Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түрксіб қалай салынды?

Түрксіб қалай салынды?

Түрксіб деген атпен белгілі Түркістан мен Сібірді, яғни оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын теміржол жобасының идеясы 1896 жылы патша өкіметі кезінде туған. 1906 жылы Барнаул – Семей – Верный – Пішпек – Меркі – Луговой – Арыс теміржол құрылысына арнайы қаржы бөлінеді.

1914 жылы Ресей Теміржол ми­нистрлігі қазақтан шыққан тұңғыш ин­женерлердің бірі Мұхаметжан Тынышбаевты Арыс – Пішпек те­мір­жол жобасының басшысы етіп тағайындайды. 1917 жылы төңкеріс бұрқ ете қалғанда теміржол құрылысы Бурное стансасына жеткен еді. Кейін жұмыс жалғастырылып, 1924 жылы Луговой –Пішпек желісі іске қосылды.

Тоқтап қалған жобаны сол кезде жұлдызы жарқырап тұрған Тұрар Рысқұлов қайта жандандырады. Ол 1926 жылы Ресей Халық комисарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып Мәскеуге барысымен Түркісібті салуды қолға алды. Бұл істі ұйымдастыру үшін Түркістан – Сібір теміржолын салуға жәрдемдесу комитеті (КомСод) құрылып, Т.Рысқұлов оның төрағалығына бекітілді. Орталықтан қажетті қаржы, жұмыс және техника күші бөлінді. Түрксіб темір жолының Қазақстанның экономикалық күш-қуатын арттырудағы қажеттілігін жете түсінген Тұрар Рысқұлов 1924 жылдан бұл желінің ерекше  маңызына айрықша назар аударып келді.

Жалынды Тұрар 1927 жылы Луго­войға келіп, жиын өткізіп, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Түрксіб құрылысы екі жақтан, Семейден, оң­түстікте Луговой стансасынан бас­талатындықтан, жалпы құрылыстың екі басқармасы – оңтүстік және солтүстік басқармалары құрылды. Қазақтың біртуар азаматы инженер Мұхаметжан Тынышбаев оңтүстік басқармасының жобалау-іздестіру жұмыстарының басшысы қызметіне тағайындалды.

Жобаның жұмыстарын қайта жүргізу үшін 14 партия құрылып, оның алтауы – Пішпек, сегізі Семей жақтан теміржол салынатын жолды қайта қарап шығып, ескі жобаға түрлі өзгеріс пен түзету енгізді. Жобалық-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында Пішпек – Алматы арасын байланыстыратын бірнеше жоба жасалады. Қордай жобасы – Луговойдан шыққан теміржол Пішпек – Қордай – Отар – Алматыны жалғайды. Ал Шоқпар жобасы – Луговой – Шу  – Шоқпар – Отар – Алматы бойынша өтіп, қырғыз жеріне кірмейді.

Т.Рысқұлов басқарған арнайы комитет Түрксібті Пішпек қаласынан Қордай арқылы асыру жобасын тиімсіз, 20-30 шақырым жердің тауын бұзып, тасын жарып жол салу ауыр, мол қаржы, көп күшті талап етеді әрі қыстың боранды күндерінде қар үріп, жолды жауып тастайды деп, Шоқпар жобасына басымдық беріп, оны Луговойдан Алматыға Шу арқылы тарту жөнінде шешім қабылдады.

Түпкілікті шешім үшін, яғни Шоқпар немесе Қордай жобаларының бірін таңдауда тек мамандар ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстан басшылығы мен жұртшылығы арасында қызу талас болды. Шоқпар жобасының жеңіске жетуі 22 млн сом үнемдеуге, құрылысты мерзімінен 1 жыл бұрын аяқтауға мүмкіндік береді. Теміржол отын ретінде ол кезде маңызды сексеуілі мол Мойынқұмға жақын өтеді делінгенмен, Қазақстан мен Қырғызстан басшылығы арасындағы ымырасыз күрес орын алды. Бұл бәсекелестікте шешуші рөлді Т.Рысқұлов, С.Қожановтар атқарып, оны қазақтың пайдасына шешіп берді. Нәтижесінде бұл жоба біздің Шу стансасын аймақтағы маңызды теміржол торабы стансасына, ал Пішпекті теміржол тұйығына айналдырады.

Түрксіб тарихын зерттеген М.Пэйн деген америкалық ғалым Т.Рысқұловтың шешуші рөлі туралы: «Нәтижесінде Совнарком жанындағы Түркістан –Сібір теміржолын салуға жәрдемдесу комитеті (КомСод) құрылды, ол оның төрағасы ретінде Т.Рысқұлов бастаған Сібір өлкесі, Өзбек КСР және Қазақ КСР үкіметінің өкілдерінен тұрды. Т.Рысқұлов комитеттің теміржол бағытын салу және оны қаржыландыру, кадрларды іріктеу және жергілікті өнеркәсіпті қайта құру саясаты сияқты маңызды мәселелер бо­йынша шешуші рөл атқарды. Ол Түрксібті саяси сүйемелдеу ретінде әрекет етті», деп жазды.

Халық комиссарлар кеңесі 1927 жылдың ақпан айында Түрксіб құ­рылысын «екпінді құрылыс» деп жариялап, оны қамтамасыз ету және қаржыландыру жағынан артықшылық берді.

Түрксіб теміржолы 1930 жылдың сәуір айында Талдықорғанға жетер тұстағы Өгіз-Қорған деген жерде түйісті. 1926 жылдың желтоқсанынан 1931 жылдың қаңтар айының аралығында 1440 шақырым теміржол төселді. Со­циалистік тәсілмен Өгіз-Қорған станса­сының аты Айнабұлақ деп өзгертілді.

Құрылыстың жалпы құны 1930 жылғы баға бойынша 203,5 млн сомды құраған, яғни 1 шақырым теміржол 141 мың сом тұрған. Әрине, бұл сандардың қазіргі оқырман үшін ешқандай ма­ғынасы жоқ. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда, ол кезде Қазақстан жылына 20 млн сом шамасында салық жинайтын.

Шу стансасының негізі 1928 жылы Тоғай ауылының қасында қаланды. Оның тұрғындарын негізінен теміржолда істейтін Ресей мен Украинадан көшіп келген жұмысшылардың отбасылары құрады.

Түрксібті салудың басты мақсаты – кеңес одағының мақтаны шетелдерден сатып алуға тәуелділігін жою үшін оңтүстік республикалардағы егіс­тік жерлерді мақтаға босатып, ал ол жерлердегі халыққа қажет бидайды Сібірден, Қазақстаннан жеткізу болатын.

Түрксіб құрылысы туралы бұл ақпарат айдың бергі күн түсетін жағы, ал көлеңке жағының бейнесі қандай еді?

Ұлттық аймақтарда орналасқан ірі өндірістік жобаларды жүзеге асырғанда жергілікті кадрлар жоқ деген желеумен ішкі Ресей мен Украинадан жұмысшылар әкелу коммунистердің сүйікті тәсіліне айналды. Бұл патшалық отарлық саясаттың халықтар достығы деген жабумен қайта жандануы еді. Құрылысқа бүкіл кеңес одағынан жұмысшылар ағылып келген, бір уақытта бұл жобада 50 мыңға дейін адам істеген деген мәлімет бар. Қазақ негізінен қара жұмыспен айналысқан. М.Пэйн Т.Рысқұловтың жұмысқа қазақты тарту үшін қажырлы еңбек еткенін атап өтеді. Оның айтуы бойынша: «КомСодтың негізгі жұмысы кадр мәселесін қарастыру болды. Қазақстан жұмысқа қабылдау жөніндегі комиссариатпен күресінде Түрксіб мыңдаған қазаққа жұмыс беріп, оларды өнеркәсіптік еңбекке баулиды деген үмітпен табанды және табысты болды. Қазақты құрылыс жұмыстарына тарту қазақстандық пролетариаттың нативициясы бойынша ең маңызды проблема болып табылды. Теміржол құрылысы шеткері аймақта жергілікті тұрғындардан жұмысшы табын құруға мүмкіндік береді және көшпелілердің отырықшылыққа көшуіне ықпал ететін болады. Құрылыс үшін он мыңдаған қара жұмысшы қажет болғандықтан, қазақтың едәуір санын жинаған жағ­дайда Түрксіб жергілікті құрылыс кадр­ла­рының корпусын жылдам құру перспективасын берді».

Жергілікті билік алып құрылыс қазақ социалистік пролетариатының, яғни жұмысшы табының қалыптасуына септігін тигізеді деп күткенімен, кеңес одағының Наркомпуть министрлігі жұмысшылардың 75 пайызын ішкі Ресейден әкелуді ұсынды. Құрылыс жұмыстарына жергілікті қазақты тарту өте тартысты өтті. Орыс жұмысшылар өз біліктілігімен бөліседі, қазақ пролетарлар табы қалыптасады деген үміт ақталмады. Жұмысқа алынғанның өзінде де қазақ еңбекшілері жер қазу, тас сындыру секілді тек ауыр да қара жұмысқа тартылды. Ресейдің ішкі жағынан келген орыс жұмысшылары басқа тілде сөйлейтін, діні басқа көшпелілермен өзара түсіністік орната алмады. Қазақ жұмысшылары кәсіподақ, кооперативтерге кіргізілмеді. Олар жұмысты артель түрінде атқарды. Артель басында орыс бригадирлері тұрды. Қазақ жұмысшылары үшін жергілікті ауа райы үйреншікті, қиындыққа төзімді, тапсырылған жұмыс көлемін талап етілген мерзімде орындағанымен, оларға жалақы уақтылы төленбеді, қол көтеру, табыстарын иемденіп кету фактілері орын алды, олардың арыз-өтініштері мүлдем қаралмады.

Кеңес өкіметі өндірісте алғаш рет пайда болған қазақ жұмысшыларының одан да көптеп келуін қамтамасыз ету мақсатында оларға Қызыл армия ардагерлері, жас жұмысшылар мәрте­бесін берді. Бірақ ұлттық азшылықты өздерінен кем санайтын орыс жұмыс­шылар қазаққа берілген жеңілдіктерді кірпідей жиырылып теріс қабылдады.

Кеңес өкіметінің «жергіліктендіру» сая­сатына сәйкес алып құрылыс жұ­мысына қатыса бастаған қазақ ең­бек­шілеріне басқа ұлттардың өш­пенділігі адам айтқысыз еді. Олар кем дегенде қазақпен сөйлескенде дөрекі, боғауыз сөздерді қолданып, шектен шыға ас­тамшылық көрсететін. Орыстың ең сүйікті істерінің бірі – асханаларда шош­қаның майын қазақтың аузына, ал­дындағы нанына кенеттен жағып жіберу болатын.

Шетелдік ғалым М.Пэйн: «Қазақ үстірт мұсылмандар саналғанымен, діни шектеулерді бұлжытпай ұстанатын. Қазақ үшін доңыз етін жемеу мұсылман болып қалуды білдірді. Бұл өз болмысын сезінумен тікелей байланысты еді», деп әділ жазды.
Қазақ жұмысшылары бірден проле­тариатқа айналып кеткен жоқ. Олар ата дәстүрі бойынша мініс ат, тазы ұстауға тырысты. Мас орыс тарапынан тазы иттердің құйрығын кесіп, аттарын далаға айдап жіберу оқиғалары орын алған.

1928 жылдың 31 желтоқсанында Түрксібтің Сергиополь тармағында үлкен ұлтаралық қақтығыс орын алды. Жұмыс орындары үшін қазақпен бәсекеге түсуге, өз мамандықтарын үйретуге наразы 400-ге жуық орыс жұмысшылар көздеріне түскен кез келген қазақты ұрып-соға бастайды. Олар бұдан бұрын қазақ жұмысшыларына өз мамандықтарын үйретуге үзілді-кесілді қарсы шыққан еді. Олар аборигендерді, яғни жергілікті тұрғындарды жек көрді және олардан қауіптенді. «Қазақты қазақ болғаны үшін емес, еуропалықтар болмағандығы үшін жек көрді», деп көрсетеді М.Пэйн.

Жергіліктендіру саясатына сәй­кес қазақтың Түрксібтегі жұмыс орын­дарының кем дегенде жартысын құрауға қақысына қарамастан, құрылысты жүргізушілер үкімет нұсқауларының жүзеге асуына барынша кедергі жасады. Құрылыс барысында жұмысшылар ғана емес, жобаның әкімшілігі тарпынан осындай расистік көптеген іс-әрекет орын алады. Қатаң шарасыз ұлтаралық араздықты тоқтату мүмкін еместігін түсінген билік Сергиополь бүлігін бастағандарды өлім жазасына кесті.

Түрксіб құрылысы индустрияландыру, ұжымдастыру және тап кү­ресінің қолдан күшейтілген ке­зінде, зиянкестерді, буржуазиялық ұлт­шыл­дарды қуу ұран­дарымен жүзеге асы­рылды. Қазақ халқы Түрксіб және оның құрылысына қазақ табиғатына жат, бөтен, бейтаныс дүние ретінде қарағанымен, сол жылдары күшпен жүргізілген ұжымдастыру және күш­­теп отырықшылыққа кө­шіру, жоқ­шылық, алдағы аштық қаупі қа­зақтың кедей топтарының құрылысқа келуіне үлкен әсер етті және түрткі болды. «Құ­дай жүгіртпеген сиырды бұзау жү­гіртеді» дегеннің кебі осы шығар?

Құрылысқа негізінен жатақтар және малы жоқ қазақ кедейлері ағылып келді. Сол кездегі статистика олардың көпшілігі 30-дан аспаған, үштен бірі 20-дағы қазақ жастары еді. Ғайыптан жұмысшылар арасында әшкереленген бай балалары тап жауларын қуу науқанының шеңгеліне ілікті. Көшпелілердің «Қосшы» кооператив қоғамы республиканың ең алыс түкпірлеріндегі қазақ жастарын құрылысқа тартуға күш жұмсады. Сергиопольдегі ұлтаралық қақтығыс кеңестік билікке тап жауларына қарсы күресті күшейтуге сылтау болды. Атаман Дутовтың құйыршықтары, ақгвар­дияшыларды іздеумен қатар бай-молда тұқымдарын әшкерелеу науқаны қоса жүргізілді.

Екінші жағынан, қазақ жұмыс­шы­ларының ауыр жұмыс үшін аз ақы алуы, тұрмыстық жағдайын жақсартуды талап етпеуі, кәсіптік жағынан бола­шақтарының бұлыңғырлығы Түрксіб құрылысының басшыларына қаржы үнемдеуге мүмкіндік бер­ді. Қазақ еңбекшілерінің сондай нашар тұрмыстық жағдайларға шыдауы олардың бұрын одан да қиын өмір сүр­гендіктерімен, сіңірі шыққан кедейлер арасынан шыққандықтарымен түсіндірсе болады.

Басқа ұлт мамандары қазақ нашар жұмысшылар, олардан пролетариат шықпайды, құрал-жабдықтармен жұмыс істей алмайды, шай ішуге көп уақыт жұмсайды және т.б. деп көпе-көрінеу теріс баға берді. Қазақ бригадалары ең ауыр жұмысқа жегілді, орыс жұмысшыларынан үш есе кем жалақы алды. Өздерінің заңды құқықтарын білмеген сауатсыз қазақ жұмысшылары алаяақтардың жемі болды.

Қазақтың өндіріске тез енуіне олардың орыс тілін жете білмегендіктері де кедергі келтірді. Т.Рысқұловтың қа­зақ жұмысшыларына қажетті құ­ралдарды беріп, оны меңгеруге уақыт берсе, олардың еңбек өнімділігі орыс жұмысшыларымен теңеседі деген тұжырымдамасын Атбасар түрлі түсті металдар зауытының құрылысы кезінде дәлелденген еді. Қазақ жұмысшылары бір-екі айдың ішінде білікті жұмысшылар деңгейіне көтеріле білген.

Т.Рысқұловтың тікелей араласуына қарамастан, Түрксіб құрылысына тартылатын жұмыс күшінің 50 пайызын жергілікті қазақ құрауы керектігі туралы бұйрық іс жүзіне асқан жоқ. Ста­тистикалық мәлімет бойынша қазақ жұмысшылар жалпы жұмыс күшінің Түрксібтің солтүстік бөлігінде ең көп дегенде 26 пайызын, оңтүстік бөлігінде 20 пайызын ғана құраған.

Құрылыстың соңына қарай Түрксіб қызметкерлерінің арасында басшылық мансаптарында бар болғаны 145 оқы­ған қазақ жұмыс істеді. Бұл барлық басшылық қызметкерлерінің 5 пайызы ғана еді. Олардың 25-і жоғары мансаптарды иеленді. Техникалық персоналдың 8,2, әкімшілік қызметкерлерінің 8,7 пайызын қазақ құрады.

Қазақ жастары білікті жұмыс­шы­лардың деңгейін де, жоғары техни­калық мамандықтарды да жылдам игере алатындықтарын көрсетті. Аштық апатынан қазақ санының кеміп, рес­публика тұрғындарының 35 пайызын құрағандығына қарамастан, елдегі өнер­кәсіп жұмысшыларының 41 пайызы қазақ жұмысшыларынан тұрды.

Түрксіб теміржолы жобасы 1926 жылдың соңында басталып, 1931 жыл­дың қаңтар айында іске қосылған кезге дейінгі аралықта Қазақстанда түбірлі өзгерістер орын алды. Байлар тап ретінде жойылып, ұжымдастыру халықтың бұрынғы өмір сүру салтын бұзып, көптеген ауданда азық-түлік жетіспеушілігі орын ала бас­тады және ашаршылық 1932–1933 жылдары Шу бойында қаһарына мінгенде осы жолмен әрлі-берлі жүйткіген отарбалар жергілікті халықты құтқару үшін бір қап бидай да әкелген жоқ.

Түрксіб теміржол құрылысын сөз еткенде Шу стансасынан Мойынқұмға сұғына салынған ұзындығы 230 ша­қырымдық «узкоколейка» туралы айта кету керек. Жергілікті кадрлар осы те­мір­жол бағытын ұзақ жылдар бас­қарды.

Мойынқұм құмдарындағы теміржол 1928-1956 жылдары жұмыс істеді және сексеуілді әкетуге арналған жоба болды. Құмда сексеуіл қирату бұрын-соңды болмаған ауқымда жүзеге асырылды. Тракторлар жұппен жүрді, артынан ауыр шынжыр сүйреп апарды. Сексеуіл тамырымен жұлынып, шұңқырлар қалды. «Узкоколейкада»  тот басқан рельстер, шіріген шпалдар сақталған.

Қорытындылай келе, Түрксіб теміржолының басқа бағытта емес, Шу арқылы өтіп, Шоқпар асуынан әрі қарай Алматыға бет алуына Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев, С.Қожановтардың ықпалы зор болған. Бұл азамат­тардың Шу вокзалында кем дегенде барельефтері тұруы керек емес пе?

 
Қайрат Сәки,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
23 тамыз 2023 ж. 184 0