты» болады.
1867 жылы Түркістан генерал-губерна­тор­лығының құрылуына сәйкес құрамына 5 уезд қарайтын Сырдария облысы пайда болды. Перовск уезінің орталығы – Перовск қаласы болды, атауы өзгеріп «Перовск форты» болып аталды, – дейді ол.
Тарихи мәліметтер орналасқан сөреден Перовск қаласының гербін де көзіміз шалды. Бұл герб 1908 жылы сәуірде бекітілген. Түпнұсқасы қорда сақтаулы тұрған көрінеді. 
ХIХ ғасырдағы Перовск қаласындағы ең үлкен өзгерістің бірі “Орынбор-Ташкент” темір­жолының салынуы болатын. Ұзындығы 1765 шақырым болатын теміржол тәулігіне 2 бағытта 22 жүк поездарының өтуін қамтамасыз ететін болды. Теміржолдың трестік бөлігі 1901 жылы басталып, 1905 жылдың 26 шілдесінде аяқталып, жұмыс жасай бастады. Бұл “Орынбор-Ташкент” темір жолы тек Перовск қаласына ғана емес, бүкіл өлкенің өміріне өзгеріс әкелді десек болады. Міне, сол кездегі теміржолшылардың пайдаланған фонарь, саквояж телефон, сағаттар да осы бөлімнің жәдігерлер қатарын толықтырып тұр.
Сондай-ақ, қазақ халқының алғашқы кездегі үй тұрмысында қолданған мыстан жасалған бұйымдары мен диірменін, ағаш табақ пен келі-келсап және ауыл шаруашылығындағы пайдаланған заттарын да осы залдан табасыз. Қақ ортада тұрған қол диірмен біздің де балалық шағымыздың белгісіндей. Сонау заманнан бері қолданыста болған бұл жәдігердің орнын кейінгі уақытта су мен жел диірмені басса, бүгінде олардың орнын электрмен жұмыс істейтін диірмендер алмастырып тұр. Музейдегі бұл жәдігердің көш­пенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шертер құнды зат екені анық.
Құндылығын жоғалтпаған дүниелер арасынан білтелі мылтықты байқамау мүмкін емес. 19-ғасырдың жәдігері “Ақмешіт” бекінісі үшін болған шайқаста пайдаланылыпты. Құм­нан табылған қаруды му­зейге Г.Ибрагимова деген кісі өткізген.
Астана болған Ақмешіт

Бұл 1925 жылдың ақпан айы болатын. Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің мұндай шешімін өлке еңбекшілері қуанышпен қарсы алды. Республика астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанда ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Оның үстіне Ақмешіт суармалы егістіктің орталығына орналасты. Осы­лайша “Перовск” станциясы теміржол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан Үкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өт­кізіп, Орынборға жібереді. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Кеңестің V съезі болып, онда бірінші рет Сырдария және Жетісу облыстарының өкілдері қатысады. Осы съезде халықтың тарихи есімі қалпына келтірілді. Сондай-ақ, бұдан былай АКСР астанасы Ақмешітті «Қызылорда» деп атауға қаулы қабылданады.1925 жылдың сәуірінде өткен Қазақ АКСР-і Кеңесінің V съезі Республика дамуының келешегін айқындап, ұлттық мемлекеттік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдерін қабылдайды. Съез­дің құрамына Сыр елінің көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді. Сол уақытта С.Есқараев рес­публика ішкі істер халық комиссары болып сайланды. Осы съезде Б.Ж.Аралбаев Қазақ АКСР Атқару комитетінің хатшысы болады. Осындай та­ғы­лымы мол тарихты музейдің екінші бөлімінен көре аласыз. Мұнан өзге мұнда  ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салалары, тарихи ғимараттар мен ұлы тұлғаларымыз туралы құндылықтар орын алған. Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қо­жа­нов, С.Есқараев, И.Тоқ­тыбаев, т.б. сынды қоғам қайрат­керлерінің жүріп өткен өмір жолын кітаптан ғана емес, дәл осы залдан да көруге болады.
Бұл бөлімдегі ең құнды дүниелердің бірі Ахмет Бай­тұрсыновтың  “Әліпби жур­налы” мен 1928 жылы жарық көрген әйелдерге ар­налған “Әйел теңдігі” журналы. Ла­тын тілінде жа­зылған І.Жан­сүгіровтің “Жаңқа” еңбе­гінің  түпнұсқасы кө­ненің көзіндей сол қалпында сақтаулы тұр.

Тарих пен тағылым
Келесі зал Қызылорда облы­сының құ­ры­лу тарихы және аймақтағы өндіріс сала­лары­­ның дамуынан дерек береді. Өткен күн­нің естеліктерін ғана емес бүгінгі күннің же­тіс­тіктерін де тамашалауға болады. Ал, зиялы қауым өкілдерінің қонақ бөлмесінен интерьер  залында сол кездегі тұлғалар тұтынған жиһаздар мен мүліктер орналасқан. Оның ішінде ХІХ ғасырда Германияда жасалған пианиноны ерек­ше атап айтуға болады. Әлі күнге дейін жұ­мыс жасап тұрған аспаптың пернелері пілдің мүйізінен жа­сал­ған. Бұдан бөлек, сол заман­дағы үтік, патефон, кілем тарағы мен телефон бар. Сондай-ақ, киім фабрикасының өнімдері де осында жинақтаулы. Оң жақ­та, ХVІІІ ғасырдың аяғы немесе ХІХ ғасырдың басында ресейлік ағаш шеберлерінің қолы­нан шыққан  ыдыс-аяқ салу үшін пайдаланылған үй жиһазы тұр. Биіктігі – 2 м 60 см, үстіңгі бөлігінің ені – 1 м 60 см-ді құрайды.
– Мұндай бағалы дүние негізінен зиялы қауым өкіл­дерінің төрінде тұрған. Нағыз шебердің қолынан шық­қан, жинауға да ыңғайлы болып келеді. Мұны бізге тари­хымыздың жанашыры Гүлнар Баяділова Шымкенттің көр­кемсурет галереясынан арнайы әкеліп, табыстады. Содан бері біздің музейдің еншісінде, – дейді музей меңгерушісі Кенже Ахметова.
 Ал 150 жылдық тарихы бар қабырға сағаты әлі де өз бабында тұр. Бұл сағат “Le Roi a Paris” деп аталады. Француз тілінен аударғанда “Париж патшасы” деген мағынаны білдіреді. 1901 жылы Францияда жасалған баға­лы бұйымның биіктігі – 1м, ені – 36 см. Мұны да Гүл­нар апай табыстаған екен. Бүгінде осы экспонаттардың бар­лығы “Ақмешіт” музейінің экспо­зиция­сынан орын алып, баға жетпес мол мұраға айналып отыр. 
Елбасы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында ең алдымен ұлттық кодты сақтауды алға тартқан болатын. Яғни, тағылымы мол тарих пен ықылым заманнан арқауы үзілмеген құндылықтарды жал­ғау. Сол арқылы әрбір қадамды нық басып, болашақ­қа сеніммен жету. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі екенін ерекше айтқымыз келеді. Сондықтан көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа көздің қара­шығындай жеткізетін осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
10 маусым 2018 ж. 1 325 0