Ерлігі ерен майдангер
Ұлы Отан соғысы... Ұлы Жеңіс... Бүгінгі ұрпақ сұрапыл соғысты көзбен көрмегені рас. Десе де, кейінгі ұрпақ елдігіміздің еңселі, шекарамыздың берік, ұлтымыздың ұлықтылығы кешегі қан майданда жан аямай, ұрпақ үшін қанын да, жанын да қиған арда азаматтардың ерен ерлігін ешуақытта ұмытпақ емес. Сұм соғыс бірде-бір отбасын айналып өтпегені белгілі. Соғысқа қатысып, жеңіспен оралған, ерлікпен қаза тапқан немесе жоғалып кеткен тұлғалардың есімі мен ерлік ісін ұмытпай, кейінгіге өнеге ету – бүгінгінің парызы.
Халқымыз үшін Б.Момышұлының есімі қадірлі, жұртшылық И.Панфиловтың Отан үшін отқа түскенінен де хабардар. Ал Р.Қошқарбаевтың ерлігін ешкім ұмытқан емес. Ісі тұтас ұрпаққа үлгі батыр тұлғалар туралы жазылып та, айтылып та, зерттеліп те жүргені аян. Десек те, Жеңіс туын желбіретуге барын салып, жан аямай от пен оқтың арасында айқасқан бір жарым миллион қазақстандықтың көпшілігі аталмай қалып жүргені тағы бар. Тылдағы тынымсыз еңбекпен жеңісті жақындатқандар жайы тіпті бөлек.
Осы орайда біз қолға қалам алып, қан майданның бел ортасында жүріп, ерлік ісі елге мұра болып қалған майдангер Якуда Бодыбаев туралы жазуды жөн санадық. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – аманат». Бұған дейін көп жерде аты атала бермеген батырдың ұрпақтары аудандық газет редакциясына келіп, әкелері туралы естелік пен қолда бар ақпаратпен бөлісті.
1923 жылы Тереңөзекке қарасты ХХІ Партсъезде дүниеге келген Якуда Бодыбаевтың туғанына биыл – 100 жыл. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз осындайда айтылса керек. Саналы ғұмырында жеті бала, жиырма бес немере сүйген азаматтың маңдайына 76 жыл ғұмыр кешу жазылған екен. Жеңіс жолында бір аяғын құрбан еткен ол 1999 жылы дүниеден озады. Артында қалған ұрпағы, көзін көрген замандастары – біздің мақаламыздың негізгі дереккөзі болды.
– Мен 1976 жылдан Тереңөзек ауданындағы Құндызды ауылсоветіндегі Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшарға есепші болып қабылдандым. Кеңшар директоры Әшім Сәрсеков, бас есепші Жаңақұл Ақназаров ағай еді. Ал Якуда ағамыз сол кезде кеңшардың құрылыс бөлімінің есепшісі болып жұмыс істеді. Өзінің ісіне мығым, есепке жүйрік, әр істің ретін, жүйесін келтіріп отыратын кісі еді. Жауапкершілік пен талапшылдығының арқасында талай жерде ұтымды шешім қабылдап, қиын жағдайды сәтті шешіп шығатын еді. Өзі бір аяғының жоқтығына қарамастан шымыр әрі шапшаң кісі еді, жарықтық. Ұлы Отан соғысында жарақат алып, бір аяғын кестірген. Бұл кісінің тұрған үйі мен құрылыс бөлімінің арасы 2-3 шақырымдай еді. Сонда да аяғындағы протезбен жаяу барып, жаяу қайтатын еді. Ол заманның адамдары сондай еңбеккеш еді ғой. Ағаймен 1985 жылға дейін бірге жұмыс істеп, қызметтес болдым. Жұмыс бабында әркез білмеген, түсінбегенімізді үйретіп, ақылын айтып отыратын жаны жайсаң жан еді. Кейінгі буынға жұмыстың қыры мен сырын үйретуден жалықпайтын. Ол кісіден жұмыста ғана емес, өмірде де көп нәрсе үйренген едік, – дейді ардагер Серікбай Кенжебаев.
ХХ ғасырдың бас кезінде «Қызылдихан» деп аталған қазіргі О.Мәлібаев атындағы совхозда дүниеге келген Якуда Бодыбаев ерте сауаттану жолымен 1937 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түскен. 1941 жылы училищені оқып тәмамдаған жыл тарихта таңба болып қалған сұрапыл ошақтарының әр жерде тұтануымен тұспа-тұс келеді. Әлбетте, енді ғана оқу бітірген жас алдыңғы қатардағылардың бірі болып әскерге шақыртылып, Алматы қаласында әскери дайындықтан өтеді. Сол жылдың жазы біздің халқымыз үшін ауыр, сұрапылдың басталуымен есте қалған еді. Майданның алғашқы күнінен бастап қолға қару алып, сап түзегендердің қатарынан көрінген жерлесіміз соғыс аяқталып, Кеңес үкіметі толықтай жау тылынан азат етілгенге дейін қызу ұрыс даласында болады. Генерал Ерошенконың дивизиясында болып, кескілескен ұрыста ерлігімен көзге түсіп жүреді. Одер өзенін кешіп өтіп, Бреслав қаласын, Польшаны, басқа да ірі қалаларды аман алып қалу жолында жан аямастан шайқасқан. ҰОС жылдарында көрсеткен ерлігі үшін Сталиннің марапатына ие болған.
Соғыс енді аяқталды ма дегенде майдангердің басына қиын іс туып, минаға түсіп, бір аяғынан айрылады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы келген өледі» демекші, қараңызшы, бұл неткен өкініш. Соғыс аяқталып, аман есен, елге қайтамыз ба дегенде, дәл 1945 жылдың 8 мамыр күні оқыс жағдай орын алады. Жеңіс күнін атап өту күнінде мина басып, бір аяғын құрбан етеді. «Бастан құлақ садақа» дегендей, төрт жыл бойы жаумен ұрыста кескілескен азаматтың бұл жағдайдан меселі қайта қоймайды. Дегенмен, өмір бойына мүгедек болып әрі бұл жағдайдың дәл жеңіс күнімен тура келгені жайдан-жай емес секілді.
Майдангер соғыс даласынан оралғаннан кейін де мүгедектігін алға тартып, құр қарап отыруды жөн санамаған. Керісінше әр іске белсене кірісіп, ұлтымыздың қайта ұйысуына, ауыл тұрмысын өркендету мен ұрпақ тәрбиелеу, халық шаруашылығын қалпына келтіру бағытында парторог, депутат, бас есепші секілді қызметтерді атқарған.
Ержүрек батыр атанып, ел арасында үлкен беделге ие болған Якуда Бодыбаевтың Ұлы отан соғысы жылдарындағы еңбегі елеусіз қалмаған. Екі рет «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңуге атсалысқаны үшін», «Октябрь» ордендерімен марапатталғанын айта кету орынды.
Мақаламыздың кіріспесінде кейіпкеріміздің ұрпақтары туралы бір шолып өткен едік. Енді нақтылай тоқталсақ. Якуда Бодыбаев Үмбігүлсім Бодыбаевамен отау құрып, бақытты отбасы болған. Үмбігүлсім ана – жеті құрсақ көтерген «Күміс алқа» иегері. Сондай-ақ соғыс жылдары майдан даласын азық-түлікпен, басқа да өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауылдағы еңбек көркін қыздырған тыл ардагері екенін айта кеткеніміз жөн. Осындай ерлігі елге үлгі, ұрпаққа аманат болған жандардың отбасында тәрбиеленген ұл мен қыз тәлімді тәрбие алып, бүгінде өз алдына шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітіп отыр. Ұлдың үлкені Сақтаған – трактор айдап, кейін күріш жинау науқанына атсалысып жүрген еңбек адамы. Қонысбек пен Нұрлан да ауыр көлікті тізгіндеп, механик, механизатор мамандықтарын атқарып жүр. Бауыржаны АҚШ-тың Чикаго қаласында механик болып абыройлы жұмыс жасауда. Ал Асқар болса Құмкөл-Мұнай компаниясында жұмыс істейді. Ұлдардың барлығы техникалық мамандықты игерген. Ал майдангерлер жанұясындағы қыздың үлкені Шара есепші мамандығын игеріп, бүгінде құрметті еңбек демалысында. Ал Ақкенже медицина саласын таңдаған, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұрады. Бүгінде майдангердің ұрпақтары түрлі салада, ел әлеуетін асыру жолында елеулі еңбек етіп келеді. Ұл-қыздарының алды – зейнет демалысында, немере-шөберелері – азамат. Олар ел үшін қасық қаны қалғанша жан аямай күрескен аталарының есімін кейінгі ұрпақ мәңгілік жадында сақтаса деп тілек етеді. «Ел үмітін ер ақтар, Ер есімін ел сақтар» деген. «Сыр елінің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңіс туын желбіретіп, еліміздің бүгінгі егемендігіне елеулі үлес қосқан азаматтың атына көше берілсе, ол көше жеңістің мәңгілік жаршысындай жарқырап тұрса, артық болмас еді» дейді майдангердің ұрпақтары.
– Якуда Бодыбаевты нағыз тарихи тұлға деп айтуға негіз бар. Кескілескен сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, қан қақсаған майдан даласында ерліктің үлгісін көрсеткен майдангер. Жалындаған жастық шағының қаншама жылы сұрапыл арасында өтсе, соғыс жанына салған жара өмірінің соңына дейін жазылған емес. Бір аяғын құрбан қылып, елге мүгедек болып оралды. «Аман-есен елмен қауышқаным – олжа» деді арда азамат қаймықпай. Кейін аудан экономикасы мен әлеуетінің дамуы жолында еңбек етті. Өзі шапшаң, сөзі нық, ерек туған азамат еді. Көпбалалы жанұя атанып, көпке сыйлы, елге үлгілі отбасы болды, – деп пікір білдірді ауданымызға белгілі азамат А.Құлбаев.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ