Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегесі өміршеңдігін жоғалтпайды

Өнегесі өміршеңдігін жоғалтпайды

Майдангерлер ерлігін елге мұра ретінде насихаттаудың маңызы күн санап артып келеді. Соғыс ардагері, әкем Әбді Омаровтың ерлік өнегесін бөлісу аталған мұрат аясында өрбитіні даусыз.

Әбді Омарұлы әскерге бұрынғы Тереңөзек ауданының «Жаңаөріс» ұжымшарынан 1942 жылғы 25 тамызда шақырылады. Әуелде I Белорусь майданы, кейін II Белорусь майданының құрамына кірген 65-армияның 193-дивизиясының жауынгерлері сапында атқыш, пулеметке әрі зенитке бағдар беруші ретінде ұрыстарға қатысады. Жалпы жеке өзінің 52 неміс-фашистің көзін жойғанына жауынгерлік кітапшасы куә.

Әкемнің майданда бастан кешкен естеліктері – ұзақ әңгіме. Соның екеуіне ғана қысқаша тоқталсам деймін. Біріншісі – 1944 жылғы 30 шілдеде Польшамен Белорусь (Брест облысы) шекарасындағы Батыс буг өзені бойында болған. Рота командирі әкеме және бір сарбазға өзеннің жау жақ бетінде, 100 метрдей жерде, ағып жатқан үлкен каналдағы өткелді күзетуді бұйырыпты. Түн ортасы ауа бір взводқа жуық фашист шолғыншыларының сыбдырсыз өткелге кеп қалғанын дер кезінде байқаған әкем дереу гранаталарын лақтырып, іле-шала автоматымен оқты қардай боратыпты. Ұрыс алаңында оншақтысы сеспей қатқан фашистердің аман қалғаны жарақаттанғандарымен қоса бас сауғалапты. Осы ерлігінің бағасы – III дәрежелі «Даңқ» ордені.

Екіншісі – 1945 жылғы 20 сәуірде Германияның Подюхи елді мекені (қазіргі Польшаның жері) тұсындағы Одер өзенінде болған. Өзеннен өту кезіндегі жанқиярлығы үшін кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені тағылған. Марапаттау парағында «39-дивизияның жеке зенит-пулемет ротасының атқышы Ә.Омаров Одер өзені үшін болған ұрыста алдыңғылар қатарында пулеметін өзеннен өткізіп алып, оқ жаудырып, жаудың 2 атыс ұясы мен 12 сарбазының көзін жойды. Өзінің батылдығы және ержүректігімен көзге түсіп, қасындағы қаруластарын жеке үлгісімен жеңіске жігерлендіре білді» делінген.

Аталған ордендеріне қоса I дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, басқа да әскери мадақтамалары – қан майдандағы ерліктерінің жарқын дәлелі.

Соғыс қимылдары аяқталған соң Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг қаласынан 1945 жылы 25 қазанда елге қайтарылады. Айтуы бойынша, әскер сапынан алдыңғы лекпен босатылуына Белоруссияның Гомель облысының Гороховищи мен Паричи селолары маңындағы және Батыс буг өзенінен Польша жеріне өтердегі ұрыстарда алған жарақаттарының себі тиеді.

Өткен күндерін еске алғанда жырдай қылып айтатын негізгі әңгімесі – неміс селолары тұрғындарының көл-көсір байлығы. Іс жүзінде шабуылдаушы болған кеңес әскерінің көп қырылғанын және киноларда уағыздалғандай, олардың немістің бейбіт халқына мейірбандық таныта қоймағанын да айтып отыратын. Кеңестік фильмдердің неміс-фашистер ғана қырылып жатқандай әсер қалдыратынына қарны ашатынын жасырмайтын еді.

Әкемнің туған ағасы Ерманов Әбділда Омарұлы да соғысқа қатысып, хабарсыз кетті. Ізденістер нәтиже берген жоқ. Кезінде Қызылорда пединституты жанындағы мұғалімдер институтында оқыған ол кісінің артында үшбу хаттары мен өлеңдері қалды. Әкеміз көзінің қарашығындай сақтаған бұл дүниелер – әулетіміздің құнды жәдігері. Ең бастысы, бауырының рухы мәңгі жасасын деп өзінің тұла бойы тұңғышын оның атына жаздырды. Марқұмның бүгінгі шөбересі Әбу-Бәкір Әбділда тегінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғастығының нағыз көрінісіндей.

Өткен жылы интернет желісінен әкемнің ағасына қатысты мынадай дерек табылды: «Ерманов Абдильда, I Украина майданы, ефрейтор, жеке мотоинженерлік-барлау ротасының саперы, туған жылы – 1921 жыл, қайтқан жылы және жері – 20.07.1944 жыл, Украинаның Львов облысының Золочевский ауданындағы Белый Камень селосының маңы». Әке аманатын орындау, яғни соғыста шейіт болған марқұмның бейітіне туған жердің бір уыс топырағын салу – ұрпаққа парыз.

Бейбіт өмірде әкеміз көрші орналасқан Тереңөзек, Сырдария аудандарындағы бірқатар шаруашылықтарды дамыту ісіне атсалысып, 1968 жылы Тереңөзек ауданында жаңадан ашылған «Іңкәрдария» кеңшарына қоныс аударды. Сонда ұзақ жыл экономист, бухгалтер қызметтерін атқарды.

Анамыз Шәмшия Жүсіпбекқызымен 49 жыл отасып, 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірсе, олардан 26 немере, 30-дан астам шөбере тарап отыр.

Сұрапыл соғыстың қасіреті жүрегінде өшпес жара қалдырған әкем бейбітшіліктің қадір-қасиетін жақсы түйсінетін. Содан болар, «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген ізгі тілегін үнемі аузынан тастамайтын. Қандай кезеңде де фашизмнің өлшеусіз зардабы өскелең ұрпаққа ұмытылмас сабақ болуы тиіс.

Қали ОМАРОВ,
публицист-жазушы
04 қаңтар 2024 ж. 357 0