Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Тарих еншісіндегі естелік: Тайқазан туралы не білеміз?

Тарих еншісіндегі естелік: Тайқазан туралы не білеміз?

Қазақ ұғымында қазанның қадірі мен қасиеті ерек. Қазақ пен қазан ұғымын қатар қолданатын тұстар да кездеседі. Жалпы дәстүрлі қазақ қоғамында қазан ырыс-несібенің, тоқтық пен мырзалықтың, молшылық пен адалдықтың үлгісі ретінде қарастырылады.

Көпшілік ара­­­­сында ке­йін­­гі кез­­де жиі қоз­­­ғалып, тіпті та­ри­хы талас ту­ғы­­зып жүр­ген тақы­­рып­­­тың бірі – Түр­кістан қа­ла­­сын­дағы тай­қазан. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде орналасқан алып қазан кесенеге кіреберісте орнатылып, келген қонақтардың назарын аударады. Алып қазанды айнала суретке түсіп, қызықтап қарайтын көпшілік тереңнен сыр шертетін тайқазан тарихын кеңінен біле бермеуі мүмкін.

Тарихты толғамдап, оны кейінгі ұрпаққа бұрмалаусыз жеткізіп насихат­таудың ма­ңы­зы зор. Олай болса, біз де зерделеген ақпараттарымызды жи­нақтап, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Қазір Түркістан төрінде тұғырға қонған тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұра. Тұтастық пен игі істің символындай болған қазан 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. Ортағасырлық тарихи құнды дүние Түркістаннан 25 ша­қырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде әйгілі Тұран билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында жасалған деген тарихи дерек кездеседі. Тайқазан құрамы алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы металдарының қосындысынан тұрады. Салмағы 2 тоннаны құрайтын ескерткіштің сыйымдылығы 3 мың литрге дейін жетеді. Биіктігі 1,62 метр болса, диаметрі 2,42 метр. Сондай-ақ тайқазанға Құран аяттары, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистері жазылып, сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады.

Жәдігер заманның аласапыранында о бастағы орнынан қозғалып, 1935 жылы Ресейдің Санк-Петербург қаласында өткен Иран шеберлерінің ІІ халықаралық конференциясына көрсетуге әкетілген. Содан арада 55 жыл өткенде ғана тарихи ес­керт­кіш бастапқы отанына қайта­рылған. Қазан­ның Түр­кіс­тандағы кесенеге қойылғанына 35 жыл болып қалды. Тарих­шы­лардың жазуынша, Санк-Петербург қаласына жөнелтілгенде қазанның қасында қос шырағдан қоятын қола тұғыр да болған. Бірақ араға жарты ғасырдан астам уақыт салғанда тек қазанның өзі келгенін айтады.


Көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор екенін де атап өту маңызды. Тартыстың өзі осы тұста туындайды. Біреулер қазанды елге қайтарған Өзбекәлі Жәні­беков десе, енді бір деректе Тұңғыш Президент аты аталады. Сонымен қа­тар кезіндегі Түр­кістан қа­ласы атқару коми­тетінің төр­ағасы Еркін Жорабеков пен сол уақытта Түркістан қаласында басшылық еткен Нұридін Балқияұлының есімі, ара-тұра басқа да тарихшы, басшылардың есімі кездесіп жүр. Не десек те, 1989 жылға дейін қазанды атамекенге қайтаруға бірнеше мәрте әрекет жасалғанымен, нәтиже аздау болғаны белгілі. Әлбетте, әр деректе әртүрлі тұлғаның аты аталатыны да, біздіңше, содан. Әрине үлкен істі бір адамның бастан-аяқ жалғыз өзі атқарып шығуы да мүмкін емес. Демек түрлі деректің келтірілуі де орынды.

Қазір туристердің тұрақты бас сұғатын орталығы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұрған қазанның сыртында үш қатар жазу бар. Нақтылай айтсақ, алғашқы қатарда Құранның Тәубе сүресінің 19-аятынан үзінді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайын­дайды» деген хадисі жазылған. Ал келесі қатарда «Әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Яссауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған» деген сөйлем бар. Бұл тұста жәдігердің құйылған уақыты қоса айшықталған. Келесі қатарда тайқазан авторының аты-жөні көрсетілген.

Індете зерттеу барысында мынадай деректі көзіміз шалды. Он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралады. Әдетте қазанға бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылады екен. Жұма күні жұма намазына келгендер қазандағы сусыннан қана ішетін болған. Қазан құрғағаннан кейін әркім өзінің қолында барын қазанға салып, кейін оны шырақшылар мұқтаж жандарға бөліп беретін болған.

Жалпы айтқанда қазақ ұғымында қазанның қадірі жоғары. Не де болса жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл мәселемен елім деген азамат­тар­дың айна­лысқаны айқын. Ұлт тарихында үлкен орны бар тай­қазанның оралуымен академик Өмірзақ Айтбаевша айтсақ, еліміздің ырысы, дәулеті қайта оралғандай болды. Ал қасиетті алып қазан тұрған Түркістан қаласы қазір түркі әлемінің мәдени астанасына айналып келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото:ашық дереккөзден
23 шілде 2024 ж. 350 0