Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қышқаланың» құпиясы

«Қышқаланың» құпиясы

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры М.Елеуов бас­­қар­­ған «Университет археологиялық экспедициясы» Қыш­төбе («Қышқала») қала жұртын 2018 жылдан бері зерттеуде. Экспедиция құрамында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Ә.Талеев, ҚазҰУ-дың докторанттары И.Құрманиязов, А.Молдахмет және ЕҰУ-дың докторанты С.Есен бар.

Өткен 4 жазғы маусым барысында жүргізіл­ген зерттеулер нәтижесі қаланың өмір сүрген уақыты, тарихи атауы, осыған дейінгі зерттелу жағдайы және еліміз тарихында алған орны жайлы дәйекті мәліметтер берді. ХІІІ ғасырда осы өңір арқылы өткен елшілер П.Карпини, К.Гандзакеци және ортаға­сырлық тарихшы-ғалым Жамал Қаршидің жазбаларында айтылатын Бархим, Парчын, Барчкант кезінде Ә.Марғұлан Алпамыс батыр­дың жары Гүлбаршынның есімімен байланыс­тыр­ған Баршынкент қаласы осы «Қышқала» екендігін жүргізілген археологиялық зерт­теу­­лер толы­ғымен растап отыр. Қазба жұмыс­­тары барысында қаланың бірнеше маңыз­­ды қоғамдық ғимараттары мен жер­леу ескерткіштерінің қираған орындары (Кесене, сауда орталығы, қыш күйдірген пеш, т.т.) ашылған болатын. Ашылған нысан­дардың сәулеткерлік сипаты мен олардан табылған заттай деректер мәліметі «Қышқаланың» осы өңірінде ХII-ХIV ғғ. аралығында өмір сүрген сауда және мәдени ірі орталық қала болғандығын көрсетті. 2018-2019 жж. қазылған кесенеден алынған адам сүйегіне Ресей ғылым академия­­сына қарасты Уфа тарих, тіл және әдебиет институтының Антропологиялық реканструкция зертханасында антрополог А.Нечвалода жасаған сараптамасы бойынша алынған адам қаңқасы 40 жас шамасындағы ер кісіге тиесілі екендігін анықтады. Ұлыбритаияның Белфаст қаласындағы «Chrono-14» зертханасында жүргізілген радоикөміртектік сараптама нәтижесі мәйіттің жасы орташа есеппен 1359 жыл деген қорытынды жасады. Ал бас­ты қазба қоғамда өзіндік дәрежесі болған, зия­­­лы азаматқа арналып тұрғызылған кесененің қас бетін безендірген кесіп салынған тамаша өрнектері бар тақталар мен түрлі-түсті мазайкалардың аналогиялары да осыған дейін ғылымға белгілі болған Аралдағы Кердері, Ақмоладағы Жәнібек-Шалқар, Солтүстік Қазақстандағы Қызылоба кесенелері мен Украинаның Запорожье облысы Конские горы қалашығындағы Алтын Орда дәуірі мешітінен кездесті. Қызылоба кесененің жерлеу қабіріндегі мәйіттің қасынан табылған екі күміс монетаның бірінде оның соғылған уақыты (х.б. 737 – яғни 1337 ж) сақталған. 2019 жылы ІІ қазбадан табылған қола тиын ресейлік нумизмат Петровтың анықтауы бо­йынша Жошы ұлысына тиесілі. Осының бәрі біз зерттеп жатқан қала орнының (Баршынкент) ХІV-ХV ғғ. Алтынорда мемлекетінің аса бір маңызды сауда, мәдени және рухани орталығы болғандығынан көрсетеді.

Жазба деректер мәліметтері мен осыған дейін Сыр өңірінде зерттеу жүргізген археолог мамандардың жазып қалдырған ой-пікірлерін ұштастыру «Қышқаланың» әйгілі Баршынкент қаласының орны екендігін расқа шығаратын мәліметтер беруде.

Осы жылы қала тұрғындары мекендеген тұрғын үйлер шоғырланған орамына қазба салынды. Қазбаның мақсаты қарапайым қала тұрғындарының шаруашылығы, тұр­мыс-тіршілігі, қоғамдық қатынастары мен әлеу­мет­тік тіршілігі жайлы, осы жердегі сауда, қол өнері, мәдениеттің дамуы жайлы жан-жақты мәлімет жинау. Сондай-ақ халық­тың негізгі кәсібі, күн көріс көзі, руха­ни дүниесінің дамуы жайлы да дәлелді материалдар алу. Осындай мақсаттармен қазбаға алыс, жақын шет елдік мамандарды да шақырып, олармен тәжрибе алмасу, шет елдік технологияны зерттеуде кеңінен қолдану болып отыр. Осы мақсатпен «Қышқалада» бірлесіп зерттеу жүргізуге Италияндық ғалымы Ренато Сала мен белгиялық ғалым Деом Жан-Марк шақырылды. Олар қаланың суландыру жүйесі мен қорғаныс құрылыстарын зерттеуді бастар кетті. Көп ұзамай зерттеудің нәтижелері де анықталары хак.

Қазақстанда қала мәдениеті дамуының куәсі саналатын, Қызылорда облысындағы ерекше тарихи мұра, киелі мекен «Қышқаланы» (Баршынкентті) жалпы жұрт­қа жарнамалау мақ­­са­­тында жергілікті өлке­тану­шылар Жұмабай Бай­зақ пен Қоғалыкөл ау­ылындағы №44 орта мек­­тептің тарих пәні мұғалімі Қожаназарова Улпат Сембекқызын да қазба жә­не барлау жұ­мыс­­тарына қатысуға ша­қыр­­­­дық. Қазбаның алғаш­қы күндерінен бас­­­тап нә­тижелер көңіл тол­тырарлық. Жер бетіне жақын жоғарғы қабатта болған бірнеше бөлмелі тұрғын үйдің сақталып қалған қабырғалары ашылып, бөлмелердің еденінен сыпа, ташнау, тандыр-ошақтың орындары мен Алтын Орда дәуіріне жататын сырлы, сырланбаған қыш ыдыс сынықтары, мыс бақыр т.б. заттай деректер табылуда. Мыс теңгенің сақталу деңгейі орташа. Мамандар оның соғылған және қолданылған уақытын анықтайды деген үміттеміз. Бетіндегі арабша жазуларын оқуға болады. Нумизмат мамандар оқығаннан кейін қаланың дәл қай уақытта тіршілігін тоқтатқанын болжауға болады. Баршынккенттің ХІІІ-ХІҮ ғғ. аралығында Сыр бойымен өткен сауда керуендері тоқтайтын маңызды қалалардың бірі болғанын қытай теңгесі юань мен аты әлемге тараған қытай фарфоры селадон кесенің сынығы куәлендіріп жатыр. Қазба жалғасуда, алда жақсы табыстар күтеміз.






Дөкей Талеев,
Әлкей Марғұлан атындағы
археология интитутының
жетекші ғылыми қызметкері
12 шілде 2022 ж. 510 0