Тереңөзек тарихы немесе немесе теміржол бекеті жайлы үзік сыр
Жақында Тереңөзектің тарихы жөнінде талқылау болып, ауданның рухани-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінде ұзақ жылдар еңбек еткеннен кейін қолға қалам алдым. Бізден де бұрын аудан тарихын зерттеп, кітаптар шығарып, тарих қазынамызды зерделеген Тынышбек Дайрабай да бұл мәселеге пікір білдіріпті. Біздіңше, тарихты бұрмалау – «қылмыс». Өйткені, ел-жұртты адастыруға болмайды.
Әуелі Тереңөзектің тарихына, кенттің кент болып негізі қаланып, іргесі бекуіне тікелей қатысы бар теміржолдың қалай, қашан салынғанына үңілуіміз қажет. Ол үшін тарихи маңызы бар оқиғаларды ой елегінен өткізуге тура келеді.
Патшалық Ресей өкіметі Қазақстан мен Орта Азияны отарлауды жүргізіп жатқан мерзімде Англия мемлекетінің 1878 жылы Кабул мен Кандагарға кіруі Ресей империясы үшін күтпеген төтенше жағдай болды. Себебі Ресей Қазақстан мен Орта Азияны толық билей алмай тұрған тұста Британия империясы ту сыртынан келіп өз ықпалын тигізуі мүмкін еді. Сондықтан бұрын қатынас жолы түйе керуені болғандықтан тез арада теміржол құрылысын жандандыру жолға қойылды. Қазақстан мен Орта Азияны түпкілікті отарлап, байлықтарын Ресейге тез жеткізіп әрі талан-таражға түсірмеу мақсатында жол құрылысы күн тәртібінен түскен жоқ. 1889 жылғы үкіметтік кеңесте әскери министр, генерал А.Курапаткин Орынбор-Ташкент теміржол құрылысын бастау керектігін көтерді. Ұсыныс бойынша 1900 жылы темір жол құрысын жүзеге асыруға шешім қабылданды. Осы құрылыстың жауапты инженерлері болып Урсати мен Вяземский бекітіліп, жүз отыз миллион рубль қаражат бөлінеді және жұмыстарды қысқа мерзімде, яғни 1906 жылға дейін аяқтау міндеттеледі. Әскери министр А.Куропаткиннің бұйрығына сәйкес жергілікті халық теміржол қызметіне жақындатылмай, олар тек топырақ, шпал, рельс тасу секілді қара жұмысқа жегіледі.
Тарихтан белгілі өзіміз өмір сүріп жатқан алқап шалқыған айдын шалқар су болғандықтан халық Тереңөзекті сол кезде «Көк су» деп атаған. Су жиегінде биіктігі кісі бойынан асатын қалың жынысты қамыс болған. Ішінде жолбарыс жорытқан. Ал қыстағы қатты аяз, қара суық жел, жаздағы аптап ыстық жол салушыларға өз кедергісін келтіреді. Алайда көптің аты көп, жұмыс уақытында орындалған.
Атап өту керек, Тереңөзек бекеті аумағындағы Сырдың арғы бетіндегі адамдар темір жол құрылысына атқарған жұмысына ақы төлейді дегенді естіп, көбірек келе бастаған. Олардың атқаратын қызметі жер қазу, топырақ тасу, шпал салу, жүк тиеу секілді ауыр жұмыстар болған. Бұл жайлы 1902 жылдың 15 қаңтарында «Искра» газетінде жазылған. Басылымда 1901 жылы жол жұмысына жергілікті халықтан 4 мың адам атсалысқаны, 1902 жылдың мамыр-маусым айында 17 мың жұмысшы қабылданғаны, ал 1903 жылы 30 мың жұмысшының қызмет еткені жазылған. Теміржолдан бөлек 1905 жылы Тереңөзек станциясының құрылысы басталады. Мамандар теміржол құрылыстарына қажетті кесек пен қышты осы маңнан дайындатқан. Қыш дайындайтын зауытта еңбек еткен тұрғындар қыш күйдіру әдісін үйренген. Ел ішіндегі ауқаттылар қыш күйдіру әдісі мен өруді үйренген шеберлерді үй-жай, дүкен салу үшін пайдаланған. Мысалы №7 бекеттегі «Қалжан ахун» мешіт-медрессесінің құрылысы осы станция үйлерінің үлгісінде орындалғаны көзі қарақты кісіге көрініп тұр. Мұнан бөлек Қараөзек бойында сол Қараөзек болыстығын 20 жылдан астам басқарған осы өңірде 1848 жылы дүниеге келген Сауранбай Кұлмановтың осы теміржол құрылысына сіңірген еңбегі орасан зор болған. Атап айтар болсақ, №8, 9 бекеттерін, Қараөзек стансасында су құбыры мұнарасын, станса әкімшілік үйлерін салу жұмыстарымен қоса бүгінде «Сауранбай көпірі» аталып кеткен «Өгізкеткен» өзегін сақтап, үстінен көпір салу үшін жеке өзі 300 түйе беріп, теміржол көпірін салдырған. Мұның бәрі тарихи құжаттар мен естеліктер арқылы бізге жетіп отыр. Яғни Тереңөзек станциясы салына бастағаннан осы маңға ел қоныстанып, кенттің негізі қаланып, іргесі бекіген. Алғашқылардың бірі болып ошақты руының өкілі Аталық деген кісі өзінің 10-15 үйдей ағайын-туысымен бірге келіп орналасады.
Ал 1906 жылы Тереңөзек станциясында 70-ке жуық жұмысшы еңбек еткен. 1912-1913 жылдары Вагилин атты орыс азаматы дария мен көлдерден жергілікті халыққа балық аулатып, оны қабылдайтын пункт ашып, қабылданған балықты тұздап, ыстап пойызбен Ресей базарына жіберіп отырған. Станция үйлері дайын болғанда станция қызметкерлерін көшіріп әкеле бастаған. Олар тек орыс азаматтары болған. Орыс тұрғындарының үйлері теміржол станциясының солтүстік батыс бөлігінде орналасқан, оған осы күнге дейін сақталған бейіттері дәлел. Тереңөзек теміржол станциясы өз қызметін атқара бастауына байланысты халық саны да арта түсіп, өзбек, татар, орыс саудагерлері көптеп келе бастайды. Жергілікті халықтан мал еті, тері, жүн өнімдерін арзанға сатып алып, сыртқа осы темір жол арқылы сатып, мол пайдаға кенеліп отырған. Сонымен бірге сол кезде «Қаба» сақалды орыстар балық аулаумен айналысады. Тұрғылықты халық оларды «Уральский» деп атаған. Тереңөзекте алғашқы болып қараша айында қазақ балалардың сауатын ашқан ұлты татар Бари Нигмет атты ұстаз. Ол кісіден білім алған Жүсіпбек Бекжанов, Есенбай Арысбаев, Әли Ахметов, Есенбай Байсалбаевтар елінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан азаматтар болды.
Құрметті оқырман, осыдан 115 жыл бұрын осы бүгінгі Тереңөзек кенті орнын шалқыған су болғанын жоғарыда айттым. Сол суға қарамай теміржол құрылысы жүріп, құрылыста мыңдаған боздақтар еңбек етті. Теміржол станция ғимараты мен су мұнарасы сол заманды еске түсіріп, тарихи құрылыс нысандары ғасырдан астам уақыт бұрынғы қажырлы еңбекті біздерге жеткізіп тұр. Бүгінгі мақаланы белгілі этнограф-тарихшы, академик, профессор Тынышбек Дайрабайдың пікірімен аяқтағанды жөн көрдім.
– Тереңөзектің кент ретінде, адам қоныстанған, болашағы бар аумақ ретінде негізі 1906 жылы қаланған. Орынбор-Ташкент теміржолы салынған уақытта іргесі бекіген кенттің биыл 115 жылдығы. Қазіргі Сырдария ауданында 13 ауыл болса, оның 10-ы дарияның арғы бетінде, 3-і ғана бергі бетінде орналасқан. Тереңөзектің ауданның орталығы болып тұруы осы теміржолға тікелей байланысты. Сондықтан кент тарихын тарылтпай, 115 жыл деп айту қажет, – дейді Тынышбек Майлыбайұлы.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет саласының үздігі,
«Сырдария ауданының Құрметті
азаматы», өлкетанушы