Тарихи орыннан жәдігерлер табылуда

Осыған дейін жүргізілген қазба кезінде Қышқала қала жұртында бірнеше әлеуметтік және қоғамдық маңызға ие ғимараттардың орындары ашылған болатын. 2021 жылы толық ашылған алғашқы нысан (Қазба І) Жошы ұлысында беделді орны бар мұсылман ақсүйектің қабірі басына тұрғызылған кесене болып шықты. Оның жобасы мен сәулеткерлік ерекшелігі, құрылыс материалдарының арнайы түрлері мен құландысынан табылған түрлі мақсатта пайдалану үшін арнайы жасалған кірпіштер, тақталар және жапсырмалар оның төбесі күмбезделіп жабылғандығын білдіреді. Ал бетіне кесіп салынған тамаша өрнегі бар тақталар, сырлы кірпіштер мен мазайка, майолика бөліктері кесененің қас беті мен қабырғаларының белгілі бір бөлігі көркем безендірілгендігін байқатады. Құрылыс материалдары мен оны безендіру нақыштары, сәулеткерлік сипаты кесененің ХІІ-ХІV ғасыр аралығына жататындығын көрсетті. Осы уақытқа дейін жобасы мен құрылыс материалдары, қас бетін безендірген өрнектері Қышқаладағы кесенеге ұқсас Алтын Орда дәуірінің кесенелері Батыс, Солтүстік, Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан табылып, зерттелген.

2022 жылы қаланың қарапайым тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, материалдық мәдениеті мен әлеуметтік деңгейі жайлы мәлімет жинау мақсатында Қышқала қала жұртының орта тұсына қазба салынды. Қазба барысында үлкен тұрғын үй ғимаратының орны ашылды. Екі бөліктен (батыс және шығыс) тұратын кешенді қазу кезінде мыс теңгелер мен қоладан жасалған бір қарағанда білезікке ұқсас қола бұйым табылған болатын. Сол бұйымның шыққан жері мен уақытын анықтауға мүмкіндік беретін оның сыңары табылды. Киіз үйге ұқсас Рух деп аталатын мыс құты 1250 жылы, қола құты және оның ұқсас сыңары (аналогия) Францияның Лимож қаласында жасалыпты. Сыртында INS (ИСА) деген жазуы бар, ақ және көк түстермен инхрустацияланып, алтын жалатқан құты осы күнге дейін М.Фридсманның жеке қорында (коллекция) сақталған екен. Тағы бір бөлмеден мыс және қола теңге алынды. Мыс манета Ресейлік нумизмат Н.П.Петровтың анықтауы бойынша ХІV ғасырда Баршынкентте соғылғаны. Ал ортасында тесігі бар қытай монетасы (қола) ХІ ғасырда айналымда болғаны арнайы деректерден мәлім болды. Мамандардың айтуынша осы монета өте аз данамен соғылған және ұзақ уақыт айналымда болған.

Жазба деректерде келтірілген мәліметтер мен біз жүргізген қазба кезінде табылған материалдар Қышқаланың сол Баршын (Парчин) екендігін және қаланың ХІІІ ғасырда ірі сауда орталығы болғандығын растайды. Баршынкенттің діни және рухани орталық болғаны жайлы шығыстың ғұламаларының бірі Жамал Қарши де айтқан. Мен «Барчкандқа (1273-1274) садырлардың садыры, мұсылмандық құқықты уағыздаушы, Құранды түсіндіруші ұлы ғалым Хусам ал-милла ва-д-дин Абу-л-Махамид Хамиду ибн Асиму ал-Асими ал-Барчинлигтан дәріс алуға келдім» деп жазады Ж.Қарши.
Соңғы жылдары жүргізілген қазба жұмыстары барысында ашылған ғимараттар мен табылған археологиялық материалдар қаланың Жошы ұлысының Сыр бойындағы ірі сауда орталығы ғана емес рухани киелі орны болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар Қышқала жазба деректерде Парчин, Барчин, Баршынлыг, Барчкант деген атаулармен кездесетін тарихи қаланың орны болғандығын растайды. Қазбадан табылған монеталар мен заттай деректерді сараптау, арнайы алынған сынамаларды зертханалық сараптамадан өткізу нәтижелері қаланың ХІ-ХІV ғасыр аралығында өмір сүргендігін білдіреді.
Д.Талеев,
Әлкей Марғұлан атындағы
археология институтының
жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты
Әлкей Марғұлан атындағы
археология институтының
жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты